«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«ШЫНДЫҚТЫ ЖАЗБАЙТЫН ЖУРНАЛИСТ – ЖУРНАЛИСТ ЕМЕС»

– Кәрібай Иманжанұлы, сіз Парламент Мәжілісінің VI шақы­рылымда депутат болдыңыз. Ха­лық қалаулысы ретінде ел тұр­ғындарын алаңдатқан қандай мәселелердің оңынан шешілуіне ұйытқы болдым деп нық айта ала­сыз?

– Депутаттың басты міндеті – заң шығару процесіне қаты­су. Мен Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің депутаты, кейінірек хатшысы ретінде ең­бек, жұмыспен қамту, көші-қон мәселелеріне қатысты 4 заң жо­басын талқылау жөніндегі жұ­мыс тобына жетекшілік еттім. Шетелдегі ағайынның атажұрт­қа бет түзеген ұлы көшінің жо­лындағы кейбір бөгесіндерді алып тастаудың сәті түсті. Қазір олар бір жылдың ішінде Қазақс­тан азаматы атана алады. Сон­дай-ақ қандастарымыздың қан­дас куәлігі мен Қазақстан азаматтығын алу үшін бұрынғыдай екі рет емес, бір-ақ рет құжат тапсыру мүмкіндігін де заң жүзінде қарастырдық.

Уәлиханов ауданында тұра­тын бірнеше ата-ана маған пси­хологиялық-педагогикалық тү­зету кабинеттері дамуында ауыт­қушылығы бар балаларды 7 жас­қа дейін ғана қабылдайтынды­ғын айтып шағымданды. Мен сол кездегі Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке де­путаттық сауал жолдап, осы мә­селені көтердім. Көп ұзамай бұл проблема оң шешімін тапты. 2016 жылғы жазда Петропавл қаласындағы М. Қозыбаев атын­дағы СҚУ мен колледждерде «Серпін» әлеуметтік жобасы бо­йынша оқып жүрген мыңнан ас­там студенттің өкілдері мені із­деп келіп, «Қызылорда – Көк­шетау» пойызының бағытын Петропавл стансасына дейін ұзартып беруді сұрады. Осы жөніндегі депутаттық сауалыма сол кездегі Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек құлақ асып, «Қызылорда – Аста­на» пойызын 2017 жылғы ақпан айынан бастап Петропавлға дейін қатынайтын қылды. Қазір бұл пойызды жұрт «Құдалар по­йызы» деп қалжыңдай атайды. Бұлардан бөлек ондаған мәсе­ленің түйінін тарқатуға атсалыс­қанымды мақтанышпен айта аламын.

– Сіздің елордада көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеневке арналған ес­керткіштің ашылуына мұрындық болғаныңызды естіген едім. Бұл рас па?

– 2019 жылы облыстың бір топ азаматы маған хат жолдап, елордада қазақтың ардақты пер­зенті Жұмабек Тәшеневке ес­керткіш орнатуға көмектесуімді сұрады. Мен осы жөнінде аста­наның сол кездегі әкімі Бақыт Сұлтановқа хат жазып, халқымыз айрықша ардақ тұтатын та­рихи тұлғаға лайықты ескерткіш орнатуды өтіндім. Мәселе 2021 жылы оңынан шешіліп, Ж.Тә­шенев көшесінің бойында оған тамаша ескерткіш орнатылды.

– Бір мақалаңызда «Пара­қорлығының исі мүңкіп тұрғаны үшін қызметінен алынған басшы­ның, дарынсыз журналистің, әл­дебіреулерге кандидаттық дис­сертация жазып берген ғалымның «құрметті азамат» атанғанын жұрт күлкі етіп айтып жүр» депсіз. Жалпы атақ-марапаттар­дың құнын түсіріп алған жоқпыз ба?

– Біз, аға буын өкілдері – ке­ңес заманында тәрбиеленген ұр­пақпыз. Сондықтан атақ-мара­патқа тым құмармыз. Әйтпесе, олардың көбінің еш құны жоқ еді, қазір де солай. Мен облыс­тық бұқаралық ақпарат құралда­рын 19 жыл басқарғанымда ме­рейтойлық медальдармен ғана наградталдым. Есесіне, бес жыл Мәжіліс депутаты болғанымда «Құрмет» орденін алдым. Ол ең­бегіме берілген әділ баға деп ой­лаймын.

– Өзіңізді өмірде жолы бол­ған, бақытты адам деп санайсыз ба? Сіздің түсінігіңізде бақыт ұғымының өлшемі бар ма?

– Бақыт деген – салыстыр­малы ұғым. Мысалы, өмір бойы дімкас болған адам ғайыптан дертінен сауығып кетсе, соны зор бақыт деп санайды. Мен Алла Тағалаға сенетін тәубешіл жанмын. Журналист және бел­сенді ұстанымы бар азамат ретінде біраз биікке жеттім. Пенде ретінде жағдайым да жаман емес. Барға – қана­ғат, жоққа – сабыр етуді әдетке айналдырғанмын. Бақыт дегеннің өзі қана­ғат болса керек.

– Сіз әлеуметтік желіде белсендісіз. Өңір­дегі олқылықтарды жиі сынайсыз? Түйіні тарқа­тылмай келе жатқан қай мәселелер алаңдатады?

– «Сын түзелмей, мін тү­зелмейді» дейді халқымыз. Мен сын жазсам, шындықты жаза­мын. Мәселен, Қызылжар өңіріндегі көптеген қазақ ауыл­дарының бүгінгі жағдайы мәз емес. Әсіресе Жамбыл ауданын­дағы қазақ ауылдары шетінен жабылып жатыр. Тіпті классик жазушы Ғабит Мүсіреповтің ту­ған ауылы – Жаңажолдың да халі мүшкіл. Жолдың жоқтығы­нан тұрғындары жан-жаққа көшіп, түтін саны азайып қалды. Осылай жалғаса берсе, бұл елді мекен де атақты қаламгерлер Сәбит Мұқанов пен Сафуан Шаймерденовтің туған ауылда­рының кебін киіп, тарап кетуі мүмкін. Ал біз «Ауыл – ел бесігі» дейміз. Осы сөз атау етіп алын­ған мемлекеттік бағдарлама да бар. Алайда оған тірек және серіктес елді мекендер ретінде енгізілген қазақ ауылдары біздің облыста көп емес. Мен кезінде Ғабеңнің Жаңажол ауылын аталған жобаға енгізуге тырыс­қаныммен, осы жөніндегі ұсынысымды бұрынғы облыс басшылығы қолдаған жоқ. Әйтеуір, жоғарыда айтқанымдай, қиян шеттегі қаймағы бұзылмаған қа­зақ ауылы – Қулыкөлге тірек ауыл мәртебесі беріліп, жарқын болашағына жол ашылды.

Қызылжар өңіріндегі қазақ ауылдарының құруына жол беру – ұлттық мәдениетімізге, ана тілімізге, ата салт-дәс­түрімізге ауыр соққы болып тиетін келеңсіз жағдай екендігін түсінуіміз қажет. Мен сынап жүрген кемшіліктің негізгісі осы. Ауылды сақтап қалу үшін ең керегі – көлік жолдарын қал­пына келтіру. Облыста бұл мәсе­ле жеткілікті шешімін таппай келеді. Осы орайда көрнекті мемлекет және қоғам қайрат­кері, жерлесіміз Еркін Әуелбе­ков бұрынғы Көкшетау облы­сын басқарған кезінде әр ауылға асфальт жол салғызғанын айта кеткен жөн. Сол жолдардың көбі бүгінде әбден тозса да, жеңіл көліктің ақырындап болса да жүруіне жарап тұр.

Жалпы шырылдап тұрған шындықты жазбайтын журна­лист – журналист емес, аузын буған өгіз. Бұл ретте бізге марқұм Мәлік Мұқанов пен қолынан қаламын әлі тастамаған Жарас­бай Сүлейменов сынды әріптес ағаларымыз ұмытылмас үлгі болды.

– Соңғы уақытта жасанды ин­теллектіні дамыту мәселесі жиі қаузалып жүр. Президентіміздің өзі ЖИ-ді дамытпай, жаһандық бәсекеге төтеп берудің мүмкін емес екенін айтты. Адамзат бала­сы өзі ойлап тапқан өнертабысқа болашақта өзі тәуелді болып қал­май ма? Сіз қандай пікірдесіз?

– Қазір күнделікті тұрмысы­мызда жасанды интеллектінің игілігін көре бастадық. Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев оны дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Былтырғы Жол­дауында Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керектігін атап айтып, жаппай цифрлан­дыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғырту мақсатын алға қойды. Өз Жар­лығымен осы жылды Цифрлан­дыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Мұның бәрі еліміздің көштен қалып қоймауы үшін жасалып отыр. Демек, баршамыз жаңалықты жатсынбай қабылдауымыз қа­жет. Ал жасанды интеллектіден қауіптенуге болмайды деп ой­лаймын. Өйткені адам жасаған нәрсенің бәрі адамға тәуелді бо­лып келді, алдағы уақытта да со­лай болуға тиіс.

– Қазір немен айналысып жүрсіз?

– «Egemen Qazaqstan» рес­публикалық газетінің редакция­сында шарт бойынша жұмыс іс­тейтін қатардағы журналиспін.

– Қаламы қарымды журна­лист қана емес, дарынды ақын­сыз. Журналистика мен ақын­дықты қатар алып жүру қанша­лықты қиын?

– Жұмысбастылықтан шы­ғармашылықты қоя тұруға тура келген кездер болды. Дегенмен өлең жазудан ешқашан мүлдем қол үзген жоқпын. Әлі де жазып жүрмін.

– Қандай өкінішіңіз бар?

– Әрине, пенде болған соң қателескен сәттерім болды. Бі­рақ өзегімді өмірімнің соңына дейін өртейтіндей өкінішім жоқ. Ең бастысы – ұзақ жылдар бас­шылық қызметте жүргенімде ба­рынша әділ болуға тырысып, қарамағымдағы қызметкер­лердің қайсысына болсын қол­дау көрсеткеннен басқа, еш қия­нат жасаған жоқпын деп ойлай­мын.

– Ашық әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Нұргүл ОҚАШЕВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp