«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛДІКТІҢ ЖАУАПТЫ КЕЗЕҢІНДЕ БІРЛІК ПЕН БАЙЫПТЫЛЫҚ МАҢЫЗДЫ

Сыр бойындағы сәу­летті шаһар, ұлт та­рихының қазыналы қаласы Қызылордада бесінші мәрте шақы­рылған Ұлттық құрыл­тай отырысы жоғары деңгейде өтіп, ел тағ­дырына қатысты мән-маңызы зор мәселелер мен міндеттер талқыға салынды. Жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, Құрылтай мүшелері алдында сөз сөйледі.

Еңбекпен көркейген өңір

Бұған дейін ұлт ұясы Ұлытауда, түбі бір түркі жұртының қара ша­ңырағы Түркістанда, айбарлы Атырау мен тарихы бай Көкшетау баурайында төрт рет шақырылған құрылтай отырыстары ендігі ке­зекте қастерлі Қызылорда жеріне ат басын тірегенін, бұл халқымыз үшін орны ерекше өңір әрі «Сыр – Алаштың анасы» екенін тілге тиек еткен Президент сөзінің басында осы атыраптағы Шірік-Рабат, Жанкент, Сығанақ, Алтынасар, Баршынкент қалаларының орны көне заманның өзінде қазақ жерін­де дамыған қала өркениеті болға­нын айғақтайтынына назар аудар­ды. Қызылорданы сол әйгілі қала­лардың заңды жалғасы деуге болатынын, бұл шаһардың тарихи мән-маңызы айрықша екенін, осыдан бір ғасыр бұрын Қазақстанның ас­танасы болып, еліміздің болаша­ғына қатысты аса маңызды шешім­дер қабылданғанын айтты.

«Жалпы «Сыр елі – жыр елі» деп бекер айтылмайды. Қорқыт ата заманынан жалғасып келе жатқан жыраулық-жыршылық және күйшілік өнер бұл аймақта кең қанат жайған. Жиенбай, Нұртуған, Нар­тай сынды саңлақтар негізін қала­ған жыршылық мектептерді бүкіл еліміз біледі. Сыр бойы – нағыз еңбек адамдарының мекені. Кеңес заманында осы аймақтан 100-ге жуық Еңбек Ері шыққан. Әйгілі күрішші Ыбырай Жақаевты халқымыз ерен еңбектің символына балайды. Аға буынның абыройлы жолын бүгінгі ұрпақ лайықты жал­ғастырып келеді», – деген Мемле­кет басшысы кейінгі жылдары Қы­зылорда облысы заман талабына сай өсіп-өркендеп жатқанына тоқ­талды.

Атап айтқанда, былтыр аймақ­тың ішкі жалпы өнімі 6,5 пайызға өскен. Үш жылда облысқа 2 трил­лион теңгеге жуық инвестиция тартылды. Сондай-ақ Президент былтыр облыста 27 инвестиция­лық жоба жүзеге асырылғанын, со­ның ішінде жаңа жылу электр ор­талығы іске қосылғанын ерекше атап өтті.

Стратегиялық маңызы бар бұл нысан толығымен инвес­тордың қаржысына салынға­нын, жылу орталығы аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін нығайта түскенін, облыс тұр­ғындары сапалы ауызсумен қамтамасыз етіліп, халықтың 80 пайызы көгілдір отынды пайда­ланатынын тілге тиек етті. Елді мекендерге газ құбырын тарту жұмысы алдағы уақытта жалғаса береді.

«Аймақтағы автокөлік жолы­ның сапасы жалпы жақсы жағ­дайда деуге болады. Облыстың әуе және темір жол жүйесі де жаңғыртылып жатыр. Қорқыт ата әуежайының жаңа термина­лы ашылды. Қызылорда қала­сындағы тарихи ғимараттың бірі – темір жол вокзалы күрделі жөндеуден өтті. Бұған қоса ай­мақтағы 10 темір жол бекетін жаңғырту жұмысы басталды. Мұның бәрі облыстың логисти­калық әлеуетін арттыра түседі.

Қазір Қызылорда облысында, әсіресе әлеуметтік салада жақсы жаңалық көп. Үш жылда осы ай­мақта 34 білім, 45 мәдениет және спорт нысаны салынды. 40 меди­цина нысаны ашылды. Менің тапсырмаммен Қызылордада 300 орынға арналған көпбейінді ауру­хананың құрылысы басталды. Көп ұзамай 500 орындық емхана және 200 орындық перзентхана салынады.

Бір сөзбен айтқанда, Қызы­лорда облысы барлық салада қар­қынды дамып келеді. Облыстың жағдайы жалпы жақсы деп күмәнсіз айтуға болады. Бұл – әкім Нұрлыбек Нәлібаевтың белсенді, табанды жұмысының нәтижесі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ ол өткен ғасырдың ортасында адамзат баласы алғаш рет Байқоңырдан ғарышқа аттан­ғаны бүкіл әлемге белгілі дерек екенін, Ұлы Жібек жолының бо­йындағы тарихи өлке жаңа дәуір­де де ойдағыдай дамып жатқанын айтты.

«Қызылордаға келіп тұрып, Арал мәселесіне тоқталмай кету мүмкін емес. Аралды құтқару – барша адамзат үшін әлі де өте өзекті міндет. Мен бұл мәселе ту­ралы Жолдауымда айттым. Жыл­дар бойы жүргізілген жұмыстың арқасында Солтүстік Аралды құт­қарып қалдық. Қашқан теңіз қай­тып, Кіші Аралдың қалпына келе бастағанына біраз жыл болды. Қазір Көкарал бөгетін биіктету іс-шаралары қолға алынып жатыр. Жоба осы жылдың соңында бас­талады. Кіші Арал суының кө­лемін айтарлықтай көбейтуге мүмкіндік болады.

Бірақ бұл біздің қолымызда тұрған мәселе емес. Қазақстанда­ғы ірі өзендердің көбі бастауын көрші мемлекеттерден алады. Да­рияның басында тұрған елдердің су саласындағы саясатына байла­нысты Сырдың суы теңізге әр кезде әртүрлі көлемде жетеді. Де­мек, көп түйткілдің шешімі су саласындағы шебер дипломатияға байланысты. Қазір Орталық Азия елдерінің бәрімен су ресурстарын бірлесе пайдалану туралы келісім­дер жасалды. Түптеп келгенде, Арал ғана емес, Каспийдің, Бал­қаштың, Ертістің тағдырын шешу үшін көршілермен мәмілеге келіп, келісімдерге қол қоюымыз қажет, – деген Президент су еліміз үшін стратегиялық ресурс екеніне, сондай-ақ былтыр Бірік­кен Ұлттар Ұйымы аясында Ха­лықаралық су ұйымын құруды ұсынғанына тоқталды. Оның ай­туынша, Біріккен Ұлттар Ұйы­мын реформалау барысында осы мәселені алға қарай жылжыту қа­жет. Алдағы сәуірде Астанада өтетін Халықаралық экология саммитінде Аралды құтқару қо­рына мүше мемлекеттер басшы­ларымен Арал мәселесі талқыла­натынын еске салды. Мемлекет басшысы Кіші Аралдың қалпына келуі бүкіл Сыр өңірін одан әрі көркейтуге жол ашады деп үміт­тенетінін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлт­тық құрылтай отырысына Сыр елінің азаматтары, оның ішінде ардагерлер, зиялы қауым өкіл­дері, қоғам белсенділері, кәсіп­керлер мен жастар қатысып отырғанын, осы орайда, жергілікті халықтың еңбекқорлығы мен ұйымшылдығын атап өтті. Сыр елі жұртшылығының бойы­нан туған жерге деген сүйіс­пеншілікті, қамқорлық пен жана­шырлықты, нағыз отаншылдық­ты көретінін жеткізді. Облыс ор­талығымен қатар әр ауылдың та­залығы көз тартатынын, мысалы, Нағи Ілиясов, Таң ауылдарын бүкіл елге үлгі ретінде үнемі ай­тып жүретінін жеткізіп, осы ай­мақпен қатар күллі еліміздің да­муына үлес қосып келе жатқан жергілікті тұрғындардың еңбегіне назар аударды.

«Біз бір ел, бір халық болып жұмыла білгеннің арқасында өт­кен жылды мол табыспен аяқта­дық. Былтыр экономикамыз 6,5 пайызға өсті. Еліміздің ішкі жалпы өнімі 300 миллиард доллардан асты, ал жан басына шаққандағы үлесі тәуелсіздік тарихында тұң­ғыш рет 15 мың доллар болды. Бұл – бүкіл Орталық Азия айма­ғындағы рекордтық көрсеткіш. Ұлттық қордың валюталық ак­тивтері 5 миллиард долларға ұл­ғайды. Алтын-валюта қорымыз ең жоғары деңгейге жетіп, 65 миллиард доллардан асты. Ша­ғын және орта бизнестің эконо­микадағы үлесі 40 пайызға жа­қындады. Халық саны 20,5 мил­лионға жуықтады. Азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жетті», – деген ол ең басты­сы, қоғам өзгеріп, реформалары­мыз тұрақты сипатқа ие болға­нын, халықтың сана-сезімінде үлкен бетбұрыс жасалғанын, осы ретте Ұлттық құрылтай айрықша рөл атқарғанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, төрт жылда Құ­рылтай мүшелері ел өміріне ық­пал ететін көптеген маңызды бас­тама көтерді. Ұлттық құрылтайда айтылған ұсыныстардың негізін­де 26 заң қабылданды. Осының өзі Құрылтай ауқымды реформа­лардың негізгі қозғаушы күші болғанын айқын көрсетеді.

«Әйелдердің құқығы мен бала­лардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нақты қадамдар жасалды. Лудоманияға, яғни ойынқұмар­лыққа және нашақорлыққа қарсы белсенді күрес жүргізіле бастады. Ономастика саласындағы жұмыс­тар ретке келтірілді. Мемлекеттік наградалар жүйесіне жаңадан құр­метті атақтар енгізілді. Сол арқылы еңбек адамдарының мәртебесі арта түсті. Бұдан бөлек, біз ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын басты құндылықтарымызды ай­қындап алдық. Ұрпақтың болаша­ғына зиянын тигізетін кеселдерге барынша тосқауыл қоятын бол­дық.

Құрылтай мүшелері өткен жылғы жиында ішкі саясат сала­сын ретке келтіру туралы бастама көтерді. Тиісті құжатты әзірлеуге өздеріңіз белсене атсалыстыңыз­дар. Былтыр Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары бекітілді. Енді осы құ­жатты басымдық ретінде қарап, белсенді түрде іске асыруымыз керек», – деді Президент.

Рухани-мәдени мұраны таныту өзекті

Президент мемлекеттік сая­саттың стратегиялық бағдарының бірі – мәдениет пен өнер саласы­на арнайы тоқталды. Оның сөзін­ше, қоғамның санасы жаңғырма­са, реформалар ойдағыдай нәти­же бермейді. Бұл – ақиқат. Сон­дықтан руханият мәселесіне ай­рықша мән беріп, осы салада бұ­рын-соңды болмаған ауқымды шаруалар қолға алынатынын, атап айтқанда, Алматы облысын­да Қазақ драма театры, Абай, Ақ­төбе облыстарында театрлар бой көтеретінін, Шымкентте де Опе­ра және балет театрының құры­лысы басталатынын жеткізді.

«Биыл Мұхтар Әуезов атын­дағы Қазақ ұлттық драма театры­ның ашылғанына 100 жыл толды. Осыған орай, театр ғимаратына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмысы аяқталмақ. Наталья Сац атындағы орыс мемлекеттік ака­демиялық балалар мен жа­сөспірімдер театры да жаңғырты­лады. Бұдан бөлек, екі жылдың ішінде елімізде 100-ден астам мә­дениет ошағы жөнделеді», – де­ген Мемлекет басшысы музей ісін дамыту мәселесіне де назар ау­дарды. Осы ретте Қызылордада ашылған жаңа тарихи-өлкетану музейін ерекше атап өтіп, заман талабына сай салынған орталық­та музей ісін ұйымдастырудың тың тәсілдері қолданылғанын, бұл тәжірибені басқа облыстарға үлгі етуге болатынын айтты.

«Қызылордада жаңа драма театр салу жоспарымызда бар, биыл құрылысты бастауымыз ке­рек. Өткен сапарымда мен облыс­тың зиялы қауым өкілдерімен кездескен кезде заманауи кітап­хана салу керек деп айттым. Ендібұл құрылыс биылдан бастап жүргізіледі.

Қазір жастар арасында Қа­зақстан өрлеу кезеңіне қадам бас­ты деген пікір бар. Жас буын өкілдері жаңа қоғамдық этиканы, креативті индустрияны дамытуға зор үлес қосып жатыр. Әлем ел­дері қазіргі қазақ өнерін ерекше құбылыс деп бағалайтын болды. Кино саласы да дамып жатыр.

Жас ұрпақтың ұлттық біре­гейлігімізді өнерімен айшықтап, ұлтымызды жаһан жұртына таны­туы – зор мақтаныш. Жастардың күш-қуаты, ынта-жігері, жаңа­шылдығы мен жасампаздығы кез келген салаға зор серпін береді. Сондықтан өскелең ұрпаққа әр­дайым жан-жақты қолдау көрсе­теміз. Олардың ұлттық құнды­лықтармен қатар жаңа заманның жақсы қасиеттерін бойына сіңі­руіне барынша жағдай жасай­мыз», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен бірге Қасым-Жо­март Тоқаев бұған дейін Ұлттық құрылтайда еліміздің рухани-мә­дени мұрасын әлемге таныту тура­лы бастамалар көтеріліп, соған сәйкес жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатқанына, мысалы, 14 жылда ал­ғаш рет аса құнды «Хандар шежі­ресі» қолжазбасы ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енгізілгеніне тоқталды. Оның айтуынша, биыл жазда Ко­рея Республикасының Пусан қа­ласында Бүкіләлемдік мұралар комитетінің кезекті отырысы өтеді. Сол кезде Маңғыстаудың жерасты мешіттерін ұйым тізіміне қосу мәселесі қаралады. Қазір Қа­зақстан материалдық емес мәдени мұралар тізіміне өз нысандарын белсенді түрде енгізіп жатқан 25 елдің қатарына кіретінін, деген­мен мұнымен тоқтамай, төл тари­хымызды зерделеу, өнеріміз бен мәдениетімізді өркендету үшін әлі де көп жұмыс істелуге тиіс екенін айтты.

«Елімізде танымдық әрі тағы­лымдық мәні зор тарихи орындар мен құнды жәдігерлер аз емес. Мысалы, таза ағаштан салынған Жаркент мешіті – қытай сәу­летшілері мен ұйғыр шебер­лерінің қолынан шыққан бірегей туынды. Алматыдағы Вознесенск кафедралды соборы да – айрық­ша тарихи нысан. Татулық пен достықтың символы саналатын осы екі ғимаратты «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатының іс жүзіндегі көрінісі деуге болады.

Ұлы даланың әрбір тау-тасы халқымыздың сан ғасырлық жылнамасынан сыр шертеді. Со­ның бірі – қойнауы қазынаға толы Қаратау петроглифтері. Төрт мың жылдық тарихы бар таңбалы тастар төл өрке­ниетіміздің тамыры тым тереңде жатқанын көрсетеді. Ғалымдары­мыз Қызылорда жеріндегі Сауыс­қандық пен Түркістан облысын­дағы Арпаөзеннен жалпы саны 17 мың петроглиф тапқан. Осындай құнды жәдігерлеріміз бен ұлттық дәстүрлеріміз ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізімінде болуға әбден лайық деп санай­мын. Құзырлы министрлікке осы қолға алуды тапсырамын», – деді Мемлекет басшысы.

Отаншылдықтың асыл арқауы

Президент Абай ілімі біздің ұлттық бірегейлігіміздің, ұлттық болмысымыздың өзегі болуға тиіс екенін атап өтті. Оның ой-толғамдары қанша заман өтсе де, өзекті болып қала беретінін, қазіргі «Адал азамат» тұжырым­дамасы ұлы ойшылдың «Толық адам» идеясымен тығыз астасып жатқанын, Абайдың «Қарасөз­дерін» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енгізу қажеттігін жеткізді.

«Әл-Фараби, Ясауи ілімдері де ұлт руханиятының ұстыны са­налады. Ашығын айтсақ, ұлы ба­баларымыздың өсиеттерін олар­дың мерейтойы кезінде ғана еске аламыз. Бұл дұрыс емес. Сон­дықтан Әл-Фараби, Ясауи және Абай ілімдерін жан-жақты дәріп­тейтін ғылыми жиындарды тұ­рақты өткізіп тұруымыз қажет. Бұл басқаға емес, ең алдымен, өзіміз үшін керек. Олардың мұра­лары – біздің рухани-филосо­фиялық болмысымыздың тірегі. Еліміздің гуманитарлық инсти­туттары ұлы ойшылдарымыздың ілімін жүйелі түрде насихаттаға­ны жөн.

Басты міндет – халқымыздың баға жетпес қазынасы ұлттық мұ­расын сақтап, ұрпаққа табыстау. Осы ретте кейбір Құрылтай мү­шелерінің философия, әлеумет­тану, саясаттану сияқты ғылым­дарды дамыту мен қоғамдық-саяси ой-пікірлер көптомдығын әзірлеу туралы ұсынысын атап өтуге болады. Сондай-ақ олар ғылыми мекемелердің зерттеу­лері онлайн платформа арқылы бәріне бірдей қолжетімді болуы керек екенін айтты», – деді Пре­зидент.

Мемлекет басшысы жуырда Астана мен Алматыда Прези­денттік кітапханалардың құры­лысы басталатынын, бұл нысан­дар кітаптар жиналған жер ғана емес, қазақтың тарихын, мәде­ниеті мен өркениетін дәріптейтін орталықтар болуы керек екенін айтты. «Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарқын­ды дамыған сайын ұлттық біре­гейлігімізді нығайту өзекті бола түседі. Төл тарихы мен мәде­ниетін электронды форматқа көшіріп, оны жаһандық цифр­лық өркениетке қосқан елдер ғана ұлттық болмысын сақтап қалады. Мұны жаңа дәуірдің та­лабы деуге болады. Түптеп кел­генде, бұл – жұртымыздың идео­логиялық дербестігіне және бо­лашағына тікелей қатысты мәсе­ле.

Мен халықтың жады мен ғы­лым-білімін жинақтайтын «Ұлт­тық цифрлық мұра» қорын құру идеясын қолдаймын. Цифрлан­дыру және жасанды интеллект жылы аясындағы мұндай бастама тарихи мұрамызды сақтап, оны терең зерделеуге жол ашады. Мен былтырғы Құрылтайда ғылыми еңбектерді, мұрағат материалда­рын, мұражай қорларын және өнер туындыларын жүйелеу қа­жеттігін ерекше атап өттім. «Ұлт­тық цифрлық мұра» бұл шаруаны заман талабына сай жүргізуге мүмкіндік береді», – деді Прези­дент.

Сондай-ақ Мемлекет басшы­сы кейінгі жылдары сан ғасыр­лық тарихи мұрамызды ғылыми тұрғыдан зерделеу және дәріптеу жолында біраз жетістікке жет­кенімізге тоқталды. Биыл көк­темде Жошы хан туралы деректі фильм түсіру жұмыстары аяқтал­мақ. Президент көпсериялы фильмнің тұсаукесері беделді ха­лықаралық платформаларда өтетінін, бұл туынды Алтын Орда брендін жер жүзіне дәріптеуге ықпал ететінін еске салды. Бірақ осындай тарихи тақырыпқа кел­генде тартымды, көрнекі, яғни визуалды бейне жасаудан бөлек, алдымен оның ішкі мазмұны, мән-мағынасы терең болуын ой­ластыру қажет екеніне, сондық­тан өз тапсырмасымен мамыр айында Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпо­зиум ұйымдастырылып, әлемнің беделді ғалымдары шақырыла­тынына назар аударды.

Президенттің айтуынша, тұ­тас түркі өркениетін зерделеу ая­сында қыркүйекте ресейлік әріп­тестермен және басқа да елдердің өкілдерімен бірге «Өр Алтай – түркілердің ата қонысы» деген халықаралық конференция өткі­зу жоспарланып отыр. «Бес жыл бұрын менің «Тәуелсіздік бәрі­нен қымбат» атты мақалам жа­рық көрді. Онда қазіргі заманғы ғылыми тәсілдер негізінде төл тарихымызға арналған жаңа ака­демиялық еңбек жазу туралы тапсырма бердім. Осы ауқымды әрі іргелі зерттеу жұмысы жыл соңына қарай аяқталады. Қа­зақстанның академиялық тари­хының көлемді жеті томдығы жа­рыққа шығады. Бұл еңбек мемле­кеттігімізді нығайтуға және ұлты­мыздың біртұтас тарихи сана- сезімін қалыптастыруға қосқан қомақты үлесіміз болмақ. Осы маңызды ғылыми жинақ тәуелсіздігіміздің 35 жылдығына орай шыққалы отыр. Мұның зор символдық мәні бар. Біз бұл та­рихи белесті дәл осындай нақты істермен атап өтуіміз керек. Өт­кенді ұмытпай, болашаққа сенім­мен қарасақ, еліміздің дәйекті дамуына жол ашылады. Сондай-ақ ұрпақтың отаншылдық сезімі ел игілігі жолындағы нақты іспен ұштасады», – деген Мемлекет басшысы «Отаншылдық» ұғы­мына арнайы тоқталды. Отан ал­дындағы жауапкершілігіңді сезініп, перзенттік парызыңды өтеуге талпынбасаң, «отаншыл­мын, патриотпын» деген сөзіңнің құны көк тиын болатынын жеткізді.

«Қазір қоғамда «Қазақстан­ның Мемлекеттік туын қайда және қашан қолданған жөн?» де­ген маңызды мәселе талқыланып жатыр. Бұл мәселе арнайы нор­малармен және ережелермен реттеледі. Мемлекеттік рәміздерді пайдалануға жеңіл-желпі, сал­ғырт қарауға болмайды. Заң тала­бы әрдайым орындалуға тиіс. Де­генмен, ең алдымен, заңның түпкі мәнін терең түсіну керек. Мемлекеттік рәміздерді қадір­леп, оларды жөнімен пайдалана­тын отаншыл азаматтарды ба­рынша қолдау қажет. Мен үйлер­де, көліктерде, көшелерде, сон­дай-ақ еліміздегі, әсіресе шетел­дегі спорттық және өзге де іс-ша­раларда Көк туымыз желбіреп тұрғанда қуанып қаламын. Сол арқылы еліміздің азаматтары бірлігі бекем ұлт екенімізді көр­сетеді. Олардың әрекеттерінен туған елін мақтан тұтатыны бай­қалып тұрады.

Қазақстанның аспанмен ас­тасқан Көк туын бүкіл әлем бі­леді. Еліміздің спортшылары жарқын жеңісімен, ғалымдары іргелі еңбегімен, өнерпаздары та­маша дарынымен Отанымызды жер жүзіне танытып жүр. Әр аза­матымыздың жетістігі – Қазақстанның жетістігі, әр өреніміздің абыройы – барша қазақтың бе­делі. Біз туған жерге жанашыр­лығын, туған елге адалдығын нақты іспен көрсететін нағыз патриот азаматтарды қолдауы­мыз қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент жа­сампаз отаншылдықтың негізгі қағидаттарына тоқтала келе, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына, волонтерлік қозға­лыстарға, қайырымдылық шара­ларға, әлеуметтік кәсіпкерлікке және ел игілігіне арналған басқа да жұмыстарға белсене қатысу жауапкершілікке негізделген жа­сампаз отаншылдықтың көрінісі екенін айтты.

«Таза Қазақстан» ұлттық идеологиямыздың ажырамас бөлігіне айналды. Тазалық хал­қымыздың адал ниеті мен таза пейілінен басталады. Бұл – ең ал­дымен көшелерді, үйлерді таза, ұқыпты ұстау деген сөз. Таза Қа­зақстан – әдемі ұран да, науқан да емес, бұл – күнделікті қажыр­лы еңбектің нәтижесі. Тазалық тәртіпті күшейтеді, ал тәртіп жауапкершілікті арттырады. Осы маңызды тұжырымды ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды. Біз сонда ғана нағыз өркениетті және ілгері қадам басушы озық ел боламыз.

Қазақстанның патриоты болу – азаматтық жауапкершілікті те­рең түсіну деген сөз. Ұлт мүддесін желеу етіп бос айқайға басатын, одан қалды, азаматтарымыздың Отанымызға деген шынайы сүйіспеншілігін саяси ұпай жи­науға пайдаланғысы келетін теріс пиғылды адамдардың бізге қажеті жоқ. Барлық салада, соның ішін­де зауыттарда, ауыл шаруашылы­ғында, денсаулық сақтау ұйымда­рында, мектептерде, универси­теттер мен ғылыми зертханалар­да, мемлекеттік мекемелерде, жеке компанияларда жұмыс істеп жүрген адамдардың білікті әрі та­банды еңбегін, әскери борышын өтеп жүрген және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін аза­маттарымыздың Отанға адалды­ғын жауапкершілікке негізделген жасампаз отаншылдық деуге бо­лады», – деді Президент.

Заң мен тәртіп – ортақ міндет

Қазақстан Әділеттің, Заң мен тәртіптің мекені, еңбекқор адам­дардың елі болуға тиіс. Осылай деген Мемлекет басшысы заң үс­темдігі мен жасампаз еңбек жоға­ры тұрмыстық мәдениет идеоло­гиясымен астасып жатуы керек екенін, осы қағидаттар көптеген елде табысты әрі берекелі өмір сүрудің формуласы саналаты­нын, мұндай басты құндылықтар мен өмірлік ұстанымдар әр адам­ның бойына отбасынан, мектеп қабырғасынан даруы үшін іргелі институттарды күшейтуге баса назар аудару қажеттігін айтты.

«Түрлі саяси авантюристердің ұлттық құндылықтарымыздың өзегіне балта шабуына, жастарды «жаңалық» болып көрінетін жат құндылықтарға еліктіріп, адас­тыруына жол бермеуге тиіспіз. Менің нені меңзеп тұрғанымды бәріңіз түсінген шығарсыздар деп сенемін. Мемлекет дәстүрлі мәдени құндылықтарын қорғау­ға, елді іштен ірітетін зиянды нәрселерді, турасын айтсақ, ерсі қылықтарды насихаттауға тос­қауыл қоюға міндетті.

Қоғамымызда ер мен әйел өз еркімен шаңырақ көтеріп, не­кесін мемлекеттік мекемеде рес­ми түрде тіркейтін дәстүрлі отба­сы институтын заңнамалық тұр­ғыдан нығайта түскен жөн. Бірақ мемлекеттің моральға қатысты ресми ұстанымына сай келмейтін көзқарасы үшін біреуді қылмыс­тық қудалауға, моральдық жағы­нан кемсітуге еш жол беруге бол­майды. Ал мемлекеттің ұстаны­мын «Әр азаматтың таңдау құқы­ғы бар. Алайда ешкім өз таңдауын біреуге күштеп таңа алмайды» деген формуламен түйіндеуге бо­лады. Біздің мемлекетіміз барлық азаматтың құқы мен бостанды­ғын, ар-намысын табандылық­пен қорғай береді», – деп сөзін түйіндеген Президент жуырда Шымкентте орын алған қайғылы оқиғаға арнайы тоқталды. Нұрай есімді бойжеткеннің кісі қолы­нан қаза болуы бүкіл елді дүрліктіргені белгілі. Ұлттық құ­рылтайға осы оқиға бойынша 130-дан астам өтініш келіп түс­кен. Күдіктінің Нұрайды аңдып, маза бермей, қоқан-лоқы көр­сетіп, ақыры мұның арты адам өліміне әкеп соқтырды. Прези­дент осыған байланысты Ішкі іс­тер министріне Шымкент қала­лық департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырға­нын, Бас прокурор да бұл мәсе­лені мұқият тексеретінін айтып, қыз алып қашу – адам ұрлау, бұл ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін өрескел, жабайы қыл­мыс екенін айрықша атады.

Мемлекет басшысы мұндай қатыгездікке ешқашан жол беру­ге болмайтынын, жыл өткен сайын халықтың сана-сезімі өсіп, қоғамда азаматтық жауап­кершілік деңгейі артып, заңнама­лық өзгерістер де соған сай болуы өте маңызды екенін жеткізді. «Заң мен тәртіп бәріне ортақ. Еліміздің әрбір азаматы заң та­лаптарын бұлжытпай орындауға тиіс», – деді Президент.

«Кез келген мемлекеттің күші – халықта. Азаматтарымыздың жасампаздық қуатының арқа­сында еліміз кез келген кедергі мен тосқауылға қарсы тұрып, орасан зор табысқа жетеріне кәміл сенемін. Өздеріңіз білесіз­дер, мен түрлі жоспарлар құрып, стратегиялар жасауды құптай бермеймін. Себебі бос қиялға беріліп, құрғақ уәде беруге түбе­гейлі қарсымын», – деген Прези­дент болашаққа бағдар жасап, жоспар құрғанда өмірге шынайы көзқараспен қараған жөн деп са­найтынын жеткізді. – Біз өте қауырт дәуірге қадам бастық. Бұл адамдардың үйреншікті өмір сал­тын бұзады, сана-сезімін өзгер­теді. Цифрландыру мен жасанды интеллект түбегейлі жаңа орта қалыптастырады. Онда әбден ор­нығып қалғандай көрінетін ұғым­дар мен тәжірибелерге мүлдем орын жоқ. Жаһандық цифрлық экономика дәуірінде мемлекет­тердегі халық саны бұрынғыдай аса маңызды болмай қалатын сияқты. Жасанды интеллект за­манына бейімделе білген, соған қарап тіршілігін түзеген, тіпті жаңа үдерістерге нақты әрі белсе­не қатысқан елдер ғана табысқа жетпек. Сондықтан Қазақстан цифрландыру ісін қарқынды да­мытып, жеке және қоғамдық өмірдің барлық саласына жасан­ды интеллектіні енгізе бастады».

Президент білім, ғылым және жоғары технология саласына қо­мақты инвестиция салынаты­нын, себебі адам капиталының сапасын арттыру айрықша ма­ңызды міндет екенін тілге тиек етті. Бұл, әсіресе, ел дамуының қазіргідей тарихи, бетбұрысты ке­зеңінде халқымыздың болашағы­на тікелей әсерін тигізетінін айт­ты. Ең бастысы, бұл жоспарлар жұртты құр уәдемен жарылқай­тын тұсаукесер рәсімдер мен фо­румдардың көлеңкесінде қалып қоймауы керек екенін, пиар-ак­циялар мен көз алдайтын жалған ілгерілеуге емес, нақты жетістікке ұмтылуымыз қажет екенін атады.

«Цифрландыру және жасан­ды интеллект жылын сән қуып, ұрандату үшін жариялаған жоқ­пыз. Бұл шешім бүкіл мемле­кеттік аппаратқа нақты міндет жүктеп отыр. Бұл – стратегиялық міндет. Сондықтан мемлекет үшін айрықша маңызды осы мін­детті орындауға қатысты талап та өте жоғары болмақ. Бұл бағытта­ғы жұмыстың нәтижесі нақты әрі көзге көрінетін көрсеткіштермен өлшенуге тиіс. Атап айтқанда, шешім қабылдау мерзімін қыс­қартуға, еңбек өнімділігін артты­руға және қызмет сапасын жақ­сартуға оң ықпал етуі керек.

Дегенмен басқару ісінде бе­лең алған берекесіздікті озық тех­нологиялар өз бетімен жойып жібере алмайды. Мұны жете түсінген абзал. Жұмыс әуел бас­тан дұрыс жолға қойылмаса, бірін-бірі қайталайтын міндеттер көбейіп, қағазбастылық шаруаға кедергі келтіре берсе, жасанды интеллектіні енгізу арқылы бәрін әп-сәтте жөнге келтіремін деу – бос әурешілік. Сондықтан цифр­лық өзгерістер стратегиясын жү­зеге асыру үшін алдымен басқару жүйесін реттеп алу қажет. Осыған орай, шұғыл міндет туындап отыр: мемлекеттік сектордағы жұмысты ұйымдастыру мәде­ниетін жақсартып, оған басқару саласындағы озық тәжірибелер мен құзыреттерді енгізу керек. Цифрлық шешімдердің және жа­санды интеллект технологиясы­ның көмегімен барлық саладағы мемлекеттік басқару ісінің сапа­сын арттыруға мол мүмкіндік бар. Соны дұрыс пайдаланған жөн», – деді Мемлекет басшысы.

Көмір – біздің стратегиялық активіміз

Мемлекет басшысының ай­туынша, жоғары технологияға негізделген, энергияны көп қа­жет етпейтін жаңа экономика құру үшін, ең алдымен, мықты инфрақұрылым қалыптастыру қажет. Логистика саласында ал­дымен көрінген жерге қойма са­лынып, содан кейін ғана оған аса маңызды инженерлік жүйелер тартылып жататын қателіктерге жол бермеу керек.

«Оның үстіне, мұндай нысан­дар бәріне бірыңғай талаптарға сай келе бермейді. Соның салда­рынан шығын көбейіп, ауқымды жұмыстың мән-маңызы жоғала­ды. Бұл – басқару ісіндегі сауат­сыздықтың көрінісі. Сондықтан мұқият ойластырылған әрі ортақ ұстаным болуы қажет. Барлық ІТ инфрақұрылымның сенімді, үздіксіз жұмыс істеуін қамтама­сыз ететін қуатты дата орталық­тар салуға арналған арнайы ай­мақтарды алдын ала анықтап алу керек. Деректерді талдау орта­лықтарын дәл сондай жерлерге салу қажет. Мұндай орталықтар­да қуат көздері, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және салқындату жүйесі болуға тиіс.

Үкімет Павлодар облысының әкімдігімен бірге Екібастұз бас­сейнінің энергетикалық қуатын пайдалана отырып, «Деректерді өңдеу орталығы алқабын» жасау­ды жоспарлап отыр. Бастама жа­ман емес, оның қаншалықты та­бысты жүзеге асырылатынын көре жатармыз», – деді Мемле­кет басшысы.

Сонымен бірге Президент атом стансаларының құрылысы аяқталғанын күтпей-ақ, жаңа қуат көздерін іске қосуды қолға алу керек екеніне тоқталды. Да­та-орталықтар металлургия ком­бинаттары сияқты көп мөлшерде энергия тұтынатынын қаперде ұстауды еске салды. Сол себепті қуат көздерінің жеткілікті бо­луын қамтамасыз ету мемле­кеттік саясаттың аса маңызды бөлігі ретінде қарастырылуға тиіс екенін айтты.

«Қазақстанда 123,1 миллиард киловатт-сағат көлемінде электр қуаты өндіріледі. Барлық жоспа­рымызды табысты орындауға бұл жеткіліксіз. Мен мұны Қауіпсіздік Кеңесінің жақында өткен отырысында нақты атап өттім. Басқаша айтсақ, біз еліміздің әлемдік бәсекедегі артықшы­лықтарын тиімді пайдалана ал­май отырмыз.

Қазақстанның 33 миллиард тоннаға жуықтайтын орасан зор көмір қоры бар. Қазіргідей қар­қынмен өндіре берсек те, көмірдің қоры 300 жылға жетеді. Елімізде жыл сайын 110 миллион тоннадан астам көмір өндіріледі. Бұл көрсеткіш бойынша әлемде алдыңғы мемлекеттердің қата­рына кіреміз. Көмір – біздің ст­ратегиялық активіміз. Оның қоршаған ортаға зиянын түгел жоятын заманауи технологияны қолданып, көмірді толық пайда­лану керек. Президент Трамп «Маған жел емес, көмір ұнайды», – деп дұрыс айтады. Мұнда ақиқат бар. Көмірмен қуат өнді­ру ісіне Ұлттық жоба мәртебесі берілуге тиіс. Үкіметке Ұлттық жобаны әзірлеп, 20 наурызға дейін қабылдауды тапсыра- мын», – деді Қ.Тоқаев.

Сондай-ақ тым созбалаңға түсіп кеткен Көкшетау, Семей, Өскемен қалаларындағы жылу электр орталықтарының құры­лысын тездетуді, оны жұртшы­лық асыға күтіп отырғанын айта келе, Үкімет пен «Самұрық-Қа­зына» қорының жұмысына сын-ескертпе жасады.

«Курчатовтағы электр стан­сасы мен Екібастұздағы 2-ГРЭС- тің қосымша энерго-блоктарын уақтылы іске қосу, 3-ГРЭС-тің құрылысын бастау қажет. Энер­гетика жүйесінің орнықты бо­луын қамтамасыз ету үшін тең­герімді қуат көздерін тезірек іске қосу керек. Бұл – ең алдымен газдан қуат өндіруге қатысты мә­селе. Жаңа кен орындарын іздеу арқылы табиғи газ өндіру ісінің әлеуетін арттыру қажет. Өкініш­ке қарай, көгілдір отын өндірісі экономикамыздың күн өткен са­йын өсіп бара жатқан сұранысын өтей алмай келеді. Былтырдың өзінде тауарлы газ импорты 18 пайызға өсіп, 4,5 миллиард тек­шеметрге жетті. Соған қарамас­тан, жаңа газ кеніштерін ашу жұ­мыстары өте баяу жүріп жатыр. Бұл – тиімсіз жоспарлаудың ті­келей салдары. Қазіргі ерекше жағдайда бұған мүлдем жол беру­ге болмайды. Мен «QazaqGaz» басшылығына жеке қаражат есебінен және инвесторларды тарту арқылы болашағы зор учаскелерді игеруге кірісуді тап­сырдым.

Үкімет «Самұрық-Қазына» қорымен бірге геологиялық бар­лау жұмыстарын жандандырып, жаңа көмірсутегі кеніштерінің игерілуін қамтамасыз етуге тиіс. Газ өңдеуге қатысты ірі жобалар­дың дер кезінде іске қосылуын қатаң бақылауға алған жөн. Бізге құр ниетті ғана танытатын құжат­тар емес, нақты нәтижелер ке­рек», – деді Президент.

Оның айтуынша, энергетика жүйесінің тұрақтылығын қамта­масыз ететін тағы бір маңызды резерв – еліміздің су ресурстары. Оның әлеуеті тиісті деңгейде пайдаланылмай отыр.

«Ашығын айтсақ, осы аса ма­ңызды бағыттағы жұмыстар бей-берекет жүргізіліп жатыр. Еліміздің қолда бар су қорына шұғыл түрде нақты бағалау жаса­ған жөн. Өйткені кеңес заманы­нан қалған мәліметтер әлдеқа­шан ескірді. Ғылым академия­сындағы ғалымдарымыз қайда? Олар неліктен осы уақытқа дейін еліміздің су қорына қатысты баға бермеген? Қазақстанның су-энергетика ресурстарын шына­йы көрсететін карта әзірлеу қа­жет. Уақыт күтіп тұрмайды. Бұл құжаттарды әзірлеу жұмыстары гидроэнергетиканы жедел дамы­туға кедергі болмауға тиіс. Үкі­мет пен «Самұрық-Қазына» қоры кейбір гидротехникалық нысандардың тиімділігін артты­ру үшін оны сенімгерлік басқа­руға беру мәселесін шешуі қа­жет», – деді Мемлекет басшысы.

Логистикалық әлеуетімізді тиімді пайдаланған жөн

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика кешеніне де баса назар аудара келе, оны дұрыс дамытпасақ, ел экономикасын тұрақты өсіру мүмкін еместігін, еліміздің ора­сан зор транзиттік әлеуетін то­лық пайдалану үшін қыруар ша­руа атқару керектігін қаперге салды.

«Елімізде қызу жұмыс қолға алынды. Мыңдаған шақырым­дық автокөлік жолдары мен темір жолдар салынып, жөнделіп жатыр. Басты бағыттардың та­лапқа сай емес тұстары ретке келтіріліп жатыр. Вокзалдар, теңіз және әуе порттары, сондай-ақ құрғақ порттар жаңғыртылып, кей жерде жаңадан салынып жа­тыр. Мультимодальды тасымал түрі де дамып келеді.

Автокөлік тасымалы саласы да аса маңызды. Елдегі автокөлік жолдарын халықаралық стан­дарттарға сай жаңғырту – айрық­ша маңызды міндет. Бұл, біріншіден, Қазақстанның батыс пен шығыс арасындағы транзит дәлізі ретіндегі рөлін арттыра тү­седі. Екіншіден, облыстар ара­сындағы көлік байланысын ба­рынша жақсартады.

Жақында Қызылорда – Жез­қазған жолының Қызылордаға тиесілі бөлігі салынып бітті. Жыл соңына дейін Ұлытау облысын­дағы бөлігінде көлік қозғалысы толық ашылады. Жолдың жалпы ұзындығы – шамамен 400 шақы­рым», – деді Президент.

Оның айтуынша, биыл елімізде бұрын-соңды болмаған ауқымды инфрақұрылымдық жобалар басталмақ. Атап айтқанда, «Батыс Қытай – Батыс Еуро­па» – Қазақстандағы ең негізгі жолдың бірі. Алайда оның Қы­зылорда – Ақтөбе арасындағы бөлігі – тар, көлік апаттары жиі болып жатады. Президент биыл осы бағытта 4 жолақты жаңа күре жолдың құрылысы басталаты­нын жеткізді.

«Қазіргі жолдың көбі облыс­тардың ішкі жолы болып қала береді. Сондай-ақ мен былтырғы Жолдауымда «Бейнеу – Сек­сеуіл» жолының құрылысын тез­детуді тапсырғанымды білесіз­дер. Ондағы жұмыстар да биыл басталмақ. Жоба жүзеге асқан соң «Орта дәліздің» қашықтығы 900 шақырымға қысқарады, яғни Ақтау, Құрық порттарына тура жол ашылады. Қарағанды – Жез­қазған бағытындағы жол талай жылдан бері тозып тұр. Биыл ескі жолдың қапталына екі жо­лақты жаңа жол салуға кірісеміз. Кейін ескі жолды да жаңғыртып, төрт жолақ ету жоспарлануда. Бұдан бөлек, Сарыағаш маңын­дағы көлік қозғалысы да өте ты­ғыз. Сондықтан осы жылы «Са­рыағаш айналма жолының» құ­рылысы қолға алынады. Барлық жұмыстың сапалы әрі уақтылы орындалуын тікелей бақылауда ұстайтын боламын. Себебі бұл жобалар еліміздің халықаралық көлік-логистика орталығы ретіндегі әлеуетін мейлінше ны­ғайта түседі», – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, ав­токөлік жолдарымен қатар темір жол инфрақұрылымын да ке­ңейтіп, жақсарту жұмысын жал­ғастырған жөн. Бұл – тасымал жолдарының өзара байланысы тұрғысынан алғанда өте маңыз­ды мәселе. Былтыр «Достық – Мойынты» темір жолының екінші желісі іске қосылғанын, Алматыны айналып өтетін темір жол құрылысы аяқталғанын, мұ­ның бәрі еліміздің транзиттік әлеуетін айтарлықтай көтеріп, бұған қоса, биыл «Қызылжар – Мойынты» және «Дарбаза – Мақтаарал» темір жол желілері салынатынын айтты. Сондай-ақ «Алтынкөл – Жетіген» және «Жезқазған – Сексеуіл» бағытта­ры бойынша темір жол учаске­лері жаңғыртылмақ.

«Әуе жолдарын дамыту ісі еліміз үшін өте маңызды. Жаңа халықаралық рейстерді іске қосу қажет. Бұл – экономикалық мә­селе ғана емес, азаматтары әлемді емін-еркін аралайтын ашық қоғамы бар мемлекет екенімізді білдіретін қадам. Еліміздің аумағында оннан аса халықаралық көлік дәлізі бар. Бұл – оң үрдіс, оны барынша да­мыту керек. Дәл осы кезде Қа­зақстан өзін халықаралық көлік-транзит дәлізі ретінде танытуға тиіс. Жаһандық логистика карта­сынан лайықты орнымызды ие­лену үшін жүйелі жұмыс және айқын іс-қимыл стратегиясы ке­рек.

Үкіметке авиация саласында, соның ішінде әуемен жүк тасы­малдау ісінде нақты нәтижеге жету міндеті жүктелді. Меніңше, еліміздің әлі күнге дейін Еура­зияның әуемен жүк тасымалдай­тын орталығы бола алмай отыр­ғаны – кешірілмейтін қателік, қарапайым тілмен айтсақ, бұл – нағыз абсурд. Үкімет жүк тасы­малдайтын мемлекеттік әуе ком­паниясын құру барысында қате шешім қабылдады. Неге екені белгісіз, бұл міндетті «Қазақстан темір жолы» компаниясына жүк­теді. Егер Үкімет тапсырманы орындауға қауқарсыз болса, бұл жұмысты жеке құрылымдарға өткізіп беріңіздер», – деп сынға алды Президент.

Таяуда өткен кеңейтілген ке­ңесте авиаотынның қымбаттығы осы саланың дамуына кедергі бо­лып отырғанын, оның бағасы тым қымбат болуына байланыс­ты, көрші елдердің әуежайла­рындағы бағамен бәсекелесе ал­майтынын, өзіміз 100 миллион тонна көлемінде шикі мұнай өндіретін ел бола тұра, қара ал­тыны жоқ мемлекеттермен авиа­керосин бағасы жағынан таласқа түсе алмай отырғанымызды тілге тиек еткен Мемлекет басшысы осы ретте, еліміздегі танымал экономистерге де, энергетиктер­ге де айтар қатаң сын-ескертпесі бар екенін, кадрлық шешім қа­былдау қажет болуы да мүмкіндігін қаперге салды.

Жемқорлықты жоюдың зәрулігі

Мемлекет басшысы еліміздің басты стратегиялық мақсаты – экономиканың сапалы өсу қар­қынын бәсеңдетпеу екенін айт­ты. Сол үшін инфляцияны тө­мендетуге қатысты жұмыстар қолға алынып, жаңа инвести­циялық кезең басталғаны жария­ланғанын, экономика және биз­нес саласы жаңа салық режіміне көшіп жатқанын, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар фискалдық жүйедегі өзгерістің елді дүрліктірмей, бірқалыпты жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге міндетті екенін жеткізді. Оның айтуынша, Салық ко­дексін қолдануға қатысты жұрт­шылықтың ойға қонымды, сын­дарлы ұсыныстарын мұқият зер­делеу керек. Қажет болса, түзету­лер енгізген жөн. Түптің түбінде, Салық кодексі қасиетті кітап емес.

«Қоғамда өзгерістер жасаған кезде халықпен тиімді байланыс орнату аса маңызды. Азаматтар­дың өтініштеріне қатысты жү­йелі жұмыс жүргізу халықтың тыныс-тіршілігінен хабардар бо­лып, олардың талап-тілегіне уақ­тылы жауап беруге жол ашады. Кейінгі кезде маған жекеменшік мектептерді қаржыландыру тәсіліне қатысты шағымдар жиі келіп түсетін болды. Жуырда «Turkistan» газетіне берген сұхба­тымда мен бұған қатысты өз ұс­танымымды айттым. Білім сала­сын мемлекет тарапынан қаржы­ландырудың қазіргі тәртібі бұр­маланған. Бұл олқылықты уақыт оздырмай түзету қажет. Жеке­меншік мектептерге жүргізілген аудит нәтижесінде заңсыз және негізсіз шығындарға байланысты құқық бұзушылықтар анықтал­ды. Бұл түйткіл жан басына сәй­кес қаржыландыру жүйесінің осалдығынан туындап отыр.

Үкіметке білім саласындағы мемлекеттік қаржыландыру жү­йесін шұғыл түрде реформалау жүктелді. Қаржыландырудың нақты критерийлерін әзірлеу ке­рек. Осы орайда, орта білім беру жүйесін дамыту ісінде бизнес са­ласы маңызды рөл атқаратынын ескерген жөн», – деген Қ.Тоқаев мұндай, тіпті бұдан да зор мәсе­лелер денсаулық сақтау саласын­да да туындап отырғанын айтты.

Сондай-ақ Президент Әлеу­меттік медициналық сақтандыру қорының жұмысын жан-жақты тексеру барысында көптеген заң бұзушылықтар мен қызмет ба­бын асыра пайдалану жайттары анықталғанына, мемлекеттен қыруар қаржы жымқыру үшін көпе-көрнеу жалған деректер ұсынылып, өтірік мәліметтер енгізілгеніне тоқталды.

«Бүкіл ел экономикамызды өркендетіп, инфрақұрылым жо­баларын жүзеге асыру үшін бар күш-жігерін жұмылдырып, ден­саулық сақтау саласын дамытуға қаржысын жұмсап жатса, әлеу­меттік салаға бөлінген орасан зор қаражат талан-таражға түсіп жа­тыр. Медицина саласын дамыту­ға мемлекет 2024-2025 жылдар­дың өзінде 7,8 триллион теңге бөлді емес пе? Түсінікті болуы үшін айтайын, бұл – 15,5 мил­лиард доллар деген сөз.

Мемлекеттің білім және ден­саулық сақтау саласына жұмсап жатқан қаржысы, ең алдымен, азаматтарымыздың тұрмыс сапа­сын арттыруға арналатынын және Әділетті Қазақстанды құру стратегиясымен ұштасып жатқа­нын түсінген абзал.

Құқық қорғау органдарына сыбайлас жемқорлықтың қитұр­қы амал-айласын тауып, пайдаға кенеліп жатқандарды анықтау тапсырылды. Мен Үкіметтің Әлеуметтік медициналық сақ­тандыру қорын Қаржы ми­нистрлігіне беру туралы шешімін қолдаймын. Әлеуметтік сала басшыларының біліксіздігі мен мемлекет мүддесіне немқұ­райлы қарауының салдарынан Қорда осындай жағдай орын алып отыр. Бұл жағдайда патрио­тизм туралы сөз қозғаудың өзі артық. Сондықтан шенеуніктер адал болуға тиіс деген талап жал­пы мемлекеттік ауқымдағы өзекті міндет болып қала береді», – деді Мемлекет басшысы.

Шектен шыққан алаяқтар ұлттық қауіпсіздігімізге шындап қатер төндіруге айналғанын, ме­дициналық сақтандыру қорында қомақты қаржы қолды болса, сол уақытта «Жедел жәрдем» қыз­меткерлері мен фельдшерлер алаяқтардың арбауымен наразы­лық акциясына шығып, әлеу­меттік талаптар қоятынын айт­қан Президент ел тұрғындары­ның да алаяқтардың құрбаны бо­лып жатқанына назар аударды.

