«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРЖЫ БАР, ҚҰЛШЫНЫС ЖОҚ

Бүгінде өңіріміздің аудандарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салы­нуда. Олардың бірқатары биыл пайдала­нуға берілуі тиіс. Қаржы жеткілікті бөлін­ге­німен, кейбір нысандардың құрылысы қаң­тарылып тұр. Өйткені жауапсыз мердігер­лер құрылыс жұмыстарын аяқтауға асығар емес. Бұл туралы облыстық қоғамдық ке­ңестің отырысында айтылды.

– Өткен жылдың қараша айында қо­ғам­дық кеңес мүшелері аудандардағы де­не шы­нықтыру-сауықтыру кешендерінің құ­ры­лысына қатысты мәселені талқылаған бо­латын. Содан кейін бірнеше ай өтсе де, Та­йыншадан басқа аудандарда нысандар әлі пайдалануға берілмеді, – деді облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Қа­йырлы Еді­ресов. Өз кезегінде облыстық құ­рылыс, сәу­лет және қала құрылысы бас­қармасы бас­шысының орынбасары Қайрат Мұстафин үстіміздегі жылы “Ауыл – ел бе­сігі” жобасы бо­йынша дене шынықтыру-са­уықтыру ке­шен­дерін салуға 885 миллион теңге, жұ­мыспен қамтудың жол картасы аясында 2 мил­лиард 110 миллион теңге бө­лінгенін айт­ты. Бұл қаржыға Аққайың, Айыр­тау, Есіл, Жамбыл, Шал ақын аудан­да­рында дене шынықтыру-сауықтыру ке­шендері бой көтеруде. Сондай-ақ, Пет­ропавл қа­ласы мен Мамлют, Тимирязев, Ғабит Мү­сірепов атындағы аудандарда да осындай нысандарды салуға дайындық жүр­гізілуде. Саумалкөл ауылында 500 орындық ста­дион мен Жамбыл, Тайынша, Уәлиханов, Шал ақын аудандарында 4 жа­бық хоккей корты салынады.

– Үстіміздегі жылы облыс орталығын­да­ғы “Береке” шағынауданында дене шы­нық­тыру-сауықтыру кешенінің құрылысын жүр­гізу жоспарланған. Құрылыс жұмыста­ры шілде айында басталмақ. Оған 450 мил­лион теңге бөлінді. Оны 2022 жылы пай­далануға беру көзделуде, – дей келе Қай­рат Сағидоллаұлы Айыртау ауданында қа­дасы қағылған дене шынықтыру-сауықтыру ке­шенінің құрылысы жауапсыз мердігер­дің ке­сірінен тоқтап тұрғанын жеткізді. “Се­вим­сталь­кон” серіктестігі 2019 жылы құры­лыс­ты қолға алып, бүгінде жұмыстың 53 па­йызын ғана орындаған.

Аталмыш компания соттың шешімімен құрылыс-монтаж жұ­мыс­та­рын жүргізу құ­қығынан ай­ырылған. Сондықтан жақында аталмыш се­ріктестікпен келісім­шартты бұзуға өтінім бе­рілген. Бұл мәсе­леге пікір білдірген қоғам­дық кеңес мү­шелері тап­сы­рыс беруші мен құрылысқа жауапты мер­дігердің жұмысын сынға алды. Есіл ауда­нындағы Явленка ауылында үстіміздегі шілде айында пай­далануға бе­рілуі тиіс де­не шынықтыру-са­уықтыру ке­шенінің ірге­тасы ғана қала­ныпты. Сондық­тан жауап­сыз компанияны сотқа беруден басқа амал жоқ екенін айт­қан кеңес мү­шелері басқар­маға бұл мә­селені тездетіп шешуді ұсын­ды. Құ­рылысы тоқтап тұрған әр нысанға жа­уапты кеңес мү­шелерін тағайындап, бұл мә­селені назарға алу қажеттігі жайлы айтыл­ды. Ал Аққайың ауданындағы Смирново ауы­­лында салы­нып жатқан кешен бірер ай­да пайдалануға берілмек. Қазір жұмыстың 95 пайызы орындалған.

Бүгінде облыста жергілікті маңызы бар автожолдардың 69 пайызы (4848 шақы­рым) жақсы және қанағаттанарлық жағ­дай­да. 2019 жылдан бері өңірде “Сапалы жол” жобасы жүзеге асырылып, оның ая­сында ав­томобиль жолдарына мониторинг жүргі­зі­леді. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бас­шы­сының орынбасары Қанат Бейсе­новтің ай­туынша, 2020 жылы жергілікті маңызға ие автомобиль жолдарын жөндеу және күтіп ұстауға бақылауды күшейту үшін СҚО бо­йынша жол активтерінің Ұлттық сапа ор­талығы филиалымен 76 миллион теңгеге келісімшарт жасалды. Жолдың са­пасын ба­қылау аясында 341 сынама алы­нып, 222 ес­керту жасалды. Тексеру кезінде анық­тал­ған кемшіліктер жол жөн­деу жұмыстары ба­рысында жойылды.

– Дегенмен, жол-құрылыс жұмыста­ры­ның қарқыны мен сапасына сын айтылатын жағдайлар да аз емес. 2020 жылы шарт та­лаптарының бұзылуы­на, сондай-ақ жұ­мыс­тың сапасыз орында­луына байла­нысты екі күрделі жөндеу ны­саны пайдалануға беріл­меді, – дей келе Қа­нат Нәсиболлаұлы 2021 жылға автожол­дардың жергілікті желісіне 5,6 миллиард теңге, соның ішінде 1,5 мил­лиард тең­гесі республикалық бюджет есе­бінен бөлінгенін айтты.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp