«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРЖЫ ҚҰЙЫЛЫП ЖАТЫР бірақ жолдың “жыры” таусылар емес

Жыл сайын жол салуға және ескілерін жөндеуге қыруар қаржы бөлінуде. Мәселен, былтыр осы мақсатқа республикалық бюджеттен 50 млрд. теңге берілді. Алайда, сол қаржының қайтарымы көңіл көншітер емес. Ақшаны дұрыс игермеу, сапаның төмендігі сияқты мәселелер жылда қайталанады. Президенттің сынынан соң “ҚазАвтоЖол” ҰК” АҚ-ның басқарма төрағасы Ұлан Алыпов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Сайранбек Бармақов, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстары әкімдерінің орынбасарлары қызметтерінен босатылғаны белгілі.

Экономиканың күретамыры

Жол – ел экономикасының күретамыры іспеттес. Өндірісің өркендеп, шаруашылығың шалқып, туристік орындарың тамсантып тұрғанымен жол нашар, қатынас қолайсыз болса, бәрі бекер. О шеті мен бұ шетіне ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның аяғы тозатын Қазақстан үшін жол мәселесі өте өзекті. Былтыр өңірімізде жергілікті маңыздағы автомобиль жолдарын жөндеуге 7,8 млрд. теңге бөлінген.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Баяхметтің айтуынша, 2020 жылы жұмыстың сапасыз орындалуына байланысты екі бірдей жол күрделі жөндеуден кейін пайдалануға берілмеген. Облыс аумағынан өтетін республикалық маңызға ие жолдардың да жағдайы мәз емес. Өткен жылы бұл мақсатқа 35,5 млрд. теңге бөлінген. Оның 27 млрд. теңгесіне 954 шақырым жол жөнделді.

“ҚазАвтоЖол” ұлттық компаниясы” АҚ-ы облыстық филиалы директорының орынбасары Қанат Өсербаев “Челябі – Новосібір” тасжолының 29,2 шақырымы жаңартылғанын, бұдан бөлек, 71 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізілгенін айтты.

– 2019 жылдың соңында об­лыстық маңыздағы автомобиль жолдарының 502 шақырымы облыс әкімдігінің коммуналдық меншігінен республикалық меншікке өтті. Соның 233 шақырымы немесе берілген жолдардың 46 пайызы қанағаттанарлықсыз жағдайда. Бұл жолдар 1960-1970 жылдары салынған. Осының әсерінен былтыр облыста жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының көрсеткіші 86 пайыздан 78 пайызға дейін төмендеді, – деді Қанат Маратұлы.

Үстіміздегі жылы республикалық маңызы бар автожолдардың 60 шақырымында күрделі және орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Есіл өзені арқылы өтетін көпір қайта жаңартылмақ.

Сапа басты назарда

Елімізде жол сапасын тексеру және жол саласындағы жемқор­лықтың тамырына балта шабу мақ­сатында 2019 жылы Үкімет қаулысымен “Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы” құрылғаны белгілі. Құрылғанына екі жылдан асқан бұл орталық қазірге дейін еліміздегі жолдарға 12709 рет тексеру жүргізіп, 10 мыңға жуық заң бұзушылықты анықтаған. Басым көп бөлігі жолдың сапасына қатысты. Аталмыш орталықтың облыстық филиалының директоры Жолдыбай Тентеков 2020 жылы республикалық маңыздағы жолдардың 27 нысанынан зертханалық сынама материалы алынғанын айтты.

Филиал мамандары 313 рет тексеріске шығып, жөндеу жұмыстарына байланысты 319 кемшілікті анықтаған. Олардың басым бөлігі – қиыршықтастың грануметриялық талаптарға сәйкес келмеуі. Яғни, шикізаттың жобадағыдай пайдаланылмауы. Бұл – жергілікті маңызға ие автомобиль жолдарын жөндеу және күтіп ұстауға бақылауды күшейту үшін облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен жасалған 76 млн. теңгенің келісімшарты аясында атқарылған жұмыс. Жергілікті маңыздағы тас жолдарда олқылықтар көп. Мәселен, былтырғы тексерістердің нәтижесінде тиісті талаптарды орындалмаудың 222 фактісі тіркелген. Жалпы 341 сынама алынып, 35-сінде жол сапасы та­лаптарға сәйкес келмейтіні анықталған. Бұл кемшіліктер жол жөндеу жұмыстары барысында жойылды. Үстіміздегі жылы тағы 331 тексеріс жүргізу жоспарланып отыр.

Филиал мамандары мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасына жауапсыз мердігерлерге қатысты төрт шағым жіберген. Әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұлдар салынды. Алайда тендер арқылы миллиондаған теңге иеленетін фирмалар үшін бұл айыппұл шыбын шаққанмен бірдей.

Жауапсыз мердігерлер

Соңғы жылдары жөндеу жұ­мыстарын жүргізетін фирмаларға қатысты айтылар сын көп. Атап айтқанда, Жамбыл ауданындағы “Благовещенка – Қайранкөл” бағытындағы тасжолдың сапасы тө­мен. Елді мекенге дейінгі 17 шақырым жолды салуға бюджеттен 600 млн. теңге бөлінгенді. Алайда мердігер жолға қалыңдығы 2,5 сантиметр ғана асфальт салып, ол бір жыл өтпей ойылып қалған. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Әйтседе “KazFortis” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі келісімшарттағы міндеттемелерін толық орындамағанын, жұмысты сапасыз жүргізгенін құзырлы органдар көрмей қалған.

– Петропавлдық мердігер компания “Пресновка – Благовещенка – Қайранкөл” ауылдарын байланыстыратын жол учаскесін жөндеу кезінде өрескел қателіктер жібергені анықталды. Тексеріс көрсеткендей, асфальт талаптарға сәйкес келмейді. Жол кепілдік мерзім өтпей жатып тесілген. Дәл осындай жайт “Булаево – Советское” жолында да тіркелді. Тимиря­зев ауданында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген “Тайыр” ЖШС-іне де сұрақтар көп. Мердігер былтырғы қараша айында келісімшартта көрсетілген жұмыстарды әлі аяқтаған жоқ. Мердігерлер барлық кемшіліктерді өз есебінен түзейтін болады, – дейді Жол активтері ұлттық сапа орталығы облыстық филиалдың директоры Жолдыбай Тентеков

Мұндай оқиғалар Есіл және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда да тіркелді. Атап айтқанда, Заградовка ауылына дейінгі 6 шақырымдық учаске мен “Еленовка – Арықбалық – Чистополье – Есіл” бағытындағы жол 2019 жылы жөнделген болатын. Алғашында ауыл тұрғындары қатты қуанған, көп кешікпей көңілдері су сепкендей басылды. Қалыпқа келтірілген аумақтарда қайтадан ой-шұқыр пайда болды. Әу баста жолдың сапасыз жөнделіп жатқандығы айтылғанымен, мердігерлер құлақ аспаған. Соңы дауға ұласқан бұл мәселені шешпек болған облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы кемшілікті дұрыстауды талап еткенімен, құрылысшылар көпке дейін кінәсін мойындамаған. Сотқа талап-арыз жазудан басқа амал қалмаған.

Жолдың сапасыздығы экономиканың дамуына тұсау болып қана қоймай, жол апатының көптігіне себеп болып отырғаны белгілі. Статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде жыл сайын жол апатынан 10 мыңнан астам адам қаза табады екен. Сол қайғылы оқиғалардың басым бөлігі Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында тіркеледі. Негізінен жол апаттарына жолдың нашарлығы себеп болуда.

Жұмыс баяу, көңіл қаяу

Жолға қатысты тағы бір мәселе – жұмыстың ұзаққа созылып, уа­қытында аяқталмайтындығы. Мәселен, еліміздегі аса маңызды жолдардың бірі – “Петропавл – Қорған” тасжолының салынып жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. 2017 жылы “Нұрлы жол” бағдарламасы аясында жаңғырту жұмыстары басталған. Ресей Федерациясының шекарасына дейінгі 60 шақырымды жөндеу жұмыстарына бюджеттен 28,8 млрд. теңге бөлінді. Содан бері төрт жыл өтті. Бірақ жолдың бүгін-ертең бітетін түрі жоқ. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов әлеуметтік маңызы бар транзиттік жобаны жүзеге асырып жатқан мердігерге бірнеше рет ескерту жасады. Бірақ сыннан қорытынды шығарған адам байқалмайды. Бас мердігер “К-Дорстрой” компаниясы бүгінге дейін облыс орталығы мен Мамлютка қаласы арасындағы 29 шақырымдық бірінші бөлікті ғана аяқтады. Ал Ресей шекарасына дейінгі 31 шақырым биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бірақ жоспар мерзімінде орындала ма, жоқ па, о жағы белгісіз. Компания қазір жөндеу жұмыстарын тоқтатқан. Себебі пандемиядан құрылыс материалдарының бағасы аспандап кеткен. Яғни, осыдан төрт жыл бұрын жасалған жобалық-сметалық құжаттамада көрсетілген баға қазіргі нарықтағы құрылыс материалдарының құнына сәйкес келмейді. Сондықтан бұл фирма облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына хат жолдап, бюджеттен қосымша қаржы бөлуді сұрап отыр.

Жолдың жауы кім?

Біздің жолдың негізгі жауы – жүк көліктері. Белгіленген салмақ­тан бірнеше есе артық жүк тиейтін олар жолды жапырып жібереді. Салмақтың артықтығын анықтайтын арнайы көліктік бақылау бекеттері бар. Әзірше, олардың тиімділігі төмендеу болып тұр. Облыстық көлiктiк бақылау инспекциясы басшысының орынбасары Андрей Марковтың айтуынша, шамадан тыс жүк артатындар қатаң бақылауға алынған.

– Қазіргі күнгі көлік тасқынын өткен жылдармен салыстыруға келмейді. Ескі әдіспен төселген жолдар оған шыдамайды. Салмақтың сақталуы заңмен бекітілгеніне қарамастан, жүргізушілер шамадан тыс жүк артудан тайынбайды. Әсіресе облыстағы карьерлерден инертті материалдар тасымалдайтын көліктер жолды тез бұзуда. 2020 жылғы тексеріс кезінде анықталған заң бұзушылықтар бойынша 61,1 млн. теңге айыппұл салынды. Инспекция қызметкерлері барлығы 992 әкімшілік материал толтырды. Жүргізушілердің басым бөлігі рұқсат етілген салмақты асырып жіберген, – деді Андрей Петрович.

Бүгінде облыстағы жергілікті маңыздағы автожолдардың 69 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Ал 2025 жылға дейін бұл көрсеткішті 95 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Мердігерлер жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізсе, қабылдап алатын құзыретті орган кемшіліктерге көз жұма қарауын қойса, ауыр көліктері артық жүк тасып, залалын тигізбесе бұл да алынбайтын меже емес.

Қанат АТАМАНОВ,

Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp