«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТІЛ ЖАНАШЫРЛАРЫ

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада “Бұқаралық ақпарат құралдарындағы мемлекеттік тілдің жағдайы” атты “дөңгелек үстел” отырысы өтіп, оның аясында “Мемлекеттік тіл және БАҚ” байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Аудандық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысқан шарада облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Жамантаев елімізде тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында ақпараттандыру және коммуникация саласында қазақ тілін жетілдіру көзделгенін, қоғамдық сананы қалыптастыруда ана тілдің маңызы зор екенін айтты. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры Зарқын Тайшыбай журналистке қойылатын талаптар және оның қоғамдағы рөлі туралы келелі ойды ортаға салды. Облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газетінің бас редакторы Ербақыт Амантай қазақ басылымдарының беделін арттыру мәселесіне тоқталды.

Аудандардан келген әріптестеріміз жергілікті жердегі түйткілді мәселелерді сөз етті. Мәселен, аудандық газеттерде кадр тапшылығы жұмысқа қолбайлау болуда. Осы және өзге де мәселелер талқыланған басқосу соңында “Мемлекеттік тіл және БАҚ” республикалық байқауы облыстық кезеңінің жеңімпаздары анықталды. “Ең үздік мақала” аталымы бойынша Зарқын Тайшыбай бірінші, газетіміздің руханият бөлімінің меңгерушісі Ақмарал Есдәулетова екінші орындарды алса, Жамбыл аудандық “Ауыл арайы” газетінің редакторы Игілік Рахметов пен Қызылжар аудандық газетінің қоғамдық тілшісі Зағипа Ахметова үшінші орындарға қол жеткізді. Ал “Ең үз­дік телеарна бағдарламасы” аталымы бойынша Нұрсұлтан Тілектесов бірінші орын алды. Жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp