Ауыл дегенде алдымен әкем салған қора есіме түседі. Керемет көп малымыз болған жоқ, екі сиыр, бес-алты қой мен өзінің сенімді серігі – торы биесі үшін тұрғызған. Сол үй мен қораның арасында әкемнің көлеңкесіндей болып мен жүруші едім. Әкем марқұм өте кірпияз болды, қораны таза ұстайтын. Кейбір ауылдастарынікіндей емес, біздікінде тіпті қылау болмайтын. Ең алдымен, әкемнің осы қорасын сағынамын. Сонда өткен балалық шағымды аңсаймын.
Әкем Қайнолла Ибраев – соғыс ардагері еді. Бір аяғы тізеден жоғары кесілген, қос балдаққа таянып жүреді. Бойы биік, жауырыны қақпақтай. Қолынан келмейтіні жоқ, ағаштан түйін түйген шебер еді. Бала кезімдегі мына бір жайт әлі күнге көз алдымнан кетпейді. Бір күні ойнап жүріп ағаш аяқ тауып алдым. Көпке дейін әкемнің аяғы екен деп қорқып жүрдім, сөйтсем етік тігуге арналған қалып болып шықты. Иә, әкем етікші еді, көмек сұрап келгеннің бетін қайтармайтын. Сондайда шешем: “біреуге соңғыңды беруге барсың, бірақ өзіңнің сұрағың келмейді, мына түріңмен бір күні жалғыз торы биені беріп жібермесең болғаны”, – деп кейитін.
Аққайың ауданындағы Манғұл деген ауылда тұрдық. Ағам мен әпкем оқуға түсіп, кейін жұмысқа орналасып, үйден ерте кетті. Қыз болсам да әкемнің қасынан бес елі қалмайтынмын. Ат жексе қамыт-сайманын әкелемін, отын кессе араның бір басын ұстаймын, шөпке де, малға да мен жүретінмін. Кішкентай болсам да әкемді аяймын, аяғы ауырмасын, қиналып қалмаса екен деп жаным ашиды. Екеуміз торы биені жегіп, ауылдан бес шақырым жердегі ауданға барамыз. Орысы болсын, қазағы болсын тоқтай қалып бәрімен амандасып, қал-жағдай сұрасып жатқаны. Торы бие де соған әбден үйреніп алған, алдынан адам шықса тоқтай қалатын.
Ауылға жақын жердегі шоқ қайыңның баурайы – біздің шабындық. Шөп пен жидек бітік өскен шалғынды елдегілер Қайнолланың аралы дейтін. Алдымен мен жидегіне тойып алған соң ғана шөп шабуға кірісетін. Балдақпен жүру ыңғайсыз болса да, шөпті өзі шабатын. Мен тек арбаға артуға көмектесемін. Бірде арбаны толтырып, үйге қайтып келе жатқан кезде шөп ауып кетті. Торы бие ақылды жануар ғой, тоқтай қалды. Әкем “тррр – трлап” божыны жібермей жатыр. “Қарлығаш қалайсың, бір жеріңді ауыртып алған жоқсың ба?” – деп мені іздейді. Әкемді аяп кеттім, көзімнен жас шықса да көрсеткім келмеді. Екеуміз де қиналғанымызды бір-бірімізден жасырамыз. Ол арбаның астынан итеріп мен үстінен тартып, қисайған арбаны екеулеп көтеріп шөпті қайта арттық.
Отын аралайтынымыз да қызық еді. Қолының күші көп қарулы адам ғой. Араның бір басын ұстағаным болмаса маған салмақ түсіргісі келмей өзі аралайтын. Кейде көмектескім келіп араға күш түсірем деп қисайтып аламын. Ара жүрмей қалады. Жай ғана ұстап отыр, итерме деп әкем қайта-қайта ескертумен болады.
Әкем ауылдағы айтулы қасапшылардың бірі еді. Бәріне көмектесіп жүргені. Соғымды өзі сояды. Етті әдемілеп бұзады. Бір қызығы, қуырдақты балтамен шапқанда, ет тартқыштан өткізгендей біркелкі болып түсетін. Айта берсем әкемнің бойындағы өнері көп еді. Мүгедектігіне байланысты көбіне үйде отырды, шешем кеңшарда сауыншы болып еңбек етті.
Біздің үйде қалыптасқан бір әдет – әкеміз дәмнен алмай біз ешқашан дастарқанға қол созбайтынбыз. Қарнымыз ашып бара жатса да ол үсті-басын тазалап, жуынып-сүртініп келгенше тосып отырамыз. Шыдамай біреуіміз асқа қол сала бастасақ, әжем ағаш қасығымен қағып қалушы еді. “Тәйт әрі, үйдің иесі дәмнен бірінші болып татуы керек. Келсін әкелерің. Немене аштан өліп барасыңдар ма?” – деп жекіп тастайтын. Әкем аса сөзшең де кісі емес еді. Бірақ жұрт жиналған жерде көпшілік қолқа салса “Еңлік кебек”, “Қобланды батыр” және тағы басқа жыр-дастандарды жатқа айтып беретін. Кейде сөздерін ұмытып қалса: “Күләш-әй, қалай еді” – деп анама қарайтын. Анам болса, “Құдай-ай менде нең бар, айта берсеңші”, – деп сәл бәлденіп алады да жыр жолдарын есіне салып жібереді.
Ал үйде жалғыз қалғанда үстел басында ұзақ отыратын. Соғыс кезінде көрген бейнетін есіне алып, өзінің кемтарлығын уайымдап отыра ма деп ойлайтынмын. Соғыс жайлы білгім келеді. Сондықтан әкемді әңгімеге тартамын. Неше түрлі сұрақтар қоямын. Алайда, айтқысы келмейді. “Оны қайтесің балам, ол бір қиын кезеңдер болды ғой”, – деп күрсініп қояды да үнсіз ұзақ отырып барып әңгімесін жалғайтын. “Бізді әскерге алғанда мылтықтың, оқтың не екенін білмей бардық қой”, – деп бастады бір күні әңгімесін. “1941 жылдың басында әскерге шақырылдым. 20-атқыштар бригадасында болдым. Бірден әкеліп Волганың бойындағы соғысқа тығып жіберді. Алғашқы күндері командиріміз анау жылтылдап ұшып жатқан бізге қарай атылған оқ, содан сақ болыңдар деді. Бәрін де соғыса жүріп үйренуге тура келді. 1942 жылғы жаздың соңғы күндерінің бірі еді. Ұрыс сәл саябырлаған кез. Бір күні таңертең командирім келіп: “Ибраев сені кешке қарай қайықпен өзеннің арғы жағына өткіземіз дайын отыр”, – деп кетті. Түстен кейін ұрыс қайта басталды. У-шу. Айқайлап алға қарай жүгірдік. Оқ қарша борап тұр. Біз де атып келеміз. Жүгіріп окопқа жетіп жығылдық. Снаряд біздің дәл жанымызда жарылды да есімнен танып қалдым. Қанша жатқанымды білмеймін. Есімді жисам айнала құлаққа ұрғандай тып-тыныш. Әлде құлағым естімей қалды ма деп ойлаймын. Басым аман, жараланған жоқ сияқтымын. Не де болса орнымнан тұрмақшы болып ұмтыла беріп қайта құладым. Байқасам оң жақ аяғымда жан жоқ. Жанымда жатқан татар жігітінің сол аяғын жұлып әкетіпті. Жанұшыра алға қарай жылжыдым. Жан-жағыма қарасам, әр жерде қараңдаған біздің адамдар өліктерді жинап жүр. Жеңген екенбіз деп ойладым. Дауысым жеткенше айқайладым кеп. Мені көтеріп блиндажға әкелді. Командир қарсы алды. Ибраев сені жаңа ғана өлгендердің тізіміне жазып қойып едік. Тірі екенсің ғой “в рубашке родился” деп қуанып жатыр. Содан госпитальдан бір-ақ шықтым. Снаряд сүйекке тиген, аяғыңды кесеміз деді. Мен кескізбеймін деп біраз қарсыластым. Гангрена басталыпты, кесуге тура келеді, әйтпесе өлесің деді. Амал жоқ, келістім. Наркоз деген атымен жоқ. Операцияға апарар алдында бір стақан арақ ішкізді. Сосын кәдімгі арамен аралап тұрып кесіп тастады”, – деп кесілген аяғына қарап тағы үнсіз отырып қалды.
Әкемнің Қабдолла деген ағасы болған. Екеуі де алып тұлғалы, қарулы жігіттер. Басқалар бір қап бидайды әзер көтергенде, екеуі екі қаптан қоса көтеріп жүре береді екен. Ыбырайдың екі ұлы үйде болса ауылға ұры-қары жоламайды деп апам айтып отыратын. Ағатайымның әйелі қайтыс болып, өзі соғысқа аттанғанда ұлы Файзолла атасы мен әжесінің қолында қалды. “Соғыс кезінде мен бастауыш мектепте оқитынмын”, – дейді ағам. Қолымызда шүберектен тігілген дорба, оған кітаптарымызды саламыз. Басымда атамның тымағы. Мектептен шыға сала үйге қарай ешкім жүгірмейтін. Көзіміз қара жолдың бойында болады. Екі көзіміз төрт болып әркім туысын күтумен жүреміз. Аудан жаққа қараймыз. Бір күні сонау алыстан қалың қарды омбылап сүрініп жығылып ат шананы жетектеп “Сүйінші, сүйінші!” деп айқайлап келе жатқан әйелді көрдік. Бастағы тымақты да, қолдағы сөмкені де лақтыра салып солай қарай жүгіре жөнелдім. Мен бірінші болып жеттім. Шананың үстінде кірпігі ғана қимылдап көрпеге орап тастаған бір адам жатыр екен. Тани алмай бұл кім болды екен деп бәріміз шанаға үймелейміз. Шыр-пыр болып әлгі әйел бізді жолататын емес. “Жаралы солдат, бір жерін ауыртып аласыңдар”, – деп жақындатпайды. Ішімізден біздің үйге қарай бұрылса екен деп тілеп келеміз. “Қайнолла бапаң ғой, танымай қалдың ба? Жүгір бар атаңа хабарла, сүйіншісін дайындай берсін”, – дегенді естіген мен үйге қалай жеткенімді білмеймін. Қуанғаным сонша, еңкілдеп жылай беріппін”, – деп ағам әңгімесін аяқтады.
Қатты жүдеген, құр сүлдері ғана қалған. Адам қатарына қосыла қоймас деп қорқыпты көргендер. Атам үйдегі сауып отырған жалғыз қара ешкіні сойып, күнде бір кесім етті кішкене қазанға қайнатып, сорпасын ішкізіпті. Аяғынан тұрған соң көрші ауылдағы Мұқантай деген кісінің Күләш есімді жалғыз қызын алды. Балалы-шағалы болды.
Менің есімде қалғаны – әкемнің жылда көктемде ауырып жатып қалатыны. Жарасы ісіп кететін. Кейін жағдайы тіпті ауырлай түсті. Осы жолы аман қалса жарар еді деп әжем қатты мазасызданып, бәрімізді жинап алды. Ауырып жатқан әкемді айнала қоршап отырғанбыз. Ол жанын қоярға жер таппай қиналып жатты. Бір кезде жарасы жарылып, қып-қызыл қан атқылады келіп. Анам сасқанынан жастықпен баса қойды. Сол жолы көп жыл азаптап келген снарядтың жарықшағы қанмен қоса шығып, әкем құлантаза жазылып кетті. Ұзақ уақыт ауылда есепші, дүкенші болып жұмыс істеді. Асқар тауым 1979 жылы жетпіс жасқа келіп қайтыс болды. Мен үшін одан ақылды, одан сабырлы, дарқан адам жоқ.
Қарлығаш ҚАЙНОЛЛАҚЫЗЫ.
Нұр-Сұлтан қаласы.