Парабиатлоннан Германияда өткен әлем кубогы кезеңінде жерлесіміз Ербол Хамитов табысты өнер көрсетіп, ел қоржынына екі жүлде салды. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов әлеуметтік желі арқылы спортшыны айтулы жетістігімен құттықтады.
«Ербол LW 12 санаты бойынша 7,5 шақырымдық қашықтықта қола медаль, сондай-ақ 0,9 шақырымдық спринтте күміс жүлде жеңіп алып, жоғары деңгейде өнер көрсетті. Бұл нәтижелер XIV Қысқы Паралимпиада ойындарына дайындықтың маңызды бөлігі болып табылады. Алда Ерболды Польшада өтетін әлем кубогының тағы екі кезеңі күтіп тұр. Сәттілік тілеймін!» – деп жазды өңір басшысы.
Германиядағы әлем кубогына өңірімізден басқа да спортшылар қатысты. LW12 санатында Сергей Усольцев 11-орынға, Юрий Березин 13-орынға тұрақтады. Ал LW6 санатында Александр Герлиц мәреге төртінші болып келді.
Парабиатлоннан әлем кубогына 17 елден 70 спортшы қатысты.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».