Адам жасы ұлғайған сайын өткен өмір жолында кездескен игі жақсыларды жиі еске алып, сағымға айналған жылдарға ойша сапарлайды екен. Бала кезімізде құлын-тайдай тебісіп бірге өскен досым, деректі және анимациялық фильмдердің режиссері Ерсайын Әбдірахманов тірі болса биыл 80 жастың сеңгіріне көтерілер еді. Жазмыштан озмыш жоқ. Бес күн жалған дүниеден ерте өтіп, қабырғамызды қайыстырып, жанымызды жаралап кетті.
Біз Ерсайын екеуіміз – бір ауылдың тумасымыз. Мағжан Жұмабаев ауданының Теңелдік деген ауылындағы мектепке бірге бардық. Кейін біздің ауылдан 6-7 шақырым жерде орналасқан Сарытомар елді мекеніне қоныс аудардық. Себебі ауылымыз 1965 жылы ыдырап, жұрты ғана қалды.
Мен 8-сыныпта Петропавлдағы қазақ мектеп-интернатында (қазіргі Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаты) білім алдым. Ерсайын оқуын Сарытомарда жалғастырды. Екеуіміз де Сарытомарда бірнеше жыл жұмыс істедік. Арамыздан қыл өтпес достарға айналдық.
Ерсайын Әбдірахманов ата- ананың тәлімді тәрбиесін көрді. Анасы марқұм Қайныш Мәдиқызы баласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірді. Екеуіміздің кеш батқаннан түннің ортасына дейін шүйіркелесіп отырғанымызды көрген ол: «Бәлен сағаттан бері бір орында тапжылмай отырсыңдар. Не айтасыңдар осы?» – деп ренжіген сыңай танытып дастарқан басына шақыратын. Қазір ойлап қарасам досым екеуіміз өзіміздің ғана емес, сүйікті кәсібіміздің ертеңі, елдің болашағына қатысты әңгімелескен екенбіз.
Ауылға кино айына бір-ақ рет келетін. Соған бүкіл ауыл болып баратынбыз. Ол кезде теледидар жоқтың қасы. Радионың өзі санаулы үйде болатын. Ауыл балалары елге қатысты ақпараттың барлығын газет-журналдан табады. Ерсайынды киноға деген махаббат ынтықтыра түсті. Ол кинодағы кейіпкерлердің әр қимылына баса назар аударып, сөйлеген сөздерін, жасаған қимыл-әрекеттерін талдап отыратын. Біз болсақ, киноның мазмұнын, алған әсерімізді айтумен ғана шектелетінбіз.
Мектеп бітірген соң арман қуып Алматыға аттандық. Ауылдағы алаңқайдан басталған достығымыз Алатау баурайында жалғасын тапты. Студенттік шақта да бала кезіміздей бір-бірімізге тірек болып, арман-мақсаттарымызға бірге қадам бастық. Сенбі-жексенбіні бірге өткізіп, студенттік кезеңнің қызығы мен шыжығына бөлендік.
Ерсайын жас кезінен сурет салуға құштар еді. Жоғары оқу орнында білім алып жүрген кезінде Алматыдағы басылымдарға тырнақалды туындылары жиі жарияланатын. Баспа бетіне алғаш шыққан «Ақ көгершін» деп аталатын суреті көзі қарақты оқырманның оң пікіріне ие болды. Бұл жетістікті жалғыз Ерсайын ғана емес, біз де ортақ қуаныштай қабылдадық.
Жазғы демалыста алып- ұшып ауылға жетеміз. Көкорай шалғын белден жидек, шие теруге бірге баратынбыз. Таңертең үйден шыққаннан кешке бір-ақ оралатын сәттеріміз аз кездеспеді. Одан қалды ауыл балаларымен бірге футбол, волейбол ойнаймыз.
Ерсайын жоғары оқу орнын бітірген соң жолдамамен Петропавл қаласындағы мектептердің біріне жұмысқа орналасты. Бір жылдан соң Отан алдындағы борышын өтеу үшін Алматыға аттанды. Оның содан кейінгі еңбек жолы мен өмірі алып шаһарда өрбіді. «Қазақфильмнің» белді мамандарының бірі атанғанына іштей сүйсініп жүрдім. Мені тағдыр Ақтау қаласына алып кетті. Оңтүстік Астанамызға жол түскенде Ерсайынның үйіне соқпай кетпейтінмін. Сүйіп қосылған жары Қатира ыстық ықыласымен қарсы алатын.
Екеуіміз Қазақстанның қос түкпірінде жүрсек те бір-бірімізбен телефон арқылы байланысып тұрдық. Кейде хат жазысатынбыз. Телефонмен сөйлескен сайын балалық шаққа саяхат жасап, көңіліміз марқайып қалатын-ды. Ерсайынның күлкісінен шынайылық сезіліп, жанымызды жадырататын. Солай өміріміз зулап өтіп жатты.
Бір күні қызым бір жігітпен көңіл жарастырып жүргенін, тұрмысқа шыққысы келетінін айтты. Алғашқы қуанышымның басты қонағы Ерсайын Әбдірахмановты тойға арнайы шақырдым. Ол міндетті түрде келетінін жеткізіп, көңілімді марқайтып қойды. Тойдың боларынан боладысы қызық емес пе? Маңызды іс-шараның қамымен жүгіріп жүрміз. Алматыдан құдаларымыз келді. Қызымызды құтты орнына шығарып салдық. «Тойыңа міндетті түрде келемін», – деп уәдесін берген Ерекеңнен хабар болмады. Жүрегім бірдеңені сезгендей, үй телефонына қоңырау шала бердім. Ешкім көтерген жоқ. Келесі күні тағы да хабарластым, бұл жолы Ерсайынның қызы Әйгерім жауап берді. Ерекеңнің дауысын естуге асық мен амандық-саулық сұрасқаннан кейін телефонды әкесіне беруін өтіндім. Ол әкесінің үш күн бұрын о дүниеге аттанып кеткенін айтты. Өкіріп жыладым. Өзімді өмір деп аталатын аралда жалғыз қалғандай сезінгенімді қалайша жасырайын! Адамның өмірі сынаптан да жылдам екенін сол кезде ұққандай болдым. Ерсайынның арманы көп еді, ол өзін ғана ойламайтын. Айналасының, ағайын-туысының, бауырларының да мақсаттарына ұмтылғанын қалайтын. Оның елге бергенінен берері көп еді.
Қалымжан ӨТЕУЛЕНОВ,
Ақтау қаласының тұрғыны.
Маңғыстау облысы.