“Жаутаңдап қарап дала тұр,
Көз жасын сүртіп жаңа бір.
Хабарсыз ұлын сұрауға,
Жолыңды тосып ана жүр”, – деп ақын жырлағандай, Екінші дүниежүзілік соғыс қазақ халқы үшін де ең ауыр, ең сұрапыл қанды қырғындардың бірі. Әлемді шарпыған соғыс өрті 60 млннан астам жанды жайпағанын еске түсірсек, адамзат тарихында бұдан асқан трагедиялық зұлмат болмаған шығар деген ойға келесің. Жауға қарсы кескілескен шайқастар мен жойқын ұрыстарға Қазақстаннан 1,5 млнға жуық адам қатысып, әрбір екіншісіне топырақ жат жерден бұйырды. Петропавл қаласында 314-ші атқыштар дивизиясы жасақталып, оның құрамында неміс-фашист жендеттеріне қарсы атой салған жерлестеріміздің бірі – Николай Демин. 17 жасында қолына қару алып, екі жыл бойы от пен оқтың арасында жүрген ол бейбіт өмірдің мәнін жақсы біледі. “1944 жылы көктемде Беларусь жеріне кірдік. Қираған қала-селоларды көргенде жауға деген өшпенділік пен ашу-ыза бойымызды билеп алды. Берлинге жеткенше асықтық. Латвияның Шауляй қаласын азат ету кезінде танкіміз өртеніп, ауыр жарақат алдым. Жанымдағы серігім мерт болды. Айта берсе, төбе құйқаны шымырлатар жайттарды бастан көп өткердім. Тозақ отынан қалай аман-есен қалғаныма әлі күнге дейін таңғаламын. Бақайшағына дейін қаруланған жауды өз ұясында талқандау қаhармандықтың, ерен ерліктің теңдессіз үлгісі дер едім”, – дейді Николай Иванович қамыққан үнмен.
Василий Макиенко да Отанымыздың басына қара бұлт үйірілген шақта өз еркімен майданға аттанған. Бұрын-соңды қолына мылтық ұстап көрмеген бозбала қысқа уақытта дайындықтан өтіп, елін қорғауға тас-түйін әзір кәнігі жауынгерге айналған. Көптен күткен жеңісті Балтық теңізі жағасында қарсы алған.
“Нұра топтық су құбыры” республикалық мемлекеттік кәсіпорнына қарасты “Есіл су” филиалының директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Қанат Асқаров Жеңістің 76 жылдығы құрметіне арналған жиында қос ардагерді құттықтап, олардың ерлігін жастарға үлгі етті. “Қаншама адам соғыстан оралмай ана жесір, бала жетім қалды. Қайғы-қасірет бірде-бір отбасын айналып өтпеді. Жеңісті жақындатқан жауынгерлердің қаhармандық ерліктері мен жанқиярлық қайсар мінездері жадымызда мәңгі сақталады. Жеңіс – бәріміз үшін өте қымбат. Қазақстан майданның берік тылына айналды. Аға ұрпаққа деген кейінгі толқынның алғысы зор. Сіздер батырлықтың өшпес үлгісі болып қаласыздар. Біз үшін әр ардагердің орны бөлек. Ілтипатымыз бен ықыласымыз шексіз”, – дей келіп соғыс ардагерлері Василий Макиенко мен Николай Деминнің әрқайсысына 100 мың теңгеден табыс етті. Мұндай марапаттан тыл еңбеккерлері де құр қалмады. Атап айтқанда, Зинаида Москвинаға, Николай Сазоновқа және Амалия Калгановаға қолдау көрсетілді. Сол сияқты Ауған соғысының қатысушылары Орал Өміралиевке, Ерболат Бекжановқа, Берік Әбішевке, Тұяқ Ахметовке және Берік Жәнібековке қаржылай сыйақы табысталды.
Ұжым мүшелері, жастар қатысқан алқалы басқосуда қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жанкелді Тәжин сөз алып, жиналғандарды Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 76 жылдығымен шын жүректен құттықтады. “9 мамыр – әрқайсымыздың өміріміздегі қасиетті күн. Еңселі елдіктің рухы өрлеп, жеңіс жалауы желбіреген айрықша сәт. Бір шаңырақ астына біріккен кеңес халқы өз отанын жаудан қорғап қалғанын жас буын біліп өсіп, аға ұрпаққа қарап бой түзеулері тиіс”, – десе, “Ауыл” демократиялық партиясы облыстың бөлімшесінің жетекшісі Темірғали Әбілмәжінов те жүрекжарды лебізін білдіре келіп, ардагерлерге демалыс орындарына жеті жолдама берді.
Ардагерлерді ешқашан назардан қалдырмайтын “Есіл су” кәсіпорны өңірдегі 11 ауданның және Қостанай облысындағы 2 ауданының 234 елді мекенін тіршілік нәрімен толық қамтамасыз етіп отырғанын айта кеткен жөн.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.