
Өткен демалыс күндері футболдан Премьер-лига командалары 9-шы тур ойындарын өткізді. Жергілікті “Qyzyljar” клубы өз алаңында былтырғы маусымның чемпионы – алматылық “Қайратты” қабылдады.
Матч басталысымен алматылықтар белсенділік танытып, нысананы дәл көздеуге асықты. Осы команданың жұлдызы – Вагнер Лав өткен кездесуде қызыл қағаз алғандықтан, бұл ойынға қатыса алмады. Десе де, кездесудің 28-минутында Алексей Шпилевскийдің шәкірті Денис Поляков есеп ашты.
Екінші таймда ойын тізгіні де бастапқыда қарсыластардың қолында болды. Жерлестеріміз ара-тұра шабуылға шыққанымен, бұл әрекеті еш нәтиже әкелмеді. Тек матчтың 78-ші минутында “Қайрат” қақпасына бұрыштама доп белгіленді. Айып алаңына әулетіп асырған пасты Әлібек Қасым ұтымды пайдаланып, таразы басын теңестірді. Қорытынды есеп – 1:1.
Бұл турдан соң “Qyzyljar” клубы 14 ұпаймен турнир кестесінің 5-ші орнында қалды.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.