М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде “1С” сертификатталған оқу орталығының ашылу салтанаты өтті. Орталықтың ашылуына “1С” компаниясының Нұр-Сұлтан қаласындағы өкілдері қатысты.
Оқу орталығын ашу үшін университет “1С” фирмасының грантын жеңіп алған. Оқу-әдістемелік сыныптарда дәрісті арнайы сeртификаты бар оқытушылар жүргізеді. Ең бастысы, экономикалық бағытта білім алатын студенттер орталықта тегін оқып, курстан өткен тыңдаушылар “1С” фирмасының куәлігін алады. Бұл оларға болашақта жұмысқа орналасуда артықшылықтар береді. Яғни, қосымша курстардан өтудің қажеті болмайды. Орталықта кәсіпорындардағы бухгалтерлік есепті автоматтандыру, қаржыны басқаруға арналған өнімдерді зерттеу, бухгалтерлік есеп жүргізумен (“1С бухгалтерия” бағдарламасы) толықтай таныса алады.
“1С” фирмасы 1991 жылы құрылған. Компания іскерлік бағыттағы компьютерлік бағдарламаларды әзірлеуге, дистрибьюциялауға, басып шығаруға және оларды қолдануға маманданған.
Диана ХАЛИМОВА,
М. Қозыбаев атындағы СҚУ-дің медиаорталығының бас редакторы.