
Осыдан 25 жыл бұрын Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ашқан Ұлттық ұланның Әскери институты алдағы уақытта академия мәртебесіне ие болады. Осыған орай облыс әкімі Құмар Ақсақалов оқу орнында болып, құрылысы басталғалы жатқан нысандардың жобаларымен танысты.
Былтыр Әскери институттың тозығы жеткен ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Ендігі кезекте материалдық-тұрмыстық базасын жақсарту мақсатында 2,5 гектар аумақта заманауи оқу корпусының, казарманың және спорт кешенінің құрылысы басталды.
Институттың бастығы, генерал-майор Бауыржан Әбжановтың айтуынша, құрылыс жұмыстарына ел бюджетінен 9,1 млрд. теңге қарастырылған. Мердігер компания – «Оңдасын строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 350 орынға арналған казарманың құрылысын жыл соңына дейін аяқтайды. Үш қабатты нысанның құрылысына 1 млрд. теңге бөлінген. Келесі жылы 4,5 млрд. теңгеге жаңа оқу корпусы мен заманауи спорт кешен салынады. Ал 2023 жылы нысандардың аумағын абаттандыру жұмыстарына 3,5 млрд. теңге жұмсалады.
Жоспарға сәйкес барлық құрылыс жұмыстары 2023 жылдың наурыз айында аяқталмақ.
Қанат АТАМАНОВ.