«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

УАҚЫТПЕН САНАСУДЫ БІЛМЕЙДІ

Ақ қайыңдар өлкесінің қытымыр қысы даламызға сән беріп, табиғатты ажарландырып қана қоймай, кейде «ұшпадай бөркін оқшырайтып киіп» алып әлек салатынын жерлестеріміз жақсы біледі. Кейде төпелеп жауған қар мен ұйытқыған боран коммуналдық қызмет мамандарын да әбігерге салып жатады. Көшелердің толассыз жауған ақ ұлпадан лезде тазартылуы – қарапайым еңбек адамдарына жүктелген міндет. Бұл жұмыстың қызығымен қатар қиындығы да бар. «Благоустройтво-Север» ЖШС-ның трактор жүргізушісі Ерболат Жармағамбетовтің жанында бір күн жүріп, коммуналдық қызметтің тыныс-тіршілігімен танысып қайттық.

Екі ауысымдағы еңбек

Сағат тілі кешкі алтыны көр­сетпестен қала көшелерінде кеп­теліс орын алды. Тұрғындардың бірі жұмыстан үйіне бет алса, енді бірі балабақша мен мектепке же­туге асық. Коммуналдық қызмет өкілдерінің жұмысы дәл осы жұрт жұмыстан үйге қайтқан сәтте қыза түседі. Өйткені таңалагеуімге дейін қалың қар басқан көшелерді мұнтаздай етіп тазалап, тұрғын­дардың қиындықсыз жүріп-тұ­руына қолайлы жағдай жасау қа­жет. Уақытпен санасуды білмейтін еңбек адамдарының бұл жұмысы қандай құрметке болсын лайық.

– Боранды күндері екі ауы­сымда жұмыс істейміз. Бірінші топ кешкі сегізден таңғы алты-жетіге дейін көшені қардан таза­ласа, екінші топтың жұмысы таңғы сегізде басталып, кеш қа­райғанға дейін жалғасады. Шыны керек, қыс мезгілінде түнде сирек ұйықтайтынымды жасырмаймын. Таңғы уақытта тұрғындардың қозғалысына еш­қандай кедергі болмауы керек, – дейді Ерболат Жармағамбетов.

Ерболат Бауыржанұлы 1974 жылы Есіл ауданындағы Талапкер ауылында дүниеге келген. Әкесі ғұмыр бойы механизатор болып жұмыс істепті. Жастайынан әке жолын қууды армандаған кейіп­керіміз мектепті тамамдағаннан кейін арнаулы оқу орнында білімін жетілдірген. 20 жылдан бері трактор тізгіндеп келеді. «Благоустройтво-Север» серік­тестігінде еңбек етіп келе жатқа­нына биыл он жеті жыл.

«Біз автогрейдерлердің со­ңына ілесіп отырамыз. Қарды көліктің алдындағы күрекшемен қырып, артындағы сыпырғымен сыпырамыз. Содан кейін жол­дың ортасына жиналған қар ар­найы машиналарға тиеледі. Ас­фальттағы жол белгілері анық көрінуі үшін үстінен қайта сы­пырып шығуға тура келеді. Бір жұмыстың сәт сайын қайталана бергені жүйкемізге салмақ сал­май қоймайды», – дейді ол.

Адамдар қайда асығады?

Сағат түнгі он шамасында Жамбыл көшесінің бойын қар­дан тазалау туралы тапсырма түсті. Бірден сол жерге аттан­дық. Кейіпкеріміз, ең алдымен, көшеге қар тазалау жұмысы жүргізіліп жатқанын көрсететін арнайы белгілерді қойып шық­ты. Содан кейін негізгі жұмы­сына кірісе бастады. Трактор­дың ішінде отырып байқағаны­мыз, жолдың тазаланып жатқа­нын көре тұра жол белгілерін елемей ерсілі-қарсылы жүйт­китін көліктер көп. Осы ретте жазушы Оралхан Бөкейдің: «Қазіргі адамдардың бәрі асы­ғыс. Бірақ қайда асығып бара жатқандарын өздері де білмейді. Білсе, асықпас еді ғой», – деген сөзі ойға оралады.

Кейіпкеріміз жұмыс бары­сында түрлі төтенше жағдайлар мен оқыс оқиғалардың орын алатынын бүгіп қалмады. Қар күреп жүрген тракторлардың ал­ды-артынан өтіп кетпек болған талай көлік коммуналдық қыз­мет машиналарымен соқтығыс­қан. Сағат он бірге қарай «темір тұлпарлардың» қатары азая бас­тады. Дәл осы кезде коммунал­дық қызмет маманы алаңсыз жұ­мыс істеуге кірісіп кетті.

Ауласын тазаламайтындар бар

Петропавл қалалық тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және ав­томобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы Бердімұрат Баймұқанның айтуынша, қала көшелерінің жалпы ұзындығы 366 шақырымды құрайды. Ком­муналдық қызмет мамандары қыс мезгілінде көшені жоспар­лы тазалау үшін облыс орталы­ғын тоғыз секторға бөледі екен. Тоғыз учаске бойынша жолдар­ды қысқы тазалау мен күтіп-ұс­тау жұмыстарына 170-тен астам техника жұмылдырылады. Қыс­қа дайындық барысында 5 мың текше метр құм-тұз қоспасы мен көктайғаққа қарсы 250 тонна реагент дайындалған. Қар таза­лау жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіледі. Алдымен магист­ральдық көшелер, тротуарлар және әлеуметтік нысандарға кі­реберістер тазалануы тиіс.

Ерболат Жармағамбетов жұ­мыс барысында қаланың шеткі «Солнечный», «Жұмысшы», «Береке», «Ойқала» шағынау­дандарына да жиі барады. Оны жер үй тұрғындарының өз аула­ларына салғырт қарайтыны алаңдатады. «Жер үйлерде тұра­тын азаматтар өз баспаналары­ның маңайын тазалауға келген­де көп жағдайда енжарлық та­нытады. Әрине біз жалғыз тұра­тын, жасы егде тартқан жандарға өкпелей алмаймыз. Тепсе темір үзетін жігіттердің қар тазалай­тын тракторлардың жолын то­сып тұратынына қайран қалмас­қа амал жоқ», – дейді ол.

Отанды сүйсең — таза ұста

Ерболат Бауыржанұлының жанында өткізген уақытта оның өз жұмысына адал екенін ұққан­дай болдым. Түнгі үште тракто­ры істен шығып, оталмай қалды. «Басшылыққа «Сынып қалды», «Анау жоқ, мынау болмай тұр», «Уақыт жетіспейді» деген сыл­тауларды айтқым келмейді. Ша­мам келсе өзім жөндеуге тыры­самын», – дейді ол. Қар тазалау­шы екеуіміз тек жұмыс жайын ғана әңгіме өзегіне айналдырған жоқпыз. Жастар, қоғамдағы кейбір келеңсіздіктер, отаншыл­дық тақырыбында да тереңнен ой қаузадық. Ол әңгіме бары­сында жуырда Президенттің «Turkistan» газетіне берген сұхба­тын оқып шыққанын айтты. Мемлекет басшысының: «Отан­шыл болу – туған еліңнің, отба­сыңның игілігі үшін аянбай еңбек ету деген сөз. Отан отбасың­нан, аулаңнан, көшеңнен баста­лады. Сондықтан айналаңды ая­лап, табиғатты таза ұстау керек», – деген сөзін жаттап алғанын, оны реті келгенде әріптестеріне де айтып беретінін жеткізді. Ішімнен риза болып, сүйсінгенімді жасырмаймын.

Ерболат Жармағамбетов өзі тізгіндеген тракторды аптасына бірнеше мәрте жуып, тап-таза қалпында ұстайды екен. Жүргі­зуші отыратын кабинаны құдды бір шағын бөлме дерсің. Жүргі­зушіге қажетті заттардың барлы­ғы өз орнында, айнадай жылты­рап тұр.

Сағат тілі таңғы бесті көрсет­кенде кейіпкеріммен қимай қоштасып, үйге қарай бет ал­дым. Ал ол жұмысын жалғасты­рып жатты.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp