
“Халық жауларын” әшкерелеу науқаны 1937 жылдан тура он бес жыл бұрын басталғанын қазіргі жастар түгіл, ересектердің өзінің көбі біле қоймайды. Сол қуғынның алғашқы легінде қара тізімге іліккендердің бірі Жұмағали Тілеулин еді. Солтүстік Қазақстан облыстық ұлттық қауіпсіздік мекемесінде ісі сақталған. “1930 жылдың 7, 20 наурыз күндерінде ОГПУ Петропавл округтік бөліміне Октябрь аудандық атқару комитетінен жазбаша хабарлар келіп түсті. Бұл хабарларға қарағанда №11 және 18-ауылдарда “Жат” деп аталатын контрреволюциялық ұйым әрекет етуде. Ұйымның мақсаты – Қытай әскерлері басып кірген сәтте жергілікті өкімет орындарын басып алмақшы. Оларды ұйымдастырушы жаздыгүні демалысқа келіп қайтқан студент Байғасқин Әбдуш (Байғасқин А.Байтұрсынов пен М.Дулатовтың ісі бойынша 5 жылға сотталған. – З.Т.)”.
Бұл құжаттарға қоса тігілген айыптау қорытындысында “Жат” деген ұйымның толық аты “Жаңа төңкерісшілер” (Новые революционеры) “Ж.Т.” екені түсіндірілген. “Жат”-тың мүшелері саяси-шаруашылық науқандарды жүргізуде, атап айтқанда, астық дайындауда, кулактарды жоюда, коллективтендіруде жіберілген қателер мен асыра сілтеулерді пайдаланған. Тұтқындалғанға дейін округтік денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарған Ж.Тілеулин өзіне тағылған айыпты мойнына алмады”.
Жұмағали Тілеулиннен жауап алған тергеуші Валиев. Тергеу қағаздарын қарап отырып қалай жауап алғанын көруге болады. Мысалы, 1930 жылғы 15 шілдедегі жауабын хаттамаға Жұмағали өз қолымен жазыпты. Орысша сауатында мін жоқ. Ескі интеллигенттерге тән дағдымен маржандай, сұлу жазады. “…Үкіметке қарсы ешқандай әрекет жасаған жоқпын. Ертеректе Алашордаға мүше болғаным рас. Кеңес өкіметіне 12 жыл адал қызмет істеп келемін. Округтік атқару комитеті мен округтік денсаулық сақтау бөлімінің жолдамасымен Омбы медицина институтына қабылдандым”.
Содан кейін тағы да қосымша жазғызыпты. Жазуы жан шошырлық, қолы қалтыраған, тіпті мүгедек адамның, есі ауысқан адамның шимайындай. Қатты қинағаны көрініп тұр. Жетпіс жылдан кейін оқып отырып, менің дәтім шыдамады… Жазуы осылай қағазға түскен адамның жағдайы қандай болды екен… Тіл жетпейді.
Тергеу барысында Жұмағали туралы берген жауабында: Жанталин: “Тілеулин адал адам. 1921 жылы Ново-Покровкада фельдшер болып істеді”, – дейді. Ал Қызылжарда мұғалім, Орынборда М.Әуезовпен бірге 1922 жылы Қазақ атқару комитетінің хатшысы болған Байтасов Абдолла: Тілеулинмен көрші ауылда тұрғанын, екеуінің бажа екенін, оны тек жақсы адам деп қана білетінін айтады.
Істе Темірбеков Абдолланың да жауабы бар. Ол: “Мен САГУ-де (Орта Азия мемлекеттік университеті) оқығанмын. Тілеулин менің балдызым. Интеллигент семьясынан шыққан. Он бес жыл фельдшер, он алты жыл мұғалім болып істеген. Ешқандай қылмысын білмеймін. Адал адам” деп Жұмағалиға шаң жуытпайды.
Сол 1930 жылғы желтоқсанның 17-сінде (енді бір көшірмесінде 12-сі деп жазыпты. Мұнда да бір шикілік бар сияқты. Әлде сыртынан толтырды ма екен? – З.Т.) толтырылған ОГПУ “Үштігінің” протоколын оқиық:
Қылмыс заңының 58-2 бабы бойынша “контрреволюциялық “Жат” ұйымының мүшелері:
1. Темірбеков Әбжан, 61 жаста, қазақ, ауылдық старшын болған, Алашорда мүшесі, партияда жоқ, кулак ретінде мал-мүлкі хатталған, 1928 жылдан бері Кеңеске қарсы әрекет жасап келе жатқандығы үшін 5 жылға бас еркінен айырылсын.
2. Темірбеков Уахит Әбжанұлы, 25 жаста, ВЛКСМ қатарынан шығарылған, 5 жыл берілсін.
3. Сәкенов Мұртаза Биғалиұлы, 22 жаста, ВЛКСМ қатарынан шығарылған, байдың тұқымы, 5 жыл берілсін.
4. Бексалтанов Шарний Давлеткиреевич, 28 жаста ВЛКСМ қатарынан шығарылған, байдың тұқымы, 5 жыл берілсін.
5. Әбілғазин Паттах Әбілғазыұлы, 58 жаста, қазақ, медфельдшер, 1921 жылы көтеріліске қатысқаны үшін тергеуде болған, Белоруссиядағы көтеріліс туралы айтып, Кеңес үкіметі таяуда құлайды деп қауесет таратқан, 3 жыл берілсін.
6. Бижігітов Әбубәкір, 29 жаста, босатылсын.
7. Сайымжаваров Кошмулла, 66 жаста, башқұрт, бай, Петропавл округінде көтеріліс бола қалса, сырттан көмек күткен, босатылсын.
8. Тілеулин Жұмағали, 39 жаста, қазақ, мамандығы медфельдшер, бұрынғы алашордашы, партияда жоқ. 1922 жылы сотты болған. Ағайындарын үгіттеп, өз ауылында Кеңеске қарсы үгіт жүргізген. ҚССР ОГПУ-де оның үстінен тағы бір қылмыстық іс ашылғандықтан, әрі қарай тергеу үшін оның ісі басқалардан бөлініп, Алматыға жіберілсін”.
Осылайша Ж.Тілеулиннің ісі республикалық ОГПУ-дің айрықша бөліміне жіберіліп, тергелетін болды. Өзі Петропавл түрмесінен босатылды.
1931 жылғы сәуірдің 15-інде Жұмағали қайта тұтқындалып, Алматыға айдалды. Осыған байланысты құжаттарда мынадай мағлұматтар бар: “Бұрынғы Октябрь, қазіргі Айыртау ауылында малшы семьясында туған. Петропавл қаласында, Караванная көшесі, 3-үйде тұрған. Жасы 40-та. Үйленген. Үш баласы бар. Медицина фельдшері. 1922-1923 жылдары сотқа тартылып, ақталған. 1930 жылы Қылмыстық кодекстің 58-2 бабы бойынша жауапқа тартылған. 15. 04. 1931 жылы тұтқындалғанша Петропавл қалалық емханасында медфельдшер болып істеген”.
Жұмағали Тілеулин сол кеткеннен Қызылжарға оралмады. Воронеж облысы, Белогор деген жерде айдауда болып, 1935 жылы босаған соң Новотроицк (қазір Жамбыл облысы Қордай ауданының орталығы, оның алдында Георгиевка деп аталған. – З.Т.) аудандық ауруханасына жұмысқа жіберілді.
1937 жылы “Халық жауларын” жаппай қамау науқаны басталғанда ескі тізім бойынша Жұмағалиға да құрық түсті. Архив құжаттары бойынша, басқа да қазақ зиялылары сияқты Жұмағалиға тағылған айып, тұжырымдап айтқанда мынадай: “Ұлтшыл “Алаш” партиясының құрамына кірген, “Алашорда” үкіметінің мүшесі болған… қазақтың ұлтшыл-буржуазияшыл интеллигенциясының өкілдері Кеңеске қарсы қылмыстық әрекеттерін жалғастырып келген… Олардың түпкі мақсаты – Кеңес өкіметін құлату, құрылтай жиналысын өткізу арқылы қазақтың ұлтшылдемократиялық республикасын құру. Бұл мақсаттарына жеткенше ұлтшылдар жайлап алған Кеңес өкіметінің мекемелерін пайдаланып, мәдениет майданын қолына алып, жастарды көтеріліске дайындап, Кеңестік саясатты “Алаштың” бағыт-бағдарына сай бұрмалап отыруды көздейді. Семей және Петропавл қалаларында осы ұйымның бөлімшелері құрылған, жауапқа тартылып отырған Ермеков Әлімхан мен Тілеулин Жұмағали оларға жетекшілік еткен”.
Фрунзе қаласындағы Каганович аудандық ауруханасының фельдшері Жұмағали Тілеулин 1938 жылғы қаңтардың 17 күні тұтқынға алынды. Бұрынғы “қылмыстары” қайта қопарылды, ақпанның 15 күні ату жазасына кесілді, екі күннен кейін үкім орындалды. Тағылған айып – “фашистік ұлтшыл-шпиондық ұйымға қатысқаны үшін”. Басқа мыңдаған құрбандарға жазықсыз басылған қара таңба да осындай болатын.
Түркістан әскери округінің әскери трибуналы 1958 жылы 20 науырызда Ж.Тілеулиннің “қылмыстық ісін” қайта қарап, оны ақтады. Бұл қағаз марқұмның ұлы Серік ақсақалдың қолында. Басқа ешқандай белгі жоқ.
Міне, бүкіл саналы өмірі туған елінің, Қызылжарының мәдени-ағарту, денсаулық сақтау орындарында өткен, Алаш қайраткерлерінің ішінде бірегейі, жерлесіміз Жұмағали Тілеулин туралы бүгінгі ұрпаққа жеткізер ақпарларымыз осындай.
Тәуелсіздігіміздің баянды болуы сол ағалардың аруағын ардақтап өтуімізге де байланысты десем, Қызылжар қаласында үлкен қайраткердің есіміне ұмытпастай белгі қоюдың жөні бар ғой. Оны біздің ұрпақ істемесе, кейін кеш болуы да мүмкін.
Көрнекті қазақ публицисі Сарбас Ақтаев Жұмағали Тілеулиннің өмірі мен қызметі туралы “Ақиқат” журналына көлемді мақала жазып, оның тақырыбын “Алаш ардағы” деп қойғанына күрескер ағамыздың аруағы разы болды деп ойлаймын. Мақала авторы Жұмағалидың тегін таратып, оның арғы атасы Абылай ханның атақты батыры бәсентиін Айтбай екенін көрсеткен. Қаз дауысты Қазыбек бидің бір қызына үйленген Айтбайдан алты ұл туып, Борлық бойы мен Сырымбет саласында алты ауыл болып отырған. Соның біреуінен тарайтын Тілеуліден Шәймерден, Есім, Мұқаш, Сәпи және Жұмағали сынды бес ұл туады. Сондай-ақ Жұмағалидың дәрігерлік мамандық алуына ауылдасы, осы өңірден алғаш шыққан оқыған дәрігер Құсайын Темірбековтің көп пайдасы тигенін көрсетеді. Жұмағали Тілеулин осы Құсайынның қызы Райханға үйленген.
Жұмағалидың есімі қайта жаңғырғанына да жиырма шақты жыл болды. Солтүстік Қазақстанның мәдениеті мен біліміне баға жетпес үлес қосып кеткен қайраткер туралы осы жолдың авторы зерттеу мақала жазды. Облыстық архив директоры Сәуле Мәлікова Жұмағали Тілеулиннің ғылыми оқулығын қайта бастырып шығарды. Педагогика саласының ардагері, өлкетанушы марқұм Қайролла Мұқанов құнды деректерді жария етіп, Алаш қайраткеріне құрмет көрсетті.
Зарқын ТАЙШЫБАЙ,
Қазақстан Жоғары мектебі Ұлттық ғылым академиясының академигі, М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің профессоры.