«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІР АУЫЛДЫҢ БОЗДАҚТАРЫ

“Күркіреп күндей өтті ғой соғыс” деп жа­уынгер ақын Қасым Аманжолов жазғандай, мұңды да жарқын, сағынышқа толы оптимистік бұл естелігімді Ғ.Мүсірепов ауданы Сарбұлақ ауылының тумасы әкем Қасым Ахметжановтан бастауды жөн көріп отырмын. Со­­ғыстан оралып келсе де, ерте өмірден озған Кшенов Қабдуахит ағамыз “Андай атты елім-ай, Сарыбұлақтай жерім-ай” деп қош­тасу өлең жазған еді. Осы өлеңнің “Дәрмен, Қамет, Шүйкебай, тетелес өскен бауырым-ай”, – деген жолдары есімде қалыпты. Соғысқа аттанған азаматтар атынан майданнан өлеңмен жазған хатында менің әкем Қасым елде қалған Ахмет атаның ұлы Ерғалиға былай деген екен:

Өсірген азамат қып халық аман бол!

Елімде Ерғалидай жалқы аман бол!

Қарағым, сенің атың арыстандай,

Түзу сал біздің елге басшылық жол!

Әкем от пен оқтың ортасында жүргенде Ахмет атаның жалғыз ұлы Ерғали да қан майданға аттанып, 1945 жылы мамыр айында қаза тауыпты. Төрт жыл соғысты бастан кешіп, Жеңіске санаулы күндер қалғанда қаза табу деген қандай өкінішті десеңізші! Көтерем атаның Қыдырбайы да 41-де кетіп, 42-де қаза тапты. “Ойхой, дүние-ай! Қыдырбайым қашан келер екен?” – деп күрсініп, күңіреніп отырушы еді, жарықтық. “Кішкене шал” атанған Қожахмет атаның Нұрланы қан майданнан оралмады, Иләй апамның Қалитайы мен Уәлиі Сталинград шайқасында қаза тапты. Олардың Әбжановтар деген тегі қазіргі Волгоградтағы “Родина мать” ескерткішіне қашап жазылған. Қырық бірдің күзінде әкем Қасыммен соғысқа бірге аттанған Нұрғалидің Құсайыны да оққа ұшты. Шегеновтер, Жанбосыновтар, Мусиндер, Зәкірияновтер сияқты тағы басқа ондаған әулеттің боздақтары да туған топыраққа орала алмады. Менің бұл шағын мақаламда қолындағы қаруымен Отаны, елі үшін қасық қаны қалғанша шайқасып, шейіт болған ауылдас, аталас ағаларымды, аталарымды, жерлестерімді түгел атап шығу мүмкін емес.

Отаны үшін от кешіп, жаралы болып оралған, еңбек етіп отбасын құрғандар тізімін өз әкем – Қасым Ахметжанұлынан бастайын. Екі жыл атқа мініп, қылыш асынып, Қиыр Шығыста міндетін атқарып қайтқан жауынгер 1941 жылы 22 маусымда алғашқылардың қатарында майданға аттанған екен.

Әскерде болып көрді менің басым,

Күтіп тұр алдымызда от пен жалын.

Қорғауға елімізді мен дайынмын,

Қалғанша жүрегімде қасық қаным, – деген жолдар арнапты әкем майданнан қосағы Күлжиянға, ағайын-туысқа, атам Ахметжанға өлеңмен жазған хатында.

Көзіңнен айналайын, балапаным,

Есіме түсті тәтті қылықтарың.

Иіскесем маңдайыңнан алдыма алып,

Рахатқа батар еді шыбын жаным.


 

Қолыма ап төрт балапан баққан едім,

Қолдарын ешбірінің қақпап едім.

Қалайша осыларды сақтаймын деп,

Жанымды жалынды отқа қақтап едім, – деп тебіреніпті әкем қуғында жүріп қаза болған, жалған жаламен халық жауы аталған Мерғалым ағасының төрт баласын сағынғанда. Ал өзінің тұңғышы 42-нің қаңтарында Ленинград майданында жүргенде дүниеге келген. Атамыз Ахметжан атын Әскербек қойды. Өз фамилиясын бергізбеді: “Ұлым соғыстан оралмаса, аты қалсын”, “Қасымов деп жаз” – деді ауылсовет хатшысына. Әскербектің замандасы Майданның әкесі Жанбосынның Әбілтайы майдан шебінде қалды. Сол қасіретті кезеңдердің соңы болған қырық бесінші жылдың ұлдары – Жеңіс, Жеңісбек болса, сәби қыздар – Жеңісгүл, Сүйінші, Бейбітгүл аттарын алып, қуанышты, бейбіт өмірді, Жеңісті әйгіледі.

Жауды Кеңес жерінен үдере қуып, шабуылдаған кезеңдерде Қайыржан ағам Бекмағамбетовпен қарайлас азаматтар өте биік патриоттық сезіммен ұмтылған екен майданға. Өмірден ертерек өткен Жұмабек, Төлеген сияқты құрдас-достарым мен осы жолдар авторының алғашқы ұстазы болған, кейін мен қызметке мектепке келгенде басшым, өнегелі ісімен үлгі болған соғыс ардагері Төкен ағам Әбілқасымов соғыста жараланып, балдақпен оралды елге. Мүгедекпін деп отырып қалмады, жоғары білім алып, алдымен бастауыш сыныптарға сабақ берді, көп жылдар бойы кейін Сарбұлақ мектебін басқарды. Мүгедектігіне қарамай сыңар қолымен ат жегіп, пошта тасыған Шағыр аға Шегенов көз алдыма келеді. Жараланып, жау қолына түсіп, тұтқындалғаны үшін сотты болған, еліне оралып, бөлімше басқарған сыңар қолды Сейіт аға Әлмұқанов та еңбектен қол үзбеді.

Майдан шебіне оқ-дәрі, қару-жарақ, азық-түлікті от пен оқтың арасында жүріп жеткізіп, аман-есен елге оралған соң, бейбіт күнде жүк тасымалдаған шопыр жауынгерлер Бейсенбай, Зұлқарнай, Қажығали ағаларды есіме аламын. Менің ұстаздарымның бірі әкемнің досы, кавалерист Қайырбай Ақтіленовтің үйіне қолғабыс жасауға барғанда ерлігі үшін әскери қолбасшының өз қолынан алған қылышты ұстап көру бір ғанибет еді. Әншілік, домбырашылық өнері керемет Болатов Әлібек ағамыз соғыстан оралып, ауылда кітапханашы болғанда алғашқы кітаптарымды сол кісінің қолынан алып оқығаным да есімде.

Шағын ғана Сарбұлақ ауылынан жүзге тарта жерлестерім, ағаларым, аталарым қару алып, жарақты жауға қарсы ұмтылған екен. Көпшілігіне топырақ бауырластар бейітінен бұйырып, “Боздақтар” тізіміне енген. Соғыстан оралғандардың қатары әбден селдіреп, Сапанов Айса ағамыз жалғыз қалған. Ол да аудан орталығына қоныс аударды. Бұл енді қуанышты жағдай. Ұлы Отан соғысының ардагеріне бұрынғы Рузаев, Куйбышев, Чистополь аудандарын біріктіріп отырған атақты Еңбек Ері, классик жазушымыз Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығында салынған үйден пәтер кілті тапсырылыпты.

Ел басына күн туғанда қолына қару алып, соғысқа аттанған азаматтардың артында аңырап қалған аналар да жоқ бүгін. Оларды еске алғанда ойға алдымен әкеміздің қосағы, Батыр анамыз Күлжиян оралады. Әкеміздің ағасы Мерғалым Ахметжанұлының төрт баласын бағып-қаққан, “бір қолымен өз ұл-қызын, екінші қолымен әлемді тербеткен” анамызға әкем соғыстан былай деп жазған екен:


 

Сен дағы аман боп тұр, сүйген досым,

Жүрегің мен деп соққан адал болсын.

Тілеп жүр бір Алладан игі тілек:

Әрқашан аман бол деп тіккен қосым!


 

Сыйласып бірыңғай бол ата-енемен,

Сөз айтсаң, бетіне кеп – қате дер ем!

Бұл кезде көз тоқтатар ешкімі жоқ –

Ермегі енді сенсің мәпелеген!


 

Балаға қолың тиіп, қақпа бірін,

Жүректен айтам саған іштің сырын.

Егер де сондай хабар бола қалса,

Көңілім саған деген болар қырын.

Қосылған жастай, қалқам, сен бір алма,

Бұл күнде ұшыраған мұндай халға.

Гүліне дүниенің қызығам деп,

Жамандық, әрбір түрлі ойға салма.


 

Анадан сен де қалған жетім болдың,

Тоқалдан әкең алған қорлық көрдің.

Қорлыққа шыдамауға белді буып,

Қол ұстап, Қасымыңа серік болдың.

Анамызбен бірге менің мектептегі, өмірдегі ұстазым, соғыс ардагері Төкен Әбілқасымовтың қосағы – Мәруар мұғалім Рүстемқызын, соғыс ардагері Кәршал Кәлішұлының қосағы – Кәмәш Елубайқызын, кавалерист-командир Орманғали Көшпаевтың анасы – “Қара кемпір” аты бар Бишан әжені, жауынгер Хайролла Сартбаевтың қосағы – Ғизат апаны, жалпы, жауынгер аталардың тылдағы серіктерін де еске алып, тағзым етеміз!

Әкеміз Қасым туралы естелік-эссе жазбақ болып, Көкалажар ауылдық округінің әкімі болған, бауырым Кенжеболат Ахметжановтан әкеміз Сарбұлақ ауылынан Ұлы Отан соғысына аттанып, елге оралған жауынгерлер мен сол соғыста қаза тапқан жерлестеріміздің тізімдерін беруді өтінген едім. Көңілге демеу болары – соғыстан елге тірі келгендер тізімі басым екен. Бірақ өмір-өзен бастауын бұлақтан алып, үлкен теңіз-көлдерге құятындай, кешегі тірі ардагерлер өткендер қатарына қосылып жатса да олардың ұл-қыздары, немере-шеберелері өмірге келіп, ата-бабалар ісін жалғастыруда. Сол бастаулар суалмасын – өмір-өзен тоқтамай ағып, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Шағын ғана Сарбұлақтың ардагерлер тізімінен есіме түскен кешегі жауынгер­лерді атасам, туып-өскен өңіріміздегі Сарадыр, Мәдениет, Салқынкөл, Тоқты, Көкалажар, Шұқыркөл, Қарағаш, Мұқыр сияқты Қазақ елінің ондаған, жүздеген ауылдарын, ардагерлерін атады деп біліңіз, құрметті оқырман!

Хайролла АХМЕТЖАНОВ,

“Еңбекші қазақ” аудандық газетінің редакторы.

Қазақстанның құрметті журналисі.

Алматы облысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp