
“Тәні саудың – жаны сау” дейді дана халқымыз. Осы қағидаға біздің аудан тұрғындары берік. Басқасын айтпағанда, егемендік жылдары спорт саласында ауыз толтырып айтар жетістіктерге қол жеткізілді. Тек өткен жылдың өзінде 41 спорттық нысан пайдалануға берілді. Олардың басым бөлігін жасанды жамылғысы бар футбол алаңдары, көше тренажерлары бар алаңдар, жабық хоккей корттары, стадиондар мен ойын кешендері құрайды.
Аудандағы спорт саласының дамуында жергілікті балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің алар орны зор. Бұл мекеме 1998 жылы ашылған болатын. Бүгінгі таңда онда 24 жаттықтырушы жұмыс істейді. Қазіргі уақытта мұнда 9-18 жас аралығындағы 548 жеткіншек спортпен жүйелі түрде айналысуда. Бұл – білім саласындағы барлық оқушылардың 10 пайызы. Жалпы 39 топқа бөлінген оқушылар волейбол, шаңғы тебу, еркін күрес, бокс, конькимен жүгіру, гір көтеру, президенттік көпсайыс және футбол үйірмелерінде жаттығады. Былтыр үстел теннисі мен шайбалы хоккейден үйірмелер ашылды.
Біз шәкірттеріміздің жетістіктерімен мақтанамыз. Олардың бірқатары спорттық мансаптарында жоғары нәтижеге қол жеткізді. Атап айтар болсақ, соңғы жылдары 4 спорт шебері, 49 спорт шеберлігіне үміткер даярланса, 72 тәрбиеленушіміз бірінші разрядқа ие болды. Ал 32 түлегіміз Петропавл қаласындағы спортқа дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатқа оқуға түсіп, шеберліктерін ары қарай шыңдай түсті. Олар облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарда сәтті өнер көрсетіп жүргенін атап айтқым келеді. Біздің 5 шәкіртіміз полиатлоннан ел құрамасының сапына алынған. Волейболшыларымыз облыс біріншіліктерінде үнемі үздік үштіктен көрінеді, боксшыларымыз облыс чемпионатында қатарынан бірнеше жыл жалпыкомандалық бірінші орынға ие болуда. Өзге спорт түрлері өкілдерінің де ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері бар.
Қарамағымызда 5 спорттық нысан бар. Олар – еркін күрес пен бокстан оқу-жаттығу жиындары өткізілетін спорт залы, “Құлагер” дене шынықтыру-сауықтыру кешені, “Батыр” бассейні, жасанды жамылғысы бар “Жастар” стадионы және “Sunqar” жабық хоккей корты. 2014 жылы аудан орталығында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылған күннен тұрғындар да спортқа ерекше ден қоя бастады. Бұл ғимараттың жалпы аумағы 1064,9 шаршы метрді құрайды. “Солтүстік-Құрылыс” ЖШС-і салған спорт кешенінде волейбол, баскетбол, футзал алаңдары орналасқан. Ал көрермендерге арналған трибуна 160 орынға шақталған. Бүгіндері 105 ересек пен 95 оқушы 13 үйірмеде жаттығуда.
Алдағы уақытта аудандағы спорт нысандардың саны арта түспек. Мәселен, “Нежинка-Ерке” ЖШС-і шағын футбол алаңын салуды жоспарлап отыр. Раисовка ауылында жабық хоккей кортының құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 8 футбол және 3 балалардың ойын алаңының құрылысы аяқталмақ. Осының барлығы жергілікті ұл-қыздардың саламатты өмір салтын ұстануына, спортта биік шыңдарды бағындырып, аламандарда еліміздің көк туын желбіретіп, әнұранын шырқататынына септігін тигізеріне сенімдімін.
Қарабай ҚАБЫКЕНОВ,
аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры.