«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Аманат жүгі

Қазақ халқының ой-санасында аманат – қастерлі, киелі ұғым. “Аманатқа қиянат жасама” деген қанатты сөз бекер айтылмаса ке­рек. Адам ұзақ сапарға шығардың алдында біреуге аманат айтуы мүм­кін. Сөздің киесін түсінген, жөн білетін тұлғалардың біреуден аманат алса, қандай ауыр күн туса да оған қылдай қиянат жасамауға тырысқандығын тарихтан, әдеби туындылардан білеміз. Сеніп тапсырылған мал-мүлік, дүниені иесіне қаз-қалпында табыс ету – үлкен жауапкершілік. Сол себепті, аманатқа адал болу, өз бойыңдағы жаман қылықтармен күресіп, ел сенімі мен жұрт тілегінен шығуға ерекше күш салу маңызды.

Аманат әрқилы. Ол тек дүние-мүлікке қатысты ғана болмайды. Мәселен, құлақ аманаты жақсы сөз, жағымды лебіздер мен өнер-білім, әртүрлі пайдалы ақыл-кеңестер мен даналық тыңдауды, өсек естімеуді талап етеді. Тіл де аманат арқалаған. Шынайы сөйлеу, жақсы сөз айту қажет. Ұрыс-керіс тудыратын өсектен аулақ болуды қалайды. Барша адам баласы сөз сөйлесе, ауыздан гүл төгілетінін, жаман сөз сөйлесе, ауыздан жын төгілетінін ескергені жөн. Қол аманаты – тазалықты сүйеді. Ылғи да қайырлы, жұмсақ, ашық, жомарт болуды талап етеді. “Оң қолыңа сол қолың арашашы болсын” деп, екі қолды жамандыққа, сұмдыққа, арамдыққа барудан шектейді. Аяқ аманаты – ақ жолмен жүруді, адамдықтың ақ жолынан таймауды, жақсылық пен игілікті істерге асығып, арамдық, бұзақылық, қылмыс жолына аттап баспауды талап етеді. Жүрек пен бас аманаты да бар.

Өкінішке қарай, аманатты кей­бір адам дүние-мүлікке сеніммен, жауапкершілікпен қарау деп қана түсінеді. Адамның дене мүшесі аманат арқалайтынын ұғынсақ, өмірге деген көзқарас та өзгеше болар еді. Тіл, дін, діл, жерге қамқорлық таныту бізге тапсырылған ата-баба аманаты емес пе? Сондықтан бар байлығымызды шашау шығармай ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – қастерлі міндетіміз. Әрбір ата-ана балаға аманат жүгін ұғындыруы тиіс. Отанға адалдық осындайдан басталады. Аманатқа қиянат жасау қастандық екенін санасына түйіп өскен ұрпақ жаман болмайды.

Амангелді КЕНЖЕҒОЗИНОВ,

зейнеткер.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp