«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАНЫ АШЫМАСТЫҢ ҚАСЫНДА…

Қазақта “жаны ашымастың қа­сында басың ауырмасын” деген мә­тел бар. Яғни жұртта шаруасы жоқ, өз тұрмысын күйттейтін, кө­мек сұрасаң теріс айналатын, бас­қаға көңіл бөлмейтін тоңмойынға қарата айтылған сөз болса керек. Біздің жергілікті атқарушы билік­те­гілер де сондай ма деген ойға қа­ламын. Әйтпесе, Алаштың рухты ұлдары Мағжан мен Шоқан, Қа­ныштарды орталық саябақтан ысы­рып, мәдениет үйінің жанына апарып тастамас еді ғой. Одан да сорақысы, қаланың көркін келті­ріп, сырт көзге сұс болып, қазақы­лықтың иісін аңқытып тұрған Сә­бит пен Ғабит секілді 6 тұлғаның ескерткіштері ұшты-күйлі жоғал­ған. Алғаш қойғанда-ақ шала-шар­пы, жүрдім-бардым жасалған, әмбе елге аян тұлғаларға түрі ұқсамайтын ескерктіштерді жергі­лікті тұрғындар жаратпай, ащы сын­ды боратқасын, жасаған адам алып кетіп, бет-әлпеті келіңкірей­тін қылып дайындап, қайта орнат­қан еді. Ендігі жағдай мынау. “Ұнат­пап едіңдер, орталық сая­бақ­та оларға орын жоқ” деген сесі секілді ме, қалай? Әлде, ескірген ескерткіш деп санаттан шығарған­дары ма? Әйтеуір, дұрыс жауап беріп, неге алғанын, басқа қандай жоспары бар екенін де түсіндірген билік болмады. Оны айтасыз, кейбірінің қайда кеткенін де білмейтін болып шықты.

– Ескерткіштердің астындағы тұғырлары бүліне бастаған соң алып, қалалық мәдениет үйінің жа­нына әкелдік. Оларды қайта қал­пына келтіру үшін қанша қаражат керегін есептеп, бюджеттен ақша бөлінеді. Ал қалған алтауының қай­да екенін білмеймін, – дейді Пет­ропавл қалалық ішкі саясат бө­лімінің басшысы Азат Ыбыраев.

Есесіне, бұл ескерткіштердің қай­да орналасқанын біз білдік. Борки кентіндегі кәсіптік-педагогикалық колледжінің басшылығы 10 мүсінді оқу орнының аумағына қойған екен. Мақсаты – колледж алдындағы алаңды көркейту. Жөн­деуді қажет етеді деген тұғырсыз, қара жерге қойған.

Көркейту демекші, бұл ескерт­кіш­терді орталық саябаққа орнату үшін бюджеттен 38 миллион теңге бөлінген. Алғашқы әкелінген 34-інің жиырма екісі ұқсамайтын бол­ғасын, шеберге қайтарылған бо­латын. Қалған он екісінің тағдыры осы. Осы мәселеге орай ақсақал­дарды да әңгімеге тарттық. Бәл­кім, арадгерлердің рұқсатын ал­ған шығыр деген үміт те болған. Өкі­нішке қарай, қазаншының өз ер­кі, қайдан құлақ шығарса дегенге ұқсайды.

– Иә, алғаш орнатқанда біз өз на­разылығымызды білдірдік, айт­тық, мынау мүсіндеріңнің түрі кел­мейді деп. Жақсы шыққандарын қалдырды да, жарамсыздарын алып тастаған. Оларды да сырып тастағанын жуырда білдік. Арда­герлер деп, ақсақалдар деп бізді еш­кім ескерткен жоқ, – дейді қалалық ардагерлер кеңесінің төраға­сы Жангелді Тәжин.

Бұл мүсіндердің ендігі тағдыры белгісіз. Облыстық мәдениет бас­қармасы мамандарының айтуын­ша, бұлар мүсін емес, шағын ар­хитектуралық формалар, сондық­тан олар ешбір жерге тіркеуге алын­баған, қалалық әкімдіктің мен­шігі болып қала береді.

Айтпақшы, Сәбеңнің жоғалуы алғаш емес. Жуырда Сәбит Мұқа­нов атындағы 32-мектеп Сәбең атынан айырылуы мүмкін. Қазақ әдебиетінің классигі, жерлесімізге деген “құрметі” ме, әлде, орыс ті­лінде оқытатын білім ордасы бол­ған­дықтан солай істеді ме, әйте­уір, жергілікті атқамінерлердің нем­құрайдылығының тағы бір кө­рі­нісі секілді көрінді. Талай жыл бойына жазушының есімін абы­роймен арқалап келе жатқан мек­тепке не көрініпті? Жуырда ғана қаладағы бірнеше білім ордасына Әлихан Бөкейхановтың, Смағұл Сәдуақасовтың, Ахмет Байтұрсы­нов­тың, спорт мектебіне Қажымұ­қан Мұңайтпасовтың есімдері бе­рілетін болды деп, бөркімізді ас­пан­ға атып едік, ендігісі мынау? Әл­де Алашордашылар енгенде, коммунистерді шығарамыз дегені ме екен? Әйтеуір, түсініксіз бір жағдай.

Түсінбегесін қалалық білім бө­лі­мінің басшысы Динара Рақы­шеваға хабарластық. Оның ай­туынша, ұлы классиктің есімін алу ту­ралы шешім болған жоқ, бюро­кратиялық процесстер деген жа­уап алдық. Мәселенің мән-жайын аталмыш мектептің директоры Сергей Мартемьянов түсіндірді. «Мектеп өткен ғасырдың 73-інші жылынан бері Сәбит Мұқанов атында. Одан ешкім бас тартқан жоқ. Былтыр мектептердің қала­лық әкімдіктен облыстық білім басқармасына өту барысында қай­та тіркеу туралы құжат жинас­тыр­ған кезде 80-інші жылдардағы мек­теп жарғысының бірінде мектеп тек нөмірімен ғана көрсетілген екен, яғни Сәбит Мұқанов атында­ғы деп жазылмаған. Соның кесірі­нен осындай келеңсіздік орын алып отыр, қазір құжаттарды жи­нап, реттеп жатырмыз, алдағы 2-3 аптада қайта тапсырамыз, бұл мәселе оң шешіледі», – деп сен­дірді мектеп директоры.

Тарихта есімі қалған тарлан­дар­дың мазаққа айналуы ұлы­лар­ды ұлықтайтын атқамінерлердің өресіздігі ме, әлде жанашыр ақса­қалдардың жоқтығы ма? Тәйт деп тентегін тыйған, аталы сөзімен бір­лікке шақырған абызымыз болса, шіренген шенеунік те бассыздық­қа бармас еді-ау?! Індете қазып, себебін іздеген жоқпыз. Болған жайды халыққа түсіндірейін деп отырған жан да көрінбейді. Осы­ған тікелей жауапты тиісті ұйым­дар ізі суысын деп миығынан күліп отырған сияқты. Жаны ашыса, қаражат табылып, тұлғалар тұғы­рына қайта қонар еді…

Сағындық МАУҒАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp