«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮШ ЖҮЗДЕЙ КӨШЕНІҢ АТАУЫ ӨЗГЕРДІ

Өңірімізде идеологиялық тұрғыдан ескірген, ауыстыруды қажет ететін 33 елді мекен, 300-ден астам көше мен 13 ауылдық округ атауы бар. Олардың қатарында Куйбышев, Киров, Ленин ауылдық округтері, Буденное, Чапаево, Красный Октябрь, Комсомолец сияқты елді мекендер, сондай-ақ Ленин, Комсомол, Карл Маркс, Совхозный, Советский, Октябрьская, Калинин, Пионерская, Коммунистическая, Комсомольская, Киров, Куйбышев секілді көше атаулары кездеседі, – деп хабарлады облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы.

Новодворовка, Дашка-Николаев­ка, Бахмут, Чермошнянка, Черниговс­кое, Кременчуг, Келлеровка, Обухов­ка, Иван-Город, Белоярка, Большой Изюм, Разгульное, Ялты, Симоновка, Князевка, Рухловка, Тахтаброд, Сазо­новка сынды атаулар осы санатқа жа­тады.

Облыстық мәдениет, тілдерді да­мыту және архив ісі басқармасының басшысы Досбол Әбдірейісовтің ай­туынша, өңір тарихымен үш қайнаса да сорпасы қосылмайтын көше, елді мекен атауларын өзгерту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде.

«Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай отырыстарында берген тап­сырмасына сәйкес облыста ономасти­ка саласын жүйелеу бағытында ке­шенді әрі жоспарлы жұмыс атқарылып келеді. 2022 жылдан бері «Жеріңнің аты – еліңнің хаты» атты іс-шаралар кешені қолға алынған. Аталған жоба аясында облыстың барлық ауданында және Петропавл қаласында «Ономас­тикалық кеңістікті реттеу жолдары» тақырыбында жыл сайын кездесулер өткізіліп тұрады. Бұл жұмысқа елге та­нымал қоғам және мемлекет қайрат­керлерін тартуды дәстүрге айналдыр­ғанбыз», – деді басқарма басшысы.

2020-2025 жылдар аралығында об­лыста 3 ауылдық округ пен 6 елді ме­кеннің атауы өзгертілген. Атап айт­қанда, Кривощеков ауылдық округі – Арай, Ленин ауылдық округі – Бике, Новосел ауылдық округі – Үлкен Қа­раой деп қайта аталды. Кривощеков, Воскресеновка, Карасевка, Ленин, Киевское, Коммунизм ауылдарына та­рихи әрі ұлттық мазмұндағы жаңа атаулар берілген. Осы кезеңде өңір бо­йынша 281 көше атауы жаңартылып­ты.

«Қазіргі уақытта облыстағы атауы жоқ көшелерге атау беру жұмысы жал­ғасып жатыр. Бұл «Жедел жәрдем», өрт сөндіру, полиция секілді жедел қыз­меттердің жұмысын жеңілдету үшін аса маңызды. 2025 жылға арналған Жол картасы аясында Мағжан Жұма­баев ауданындағы 15 көшеге атау беру мәселесі облыстық ономастика комис­сиясында оң шешімін тапты. Қазіргі уақытта ауылдық округ әкімдері заң­намаға сәйкес құжаттарды рәсімдеу жұмыстарын жүргізіп жатыр», – деді Досбол Әбдірейісов.

Былтыр Жеңістің 80 жылдығына орай Қызылжар ауданындағы бір кө­шеге Талғат Бигелдиновтің, ал Уәли­ханов ауданындағы екі көшеге Мән­шүк Мәметова мен Әлия Молдағұло­ваның есімін беру жөнінде шешім қа­былданған. Сонымен қатар Петро­павлдағы «Бірлік» және «Орман» ша­ғынаудандарындағы атауы жоқ көше­лерге атау беру мәселелері қоғамдық тыңдауларда қаралып, тұрғындар тара­пынан қолдау тапты.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp