
Бұл азаматпен мен 25 жыл қызметтес болдым. Жеткен жетістіктеріне куәмін. Сүрінген сәттерін де көрдім. Ол сұрапыл соғыс жылдары 14 жасында Петропавлдағы Киров атындағы зауытқа шебердің шәкірті болып жұмысқа кіріп, цехтың бастығы, директордың орынбасары қызметтерін атқарды, кейін ширек ғасырдан астам уақыт осы зауытты басқарды. Оның есімі – Мидхат Усманұлы Сүтішев.
Мен әскерден кейін өзіміздің пединститутты тамамдап, он жылдық мектептің директоры болып ауылға кеттім. Бұған дейін малшы, құрылысшы, жүргізуші, мұғалім, зауытта ұста болып түрлі салада жұмыс істеп үлгердім. Жоғары оқу орнын бітіргенде жасым 32-де еді. Екі баланың әкесімін. Бала күнгі арманым – техникалық білім алу еді. Алайда, Петропавлда басқа оқу орны болмаған соң физматқа түстім. Бірер жыл мектепте жұмыс істегеннен кейін, зауытқа барғым келетінін айтып, облыстық оқу бөлімінің басшысына қыңқылдай бастадым. Ақыры көндірдім.
Үлкендер жағы жақсы біледі, әскери зауытқа сырттан келгендерді бірден ала қоймайтын, әсіресе, құпия өндіріске жолатпайды. Киров зауытының бастығы татар жігіті екенін естігенмін. Сыйлы ағамыз, соғыс ардагері, “Социалистік Қазақстан” газетінің фототілшісі Есілбай Қазыбековпен жақсы қарым-қатынаста екен. Есілбай аға мені мақтаса керек, “құжаттарын алып кадр бөліміне келсін, олар маған жеткізеді”, – депті. Кадр бөлімінің бастығы директорға алып барды. Кең бөлменің төрінде маңдайы салақарыс, қараторы, көзі үлкен адам отыр екен. Орнынан тұрды. Ұзын бойлы денесінде артық еті жоқ. Қол беріп амандасты. Менің аты-жөнімді, өмірбаянымды біліп алыпты, бірден:
– Шериаздан, қандай жұмысқа орналасқыңыз келеді? – деді.
– Конструктор болғым келеді.
– Арнайы білім керек қой?! – деді маған таңдана қарап.
– Үйренуге тырысамын.
– Сіз одан да жұмысты шебер болып бастаңыз, кейін өзіңізді көрсетсеңіз цехтың бастығы болып әрі қарай өсуге болады, – деп нығыздап айтты.
– Конструктор болғым келіп еді, – дедім тағы да. Сөзімнің соңы естілер-естілместей шықты. Менің таңдауымды онша қостамағанын іштей сездім. Аз ойланды да кадр бөлімінің бастығын шақырып алып:
– Шериазданды 3-ші бөлімге апар, – деді нық дауыспен. 3-ші конструкторлық бөлімнің бастығы толықша келген, сірескен біреу екен. Директордың жіберген кадрларына секемдене қарайтын сияқты. Әсіресе, қаракөздерді ұната қоймайтынын кейін білдім.
– Арнайы біліміңіз жоқ қой, бір айлық сынақ шартымен инженер-конструктор қылып алайық, – дей салды селқос. Бір ай деген лезде өте шықты. Аз уақыттың ішінде істі меңгеріп алдым.
1971 жылдың басы. Социалистік жарыс жайында қаулы шыққан кез. Бір күні мені директорға шақырды. Келсем ұжым түгел осында екен. Директор қаулымен таныстырды. Ұзын сөздің қысқасы, маған тура қарап тұрып:
– Бұл істі басқаруды сізге тапсырмақпыз, бәріміз көмектесеміз. Іске лайықты адамдарды ұжымнан өзіңіз таңдап аласыз, қолыңызда жарысқа арналған 120 мың рубль қор болады және зауыт ұжымына қаладан бөлінетін дүние-мүліктің бір бөлігі жарыстың жеңімпаздарына беріледі, тағы да басқа жеңілдіктер болады, – деді.
Директордың сөзін басқалар да қызу қолдап жатыр. Мидхат Усманұлы осымен екінші рет маған зор сенім білдіріп отыр, оның өтінішін орындамау адамшылығыма сын.
– Тәуекел, – дедім. Бәрі қолымды қысып, құттықтап жатыр. Қажетті мамандарды таңдап алып, іске кірістік. Неден бастау керек? Көпшілікті қалай жарысқа жұмылдыру керек? Директор маған толық еркіндік берді. Еуропада, Сібірде орналасқан атақты зауыттарға барып, олардан мардымды ештеңе таба алмадым. Лениннің бұл жарыс жайында жазғандарын зерделеп, жүйесін жасауға кірістік. Жүйе жасалды. Сәтті шықты. Кейін оны өзге зауыттар да пайдаланды. Облыстық партия комитеті біздің жарыс жүйеміз бойынша арнайы буклет шығарды. Жарыстың нәтижесі де өте жоғары болды. Өнімімізге “Сапа белгісі” берілді. Мәдениетке, спортқа ерекше көңіл бөлінетін болды, зауыттың бұрынғы ескі ғимараттары сырылып, жаңа кешендер, тұрғын үйлер, балабақшалар салынып, жұмысшылардың тұрмыс жағдайы жақсарды. Мидхат Усманұлы жаңадан іске қосылған екі балабақшаны қазақша атауды ұсынды. Әрине, қарсылар қасарысып бақты, бірақ адуынды директор біреуін “Салтанат”, екіншісін “Гүлдер” деп қойғызды.
Сәбит Мұқановтың 80 жылдығына арнап оның бюсті жасалған, оны орнатуға келгенде де дау болды. Директор ескерткішті жазушының атындағы кітапхананың қасына қою керектігін айтқанымен, қаланың басшылары қарсы болды. Бұл әділетсіздікке ренжіген Мидхат Усманұлы бюстті Сәбит Мұқанов пен бұрынғы Мир көшесінің қиылысына, дәл өз үйінің маңайына орнатқызды. Сол жерде қанша тұрғаны есімде жоқ, шаһар басшылары ауысқаннан кейін ғана қазіргі орнын тапты.
Өткен ғасырдың 80-ші жылдарына дейін зауытымыз әскери өнім ғана шығарды. Азаматтық өнім 2 пайызды ғана құрады. “Ишим” радиоқабылдағышы мен электровафельница ғана. Орталық комитет халыққа керек жаңа тауарлар шығаруды әскери зауыттарға міндеттеді. Байланыс министрлігі радиоларға конкурс жариялады. Митхат Сүтішев бұл іске білек сыбана кірісті. Қажет мамандарды жинап, Жапонияның бір өнімін үлгі ретінде алып, шұғыл дайындықты бастады. Топты өзі басқарды. Жоспарлаған уақытта жаңа өнім дайын болды. Мидхат Усманұлының ұсынысымен оған “Қазақстан-101” деген атау берілді. Конкурстық комиссия біздің тауарды жеңімпаз деп таныды. Осылайша, Мәскеу, Ленинград, Киев, Рига, Свердловск, Омбы, Новосібір қалаларында орналасқан зауыттарды шаң қаптырдық. Өнімді шығаруға арналған жаңа кешен салынды (Горький мен Партизан көшелерінің қиылысында). Алайда, атауына аздап өзгеріс кіргізіп, “Медео” деп нарыққа шықты. Сұраныс өте жоғары болды!
Мидхат Сүтішев басқарған жылдары зауыттың сыртқы да, ішкі де реңі айтарлықтай өзгерді. Орталық алаңда Кировқа ескерткіш орнатылды, қасында көз тартатын субұрқақ тұр, сирек кездесетін ағаштар жайқалды, әсіресе, жазда иісі мұрынды жаратын, маңайынан кеткің келмейтін гүлдер жайнады.
Мидхат Усманұлының зауытқа басшылыққа тағайындалуы да оңай болмағанын кейін білдім. Бұрынғы директор кетерде орнына Сүтішевті ұсынғанымен ұжымның коммунистері қарсы шығыпты. Қалалық партия ұйымына хат түсірген: “Осынша орыстың ішінен директор болатын бір адам табылмады ма?” – деген мазмұнда. Қалада бірінші хатшы Тауфих Мұхамед-Рахимов болатын, ол хат жазғандарды шақырып алып, ойлары қате екенін беттеріне басып, сабаларына түсіріпті. “Нағыз коммунист ол интернационалист, ол адамды ұлтына, терісінің ақ-қарасына бөлмейді, партияның ісіне шынайы берілгені, қолынан іс келгені маңызды. Мидхат Усманұлы Сүтішев осы айтқандарға толық сай келетінін көз алдарыңда ісімен дәлелдеген жоқ па?” – деп үндерін өшірген екен.
Мидхат Усманұлының жасы зейнеткерлікке жақындаған сайын баяғы шовинистердің қалдықтары қайта бас көтере бастады. Бәйтеректі құлату үшін алдымен тамырларын қырқу керек деп директордың сенімді адамдарын қудалауға кірісті. Екінші айлалары – жоғарыға арыз жаза беру, “директор үйтіп жатыр, бүйтіп жатыр” деп қаралау. Жоғары жақ тексергенімен, ешқандай заң бұзушылық таппады. Алайда, домалақ арыздар да тоқтамады, жоғарыдан нұсқау солай болған сияқты.
Тоқтаусыз жылжыған уақыт Горбачевтің дәуіріне алып келді. Оның демократия, жариялық, қайта құру деген бастамалары жақсылығымен қатар көп қателікке ұрындырды. Соның бірі – бастықтарыңды өздерің сайлап алыңдар дегені. Төменгі буын жұмысшылар кімді сайлады? Әрине, жақындарын, бірге ішіп-жегендерді сайлады. Одан іс қалай алға бассын? Қаланың, облыстың басшылары бұл жағдайды “оңтайлы” пайдаланды. Директор сайлау деген алғашқы экспериментті Киров зауыты өткізді. Алайда, сайлауға бұрынғы директордың кандидатурасын қоспады. Сүтішевті қосса жеңіп кетуі мүмкін еді. Осылайша, одан оп-оңай құтылды. Бүкіл өмірін осы ұжымға сарп еткен адамға бұл өте ауыр соққы болды. Әлсін-әлсін жүрегі қысып қалатынды шығарды.
Мидхат Усманұлы қатты ауырып жүр дегесін, көңілін сұрауға үйіне бардым. Жүдеп қалыпты. Амандық-саулықтан кейін, терезеден далаға көз салды. Зауыттың кіріп-шығатын есігі дәл қарсыда болатын. Зауыттың мүлкін жан-жаққа әкетіп жатқандарды көріп, былай деді:
– Мен 30 жылдан астам уақыт дүние-мүлікті зауытқа тасып едім. Қазір соларды талан-таражға салғандарын көріп, жүрегімді біреу пышақпен тіліп жатқандай сезімдемін! – деді ауыр күрсініп. Шіркін, дүние-ай! Кеше ғана өзін осы зауыттың қожасындай сезінуші еді, енді міне торға түскен арыстандай әйнектен қарап, торығуда.
Киров атындағы зауыт – 85 жылдық тарихы бар өңіріміздің өркендеуіне өзіндік үлесін қосқан алып өндіріс орындарының бірі. Аталмыш кәсіпорынды абыроймен басқарған Мидхат Усманұлы Сүтішев тірі болғанда 9 мамырда 95-ке толар еді. Бірер жыл бұрын немерелеріммен бірге өлкетану музейін араладым. Көңілім құлазып шықты. Басқа зауыттардың бұрынғы бастықтары жайлы мәлімет бар, ал қалаға, өңірге ұшан-теңіз жақсылық жасаған, Киров зауытын ширек ғасыр басқарған, қаламыздың құрметті азаматы Мидхат Сүтішев жайында ақпарат мүлде жоқ. Бұл қалай болғаны деген ой мазалай берді.
Шериаздан БАШЕЕВ,
еңбек ардагері.