
Колледж түлектеріне жұмыс тауып беру – еңбек нарығын білікті мамандармен қамтамасыз етудегі маңызды факторлардың бірі. Бұл орайда, техникалық және кәсіптік білім беру сапасын халықаралық талаптармен үйлестіре отырып, әлеуетті жұмыс берушілермен өзара тығыз байланыс орнатудың маңызы зор. Болашақ маманның кәсіби даярлық деңгейін шыңдауда мақсаткерлік, кәсіби құзыреттілік, жауапкершілік, жүйелі және талдамалық ойлау сияқты жеке қасиеттерді жетілдірудің мәні айрықша. Түлектерді жұмысқа орналастыруда және уақытша жұмыспен қамтуда Уәлиханов ауылшаруашылығы колледжі түрлі қызмет, атап айтқанда, түлектер дерекқорын құру, кәсіби жұмыспен қамтылуы туралы ақпарат жинау, уақытша жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, еңбек нарығына бейімделуге көмек көрсету, еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныстарды зерттеу, жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша кеңестер беру, жұмыс берушілермен қарым-қатынас тәсілдері мен дағдыларын қалыптастыру, жұмысқа орналастыру проблемаларын кешенді түрде шешу, кәсіпорындармен және басқа жұмыс берушілермен өзара әрекеттесу, бос орындар туралы ақпарат жинау, студенттердің қатысуымен кәсіпорындарға экскурсиялар, бос орындар жәрмеңкелерін ұйымдастыру бағыттарын жүзеге асыруда.
Республика тұрғындарының 42 пайызға жуығы ауылды жерлерде тұратынын ескерсек, жан-жақты дамыған, белгілі бір кәсіпке бейімделген, нарықтық бәсекеге қабілетті, заманауи ғылым мен техниканың жетістіктерін игерген, оларды тәжірибеде тиімді түрде қолдана алатын білікті жұмысшылар мен мамандарға деген қажеттілік әлі де байқалады. Ауыл шаруашылығы саласында ветеринар, дәнекерлеуші, тракторшы-машинист сияқты мамандар тапшы. Біздің колледж жыл сайын осы кәсіптер бойынша студенттерді оқуға қабылдайды. Өндірістік оқыту шеберлері мен топ жетекшілері жиналыстар мен сынып сағаттарында жұмысқа орналасу тәртібін, түйіндемені қалай дұрыс құрастыру керектігін түсіндіріп, оқу сапасын, колледж бітірген соң жұмысқа орналасуын қадағалап отырады.
Бос орындар жәрмеңкесі – түлектерді жұмысқа орналастыруға көмек көрсетудің бірегей тәсілі. Студенттер жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен бөлімдері, жастар бастамалары орталығы ұйымдастырған бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне жүйелі түрде қатысады. Өткен оқу жылында колледж нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы бойынша білім алған 49 маманға диплом берді. Сұраныс бойынша фермерлік пен есепшілікті – 17, тракторшы-машинистті – 18, ветеринар мамандығын 14 маман игерді. Жұмыс берушілермен кездесулер ұйымдастырылып, алдын ала жұмысқа орналастыру туралы шарттар жасалды. Нәтижесінде өткен оқу жылында жұмыспен қамтылғандардың үлесі 96 пайызды құрады. 7 түлегіміз оқуларын одан әрі жалғастыруда.
Сайран ТАШКИН,
ауыл шаруашылығы колледжінің директоры.
Уәлиханов ауданы.