«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«АПАМНЫҢ ШАЙЫ» ШАЙ ЕМЕС, БОЯУ ЕКЕН…

Шай – жер бетінде ең кең тараған сусындардың бірі. Бүгінде дүниежүзінде шайдың мың жарымнан астам түрі өндіріледі екен. Аталған сусынның жиі ішілетіні соншалықты, бүгінде бір де бір үйдің дастарқанын сүт қосылған қою шайсыз елестету мүмкін емес. Біз сөз етіп отырған сусын көптеген ұлттардың мәдениетіне өзгеріс әкеліп, тіпті, тарихи оқиғаларға себеп болды. Адам өмірінде елеулі өзгеріс жасайтын шешімдердің көбі шай үстінде қабылданатыны да рас. Өткенге көз жүгіртсек, кей елдерде шай салығын енгізген кезеңдер де болған. Әлем дамуының бағытын айқындап, жаңа замандағы ең ілгері ел атанған алып Американың тәуелсіздік алуына да әйгілі «Бостондағы шай ішу» оқиғасы алғышарт болғанын ұмытпаған жөн.

Бояу ішіп жүрміз бе?

Адамзат танымында шайға байланысты аңыз да, наным-сенім де көп. Түрлі жапырақтар салынған ыстық суды Құдайдың адамға берген сыйы деп ұғына­тын халықтар да бар. Әу баста адамдар шайды емдік мақсатта пайдаланған. Түрлі шөптер суға салғанда ерекше қасиеті ашы­лып, адам ағзасына қуат береді деп сенген. Алайда шайдың ағ­заға берер пайдасымен қатар зияны да бар. Жыл басында еліміздің бас санитар дәрігерінің 10 тауар маркасының өнімін са­туға шектеу қою туралы шешімі қоғам назарын аударды. Олар­дың қатарында «Апамның шайы Premium gold», «Al-Hayat Gold», «Балқия Premium gold», «Sultan Suleyman», «Pakistan tea», «Aje Onim», «Al-Jannat Premium» және «Alfarah» шайлары бар. Күн сайын буы бұрқыраған шәйнектен кесесіне ыстық шай құйып, онысын сүті мен қантын келістіре, маңдай тері шыпшып сораптап, иығынан ауыр жүк түскендей бір жасап қалатындардың көбі өздері ішіп жүрген өнімнің сапасына күмәнмен қа­рай бастағаны анық.

«Бас мемлекеттік санитар­лық дәрігердің қаулысымен Ке­ден одағының талаптарына сай келмейтін өнімдерді шекарадан өткізуге, сатылымға шығаруға шектеу қойылды. Халықтың са­нитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздігі саласындағы тергеу­лер барысында шай қаптамала­рында шай өндірісі мен қапта­луында расталмаған мекенжай­лардың көрсетілгені анықталды, бұл қызметті жүзеге асыруға рұқ­сат беру құжаттарының жоқты­ғын көрсетеді. Аталмыш мәселеге байланысты әзірге біздің өңірде сауда орындарын тексеру жұмыстары басталған жоқ. Ал­дағы уақытта департамент ма­мандары дүкендерге бақылау жүргізетін болады», – дейді об­лыстық санитарлық-эпидемио­логиялық бақылау департа­ментінің бас маманы Айнаш Са­ғандықова.

Департамент өкілі аталған шайлардың Кеден одағының «Тағамдық қоспалардың, хош иістендіргіштердің және техно­логиялық қосалқы құралдардың қауіпсіздігі талаптарына» сай емес екенін жеткізді. Құрамы­нан E110, E102, E124 қоспалары табылған. Тағамға күрең түс бе­ретін Е110 бояғышын тұтыну нормасы адамның бір килограм салмағына шаққанда 4 миллиграмнан аспауы керек. Бұл боя­ғыштың нормадан көп болуы балалардың ойлау қабілетіне кері әсер етуі мүмкін. Ал E102 қоспасы сұйықтыққа сары түс береді. Кей елдерде Е102 қосыл­ған өнімдердің қаптамасына ар­найы ескерту жазылады. Бұл бояғышты шай өндірісінде пай­далануға мүлде болмайды. Қы­зыл түс беретін Е124 бояғышы­ның нормасы да Е110 сияқты 4 миллиграмнан аспауы тиіс. Күніне үш мезгіл шай ішпесе басы ауыратын ағайынның бір күнде бірнеше есе көп зиянды бояғыш тұтынып жүргенін елес­тете беріңіз. Бір қызығы, сани­тарлар тыйым салынған шай­лардың қаптамасында бұл қоспалар туралы бір де бір сөз жа­зылмаған. Көп жерде өнімнің құрамы тек «түйіршіктелген қара шай» деп көрсетілген. Тұ­тынушының сеніміне кіру үшін «100 пайыз табиғи өнім», «адам ағзасына зиянды қоспалар жоқ» деп жазып қоятын өндірушілер де бар. «100 пайыз пәкістандық шай» деген өнімнің Пәкістан­ның нақты қай аймағындағы плантациядан жиналғаны тура­лы да ақпарат жоқтың қасы. Бояғыштардың ар­қасында суық суға салсаң да қызыл күрең болып шыға келетін шайдың қаптамасындағы «ыстық су құйып, бірнеше минут күтіңіз» деген кеңесті оқығанда күлкің келеді.

Қазақ даласына қашан келді?

Шайдың күнделікті өмірімізге дендеп еніп кеткені соншалық, жеті атамызға дейін шөлін ыс­тық сусынмен қандырған сияқты көрінеді. Бірақ көшпелі қазақтың түйіршік шай өсіріп, оны жап­пай өндірмегені белгілі. Тарих­шылар қазақтардың далада өсетін түрлі шөптерді жинап, қайнатқанын айтады. Алайда қара шай даламызға сырттан келген.

«Қазақ халқының өз дәстүрлі сусындары болды. Шамамен XVI ғасырға дейін шай ұлттық дастарқанымызға жиі қойылды деп айта алмаймыз. XVII-XVIII ғасырларға дейін бұл өнімді елімізге Жоңғария арқылы өтетін саудагерлер жеткізіп тұрды. Жоңғар мемлекеті құлаған­нан кейін Қытай шайы келе бас­тады. Қытайлықтар мата, жібек­пен қатар шайдың түрлі сортта­рын алып келді. Отаршылдық кезеңде бұл өнім Ресейден жеткізіліп тұрды. Орыстың са­маурыны да қолданысқа еніп, асымызды ыстық шайсыз елес­тете алмайтын болдық», – дейді Назарбаев зияткерлік мектебі тарих пәнінің мұғалімі Сарыхан Кәрімжанұлы.

Осылайша бірнеше ғасыр­дың ішінде қазақ халқының өзіндік шай ішу мәдениеті, оны қайнату дәстүрі пайда болды. Бір қызығы, сүт қосылған шай­ды қазақтармен қатар ағылшын­дар да көп ішеді екен. Бұрынғы заманда олар қымбат ыдыстарда қара шайдан дақ қалмау үшін су­сынға сүт қосуды үйренген.

Зерттеушілердің пікіріне сенсек, қазақ әлем бойынша шайды ең көп тұтынатын 10 елдің қатарына кіреді. Шай іш­кенді жақсы көргенімізбен еліміз шай өндірмейді. Бұл өнімді біз көбіне Үндістан, Ке­ния елдерінен тасымалдаймыз.

Табиғи өнімді қалай табамыз?

Бүгінде дәмханалар мен ко­феханалардан шайдың небір түрін кездестіруге болады. Қала­да шай сатуға маманданған бір­неше арнайы дүкен бар. Алайда сонша өнімнің ішінен сапалы­сын таңдау оңай емес. Қаптама­сына қызығып алғаныңыз отба­сыңыз бен үйге келген қонақ­тардың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін. Ал кей қоспалардың әсері бірден білінбегенмен, уа­қыт өте келе байқала бастайды. Сондықтан шай аларда мұқият болған жөн.

«Ең алдымен, түйіршіктердің иісіне мән беру керек. Мысалы, цитрус шайының иісі қаптама­ны ашқанда бүкіл үйді алып ке­туі мүмкін. Алайда қайнатқан кезде бұл иіс қатты сезілмейді. Дәмі де сіз ойлағандай қанық болмауы қалыпты. Бірақ бұл – нағыз табиғи шайдың басты белгісі. Ал егер шайдың иісі ыс­тық суға салғаннан кейін де бұр­қырап тұрса, онда бұл хош иіс­тендіргіштердің көп екенін көр­сетеді», – дейді «Твоя чашка» шай дүкенінің негізін қалаушы Сергей Ражковский.

Білетіндер шайдың түсі оның сапасының көрсеткіші емес екенін айтады. Табиғи шай қап-қара болып шықпайды. Шай жапырақтарындағы арна­йы пигмент қана шайға күрең түс береді.

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp