Жыл басынан бері өңірде 641 өрт оқиғасы тіркелді. Салдарынан 39 адам түрлі дене жарақатын алып, 45-і қызыл жалын құрбаны болды. Бұл ақпарат облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті өткізген брифингте айтылды.
Мамандардың айтуынша, өрт оқиғалары өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға өскен. Мәселен, 10 айдың ішінде облыста 582 факті тіркеліп, 42 адам қаза тапты. Келтірілген материалдық шығын көлемі 229 млн. теңгені құрады. Соңғы аптаның ішінде облыс аумағында 10 төтенше жағдай болды. Басым бөлігі Петропавлда – 8 оқиға, Қызылжар ауданында – 5, Айыртауда – 3, Мағжан Жұмабаевта – 2, Аққайың, Тайынша мен Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда бір фактіден тіркелді. Өкінішке қарай, тілсіз жау 3 адамның өмірін қиды.
– Қарашаның 6-сы күні екі өрт оқиғасы тіркелді. Бірі – облыс орталығында, екіншісі Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылында болды. Петропавлдағы өртке келер болсақ, Медведев көшесі, 10 мекенжайындағы үйдің маңындағы жылу коллекторында қоқыс жанды. Құтқарушылар түтін арасынан үй-күйсіз жүрген екі адамды шығарды. Ал Бескөлдегі баспананың біріндегі өрт пештен тұтанған. 2014 және 2016 жылдары туған бүлдіршіндер түтінге тұншығып, дереу денсаулық сақтау мекемесіне жеткізілді, – деді облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің басқарма бастығының орынбасары Айдар Мұсатаев.
Брифингте қызыл жалынның алдын алу мақсатында жасалып жатқан жұмыстар жайлы да айтылды. Белгілі болғандай, 2019 жылдан бері өңірдегі жеке тұрғын үй секторында орналасқан баспаналарға 1364 дабылқаққыш орнатылды. Биылғы 10 айдың ішінде құтқарушы мамандар арнайы рейдтер ұйымдастырып, 131 мың адамға өрт қауіпсіздігін сақтау ережелері жазылған жадынамалар табыстады.
Өкінішке қарай, облыстың су қоймаларында қайғылы оқиғалар саны да азаймай отыр. Жыл басынан 22 адам су құрбаны болды, оның 6-уы бала. Ал өткен жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында 9 азамат суға кеткен болатын.
– Көбіне тұрғындар шомылуға тыйым салынған жерлерде суға түседі. Қарапайым сақтық ережелерін елемей, өзен-көлдердің жағасында ішімдік ішеді. Балық аулау кезінде қайықтан құлап, ажал құшқан оқиғалар да бар. Соңғы фактінің бірі – Мамлют ауданына қарасты Чистое көлінде тіркелді. Балықшы көз жұмды, – деді облыстық жедел-құтқару жасағының жетекшісі Марат Абжанов. Құтқарушылар қараша айында көлдердің беті қалың болып қата қоймайтындықтан мұз үстіне шығуға тыйым салады.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.