«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҰРҒЫНДАРДЫ АЛАҢДАТҚАН ТҮЙТКІЛДЕР алдағы уақытта шешімін таппақ

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мағжан Жұмабаев ауданының әкімі Қайрат Омаров ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын баян етті.

Өткен жылы аудан тұрғындарының тұрмысын жақсарту бағытында бірқатар шаруалар тындырылған. Республикалық және облыстық қазыналардан бөлінген 1,3 млрд. теңгеге Булаево – Советское, Конюхово – Куломзино және Қарағанды – Надежка аралығындағы 60 шақырым жол жөнделген. Ал Пролетарка, Құралай, Чистовское, Полудин, Писаревка, Веселовка, Успенка, Чистое, Таман ауылдары көшелеріндегі тас жолдар реттеліпті. Тағы үш елді мекен мен Булаевоның өзінде ауылішілік жолдардың кей бөліктері қалпына келтірілген. Биыл Октябрьское – Гаврино арасындағы және Веселовка ауылына барар жолды жөндеп, Конюхово – Куломзино арасында басталған жұмыстарды тамамдау жоспарлануда. Әйтсе де, Булаево – Писаревка елді мекені тұрғындарының былтыр атқарылған шаруаға көңілдері толмай отыр. Ал Возвышенка ауылының тұрғындары талай жылдан бері ауылға апаратын жолдың да, ішкі көшелердің де жөнделмегенін айтады.

– Бұл учаскедегі жағдай алдағы уақытта жақсарады. Республикалық бюджеттен 400 млн. теңге қарастырылып, айналма жол жөнделетін болды. Ішкі жолдарды ретке келтіруге 150 млн. теңге бағытталады. Оған 3,5 шақырым асфальт, 3 шақырым қиыршық тас төселеді, – деді Қайрат Омаров.

Тұрғындарды сапалы ауызсумен қамту мәселесі де өзекті болып отыр. 2020 жылы Образец, Чистовское, Қарақоға, Хлебороб, Успенка, Ұзынкөл ауылдарындағы су тарату желілері жөнделген. Биыл Александровка, Куломзино, Еремеевка, Сарытомар, Успенка, Чистовское, Қарақоға, Ұзынкөл, Майбалық ауылдарында да су құбырлары жөнделіп, Гаврино мен Рощинода шетте орналасқан су тарату пункттері ауылдың ортасына көшіріледі. Қазіргі уақытта Писаревка, Новотроицкое, Жастар мен Молодая Гвардия ауылдарындағы жөндеу жұмыстарының жобалық құжаттары сараптамадан өтуде. Таман, Қарағанды ауылдарына жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатыр. Бірақ кей жұмыстардың сапасына қатысты ауылдықтардың айтар сыны бар. Мәселен, Писаревка ауылында былтыр қосылған сорғы құрылғысы жақында істен шығыпты.

Ауданда екі мектеп пен бір балабақша, аудандық аурухананың жансақтау бөлімі және Полудинодағы фельдшерлік-акушерлік қосын жөнделген. Бірақ Писаревка ауылының шатыры тозған орта мектебіне қатысты мәселе әлі шешімін таппай отыр. Тиісті қаражат бөлінсе, бұл жұмыс келер жылы атқарылмақ.

Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp