Қазақта не көп, той көп. Соның бірі – мерейтой. Есімдері елге белгілі тұлғалардың 60,70,80 жасқа толған қуаныштарынан бөлек, олардың дүниеге келген, өмірден озған күндерін де ел-жұрт болып атап өтуді әдетке айналдырып алдық. Бұл аз десеңіз 25, 30-ға толғандар да қуанышын жұртпен бірге айрықша тойлауға әуестеніп барады.
Қайсібір жылы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы Абайдың туған күнін атап өтуге қатысты: «Мерейтой барысында ысырапшылдыққа жол бермей, ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеуіміз керек», – деген болатын.
Мемлекет басшысының бұл тапсырмасына орай жер-жерлерде жақсы жобалар қолға алына бастады. Алайда мерейтойлардың мән-мағынасы, көздеген мақсаты өзгере қойған жоқ. Тұлғалар туған күндерді бәйге, көкпар, айтыс, одан қалды эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін гала-концерттермен байланыстырып, халықты қайталана беретін бағдарламамен мезі қылудан әрі аса алмай келеміз.
Қызылжар өңірінен ғұмырларын қазақтың бақытты болашағы жолына арнаған ардақтылар аз шықпаған. Дүниеден озып кетсе де, халық жүрегінде сақталған жандардың 90, 100, 120, 125, 130 жылдық мерейтойлары кеңінен аталып өтіп жүр. Сондай іс-шараларда байқайтынымыз, мерейтой иелерінің еткен еңбегі, атқарған қызметі, қалдырған мұрасы, салған ізі, тындырған ісі көп жағдайда көмескіленіп, көлеңкеде қалып қояды да, ұйымдастырушылардың абыройы асқақтай түседі. Мерейтойдың мақсаты – тұғыры биік тұлғалардың жүріп өткен жолдарын жас ұрпаққа үлгі-өнеге қылу емес пе?
Қалтасы қалың азаматтар арасында өздерінің ата-бабаларына арнап жиын өткізіп, ас беретіндер көп. Құрметке бөленіп жатқан марқұмдардың қатарында балаларын асырау мақсатында ғана жұмыс істеп, отбасының тату өмірі төңірегінде ғана тірлік еткендер бар. Есесіне қоғамдық жұмыстарға білек сыбана кірісіп, мемлекет ертеңі үшін аянбай тер төккен небір игі жақсыларымыздың ерен еңбегі, іздеушісі жоқтықтан болар, ақын Мұқағалиша айтсақ, «шаң басқан архивтерде жатыр».
Жуырда өңірімізге келген саясаткер Дос Көшіммен осы тақырып төңірегінде әңгімелесудің сәті түсті. Оның айтуынша, тұлғаның мерейтойын атап өту әдебі елдің кешегісімен сабақтасып тұрғанда ғана өз миссиясын орындайды. Бюст қою, көшеге атын беру, алаң ашу – бұлардың ешқайсысы о дүниелік болған аруақтарға пайда тигізбейді, өзіміздің жас ұрпақ алдындағы мәртебемізді биіктету үшін ғана жасалып жатқан дүние. «Қазақ қайтқан адамның сыртынан ешқашан жаман сөз айтпаған. Керісінше, мақтап, мадақтаған. Біз атап өтіп жүрген мерейтойлардың көбінің форматы бір-біріне ұқсас: дәріптейміз, әлеуметтік нысандардың біріне атын береміз. Бұл қате. Тұлғаны жастар санасында жаңғырту үшін оның ел үшін еткен еңбегін негізгі аргументке айналдыра білуіміз керек», – дейді Дос Көшім.
Тұлғаның мерейтойы – ұлтқа ортақ ұлағат. Мұндай тойларда асыл азаматтың ерлік істері, атқарған сан-салалы қызметі үлгі ретінде айтылып, қоғамға кеңінен дәріптелуі тиіс. Мерейтойға шақырылған меймандардың да мақсаты ас ішіп, аяқ босату емес, жиналған қауымның жаны жадырардай естеліктермен бөлісу. Өкініштісі, соңғы кездері мұндай қасиеттен ажырап бара жатқандаймыз. Смағұл Сәдуақасов, Ғалым Малдыбаев, Сафуан Шаймерденов, Кәкімбек Салықовтардың мерейтойларына орай өткізілген іс-шаралардың басы-қасында жүріп, сырттан келген меймандармен емен-жақын пікірлескен едім. Әрине, олардың барлығына бірдей топырақ шашудан аулақпын, алайда біразы мерейтойлары аталып өтіп жатқан тұлғалардың өмірбаянынан хабарсыз болып шығады. 2022 жылы Сафуан Шаймерденовтің мерейтойына орай өткізілген айтысқа қатысқан үш ақын қаламгердің бірде-бір шығармасын оқымағанын айтты. Сол ақындардың бірі сахнада көр-жерді сөз етіп, жүлделі орындардың бірін еншіледі. Жаным ауырды. Сөз додасы аяқталғаннан кейін оған не айтарымды да білмедім. Құттықтауға арым жібермеді. Ақын Ғалым Малдыбаевқа арналған конференция қатысушыларының арасында жерлесіміздің қандай еңбектері бар екенін сұрап жатқандар табылды.
– Айтулы тұлғалардың 75, 100, 125 жылдық тойлары мемлекеттік деңгейде міндетті түрде тойлануы керек. Оған ешкім қарсы бола қоймас. Ал 50, 60 жылдық мерейтойларды отбасы, туыстар арасынан асырмаған жөн деп санаймын. Қоғамда мақтаншақтық тенденциясы белең алып бара жатқандай. Неге десеңіз, еске алу іс-шараларының көбінде бос сөз көп айтылады. Тұлғаның туғанына қанша жыл толғаны емес, ұлт руханиятына салған олжасы маңызды рөл атқарады, – дейді жазушы-журналист Жақсыбай Самрат.
Мерейтой мерзімі жақындаса болды, көз көргендерді түгендейтін әдет қалыптасып келе жатқанын да жасыра алмаймыз. Жуырда Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада ақын Әмина Шалабаеваның 110 жылдығына арналған еске алу кеші өтті. Баяндама жасағандар қаламгердің ғұмырдариясының бетін ғана қалқып айтып, оның шығармашылығына, қазақ әдебиетіндегі алар орнына терең бойлаған жоқ. Сөз сөйлегендердің кейбірі ақынның бауыры Ерік Асқаровтың балалық шағына шолу жасап кетті. Кештің негізгі мақсаты жиналғандарға Әмина апамыздың қазақ әдебиетіндегі рөлін жеткізу еді.
Ардагер ұстаз Гүлшат Рамазанованың айтуынша, әр адамның өмірден алар өз орны бар. Алайда жөн білмейтіндердің кесірінен тұлғаларды асқақтатамыз деп, қалай аласартып алғанымызды байқамай да қаламыз. «Мерейтой өткізудің өз талаптары болуы керек. Қазір мұны қадағалап жатқан ешкім жоқ. Кітапханада ұйымдастырылатын іс-шаралар қаздың балапандарындай бір-бірінен аумайды», – дейді ол.
Мерейтойларды өткізу барысында асыра сілтейтініміз де жалған емес. Бір жерлесімізді ұлықтаймыз деп тәулік бойы конференция, спектакль, бәйге, айтыс, күрес өткізіп, жиналған жұртшылықты әбден мезі қылатын жағдайлар да кездеседі. Ұлттың бағы үшін туған кейбір ұлы тұлғаларды ұлықтауға келгенде сараңдық танытатынымызды да бүгіп қала алмаймыз. Мәселен, былтыр қазақтың ардақты ғалымы Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығы атаусыз қалды. Мұның өзі мерейтойларды өткізуде бірізділік пен ортақ талаптың жоқтығын көрсетеді. Әлде алалаушылық па?
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
«Soltüstık Qazaqstan».