«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛУҒА ЖАҚЫН

Облыс орталығындағы Уәлиханов көшесінің бойында жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Облыстық білім басқармасы ұйымдастырған баспасөз туры барысында журналистер атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.

2019 жылдың қазан айында басталған құрылыс жұмыста­ры­на бастапқыда “Құрылыс-Сервис СК” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 170 жұмысшысы тартылды. Серіктестік дирек­то­ры Мурат Харсиевтің айтуынша, содан бері негізгі шаруа 95 па­йызға аяқталды. Қазір 40-қа жуық қызметкер нысанның ішін және сыртын әрлеуде. Одан кейін қасбеті мен қабырғаларын әртүрлі түске бояйды. Жалпы құрылысқа бюджеттен 1 млрд. 680 млн. теңге бөлінген. Бүгінгі таңда мердігер оның 98 пайы­зын игеріп отыр.

Жалпы ауданы 4 мың шаршы метрді құрайтын үш қабатты мектеп бірнеше блоктан тұра­ды. Солардың бірінде асхана, спорт және акт залдары орна­ласқан.

– Бригадамызда 12 адам бар. Олардың 8-і мектептің ішін әр­леп жатса, төртеуіміз мек­тептің қас­бетін ретке келтірудеміз. Жұмыс ауыр емес. Соған қара­мастан маман жетіспейді. Әсі­ресе ка­фель төсейтіндер мен саңылау­ларды бітейтін білікті жұмысшы­лар аз. Жалақымызды уақытылы аламыз. Еңбек­ақы­мыз кей кез­дері 500 мың теңгеге дейін жетеді, – дейді әрлеу жұ­мыс­тарының шебері Эвалдас Га­линскас.

Бұдан бөлек, алдағы уақытта мектеп алаңы абаттандыры­лып, жарықтандырылады. Яғни, ста­дион салынып, асфальт тө­селіп, шағын архитектуралық мү­сіндер орнатылады.

Жаңа ғимараттың іші кең әрі жарық. Соңғы үлгідегі құралдар­мен жабдықталатын мектепте оқу­шыларға сапалы білім, сана­лы тәрбие беру үшін барлық жағдай жасалады. Заманауи үлгіде салынған білім ошағы ұстаздар мен оқушыларға ғана емес, ата-аналарға да қуаныш сыйлайтыны анық. Барлық жұ­мыс мамыр айының аяғында аяқ­талады деп күтілуде.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp