
“Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешенінде “Ұлы дала өркениеті” деген атаумен өткен көрме Жеңіс және Отан қорғаушы күні мерекелеріне арналды.
– Биыл Ұлы Жеңіске 76 жыл толады. Соғыс жылдары әрбір бесінші қазақстандық майданға аттанды. Адамзатқа қаншама қасірет әкелген бұл соғыста біздің батыр бабаларымыз ерлікпен күресті. Біздің өңірден шыққан 55 жауынгер Кеңес Одағының Батыры атанды. Оларды әрқашан мақтан етеміз. Өзге де жерлестеріміз жоғары марапаттарға қол жеткізді. Тылда жанқиярлықпен еңбек еткен аға ұрпақтың да Жеңісті жақындатуға қосқан үлесі зор. Сондықтан ардагерлердің еңбегі мен ерлігін ұмытпауға тиіспіз, – дей келе музей қызметкері Бауыржан Жүнісов көрмеге 18 ғасырларда қолданылған қару-жарақтар қойылғанын айтты.
Бүгінде мұражайда қазақ батырларының қару-жарағы сақтаулы. Олардың қоры жыл сайын жаңа жәдігерлермен толығып отырады. Мәселен, пышақтар жинағы, білтелі мылтық, қылыштың бірнеше түрі мен семсер қатысушылар назарына ұсынылды. Әсіресе, XVIII ғасырда жасалған білтелі мылтыққа көпшілік қызығушылық танытты. Түп-нұсқа қарудың ұңғысы металдан, дүмі мен сағағы ағаштан жасалған.
Шара барысында соғыс тарихына қатысты деректер жинақталған “Ерлер есімі – ел тарихында” атты стенд те көпшілік назарына ұсынылды. Қала тұрғындары мен қонақтар бұл көрмені мереке күндері тамашалай алады.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.