«Көптеген адам адал еңбек­пен тапқан табысынан айыры­лып отыр. Алдауға сеніп, қыл­мыстық қаржы операциялары­ның қақпанына түсіп жатыр. Әлемде иммиграциялық алаяқ­тық та қатты ушығып тұр. Еуропа мен АҚШ-та не болып жатқанын баршаңыз көріп-біліп отырсыз­дар. Бұл мәселе біздің еліміз үшін де өзекті. Себебі уақыт өткен са­йын Қазақстан шетелдіктердің жұмыс істеуіне және тұрақтап қалуына қолайлы елге айналып келеді. Құқық қорғау органдары Қазақстан аумағында шетелдік­тердің тұрақты тұруын заңдасты­ру үшін заңсыз құжат әперумен айналысқан алаяқтардың қыл­мысын әшкереледі.

Экономикалық немесе әлеу­меттік саладағы алаяқтық қыл­мыстарға қарсы күресті күшейту қажет. Сондай-ақ ұсақ бұзақы­лардан, вандалдар мен ұрылар­дан бастап, ұйымдасқан қыл­мыстық топ мүшелеріне және қоғамның тыныштығын бұзғысы келетін арандатушыларға дейін, қысқасы, заң мен тәртіпті бұз­ғандардың бәрін батыл түрде жауапкершілікке тарту қажет. Бұл – өте өзекті әрі ең басты мін­деттің бірі», – деді Қ.Тоқаев.

Цифрландыру үдерісі барлық жерде жаппай жүргізілетініне, сондықтан дербес деректерді заңнамалық тұрғыдан қорғауға, азаматтардың қаржылық және цифрлық сауатын арттыруға ерекше көңіл бөлу керек екеніне сөз арнаған Мемлекет басшысы тағы бір өзекті мәселе – халықа­ралық ахуал шиеленісіп тұрған заманда стратегиялық экономи­калық серіктестерімізбен тиімді байланыс орнатуға да екпін берді.

«Біздің ұстанымымыз айқын: Қазақстан экономикалық интег­рацияны қолдайды, осы үдеріске белсене атсалысады. Бірақ бұл ықпалдастық біздің мүддеміз тұрғысынан қарағанда әділ бо­луы керек. Биыл Қазақстан Еу­разиялық экономикалық одаққа төрағалық етеді. Біз еуразиялық ықпалдастықтың тиімділігін арт­тыру үшін жасанды интеллектіні енгізу мәселесіне басымдық бе­реміз. Саудадағы кедергілерді жою, негізсіз протекционизмге қарсы күресу жұмыстары жалға­са береді. Мәселен, еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы орынсыз қысымға ұшырап отырғанын қалыпты жағдай деуге болмайды. Еура­зиялық экономикалық одақ құ­рамындағы мемлекеттердің суб­сидия берілетін өнімдері көбейіп кеткендіктен, отандық тағам өнеркәсібінің өкілдері өнім өнді­руді азайтуға мәжбүр. Ал бұл – біз үшін азық-түлік қауіпсіздігінің мәселесі. Сондықтан интеграцияның әділ жүргізілуі қажет екенін айтып отырмын. Үкімет ұлт мүддесін қорғау үшін барынша белсенді жұмыс істеуге тиіс. Тараптардың мүддесі әділ ескерілетін орта тұсты тауып, Қазақстанның ұстанымын дә­йекті, кәсіби түрде қорғау қажет. Сонда ғана экономикамызды ха­лықаралық нарықтағы бәсекеге барынша қабілетті ете аламыз», – деді Президент.

Ибраһим келісіміне қосылу – дұрыс шешім

Бүгінде әлем жаңа, бұрын-соңды болмаған құбылыстардың куәсі болып отыр. Президент бұ­ған қазіргі қоғам да, кейінгі ұр­пақ та бейімделуі қажет екенін айтты. Әрі дүние жүзінде сенім дағдарысы күшейе түскенін, жа­һанда әскери шығындар рекорд­тық деңгейге жеткенін, яғни үш триллион долларға жуықтағанын тілге тиек етті. Ал 2035 жылға қа­рай бұл көрсеткіш тағы еселеп өсуі мүмкін.

Күн өткен сайын өрши түс­кен милитаризация халықара­лық қоғамның әлемде әділ тәртіп құруға бағытталған күш-жігерін жоққа шығарып жатыр. Осын­дай күрделі жағдайда сыртқы саясаттың мән-маңызы арта тү­седі. Мемлекет басшысы оның барынша теңгерімді болып, мем­лекеттің стратегиялық мүддесін қорғауға және ілгерілетуге ба­ғытталуы керек екенін баса атап көрсетті.

«Жалпы дипломатияда бұрыс шешімнің салдары өте ауыр бо­лады. Мемлекеттің ұзақ мерзімге арналған мүдделеріне орын тол­мас нұқсан келуі ықтимал. Бізге бұл жағдай жақсы таныс. Эконо­мика саласында бір жоспарды немесе тұжырымдаманы басқа бір бағдарламалық құжатпен ал­мастыруға болады. Ал халықара­лық шарттарға қол қойған соң одан бас тарта алмайсыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пайымынша, дипломатия – бұл ымыраға ке­лудің, келісімнің баламасыз құ­ралы. Бірақ қақтығыс пен дау-жанжалға апаратын жол емес. Кез келген қақтығысты егер шы­найы ниет пен тиісті кәсібилік болса, еңсеруге болады.

«Мен Ибраһим келісімдеріне қосылу туралы шешім қабылда­дым. Президент Трамп тарихтың астарын және қазіргі саяси ахуалды терең түсіне отырып жа­саған мұндай келісімдер дипло­матиялық инновация деуге бола­ды. Ол Таяу Шығыста бейбітшілікті мықтап орнатуға арнал­ған Ибраһим келісімдеріне қо­сылу жөніндегі шешімінің дұрыс екеніне сенімді және оны жүзеге асыруға бар күшін салады. Бұл келісімнің түпкі мәнін түсіну үшін оның атауына назар ауда­руымыз керек. Авраам, яғни Иб­раһим дін тарихында иудаизм, христиан және ислам діндеріне ортақ пайғамбар болып есепте­леді. Еліміз бүкіл адамзатты біріктіретін құндылықтарға арқа сүйеуге тиіс. Біз түрлі халықтар мен дін өкілдері арасында тату­лық болғанын қалаймыз. Сол се­бепті осы келісімге қосылғаны­мыздың мән-мағынасы ерекше, бұл шешім еліміздің халықара­лық беделіне оң серпін береді», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент Қазақстанның жауапкершілігі жоғары «орта держава» және жер көлемі бойынша ислам әлемін­дегі аса ірі мемлекет екенін еске­ре отырып, еліміздің баршаға түсінікті әділ саясат ұстанымын әрдайым сақтайтынын жеткізді.

«Сыртқы саясаттағы іс-әре­кетіміздің бәрі бір ғана мақсатты көздейді. Ең бастысы, Қазақстанның жерінің тұтастығын, қауіпсіздігі мен егемендігін қам­тамасыз етуіміз керек. Қазақ мемлекетінің басшысы ретінде мен үшін Тәуелсіздік – бәрінен қымбат! Бұл – мерейтой кезін­дегі ұран емес, қазіргі дүрбелеңге толы заманда ұлттық стратегия­мыздың негізгі қағидасы. Мен «Тәуелсіздік дегеніміз – ең алды­мен, жалпыұлттық бірлік пен келісім» екенін үнемі айтып жүрмін. Біз ел бірлігін сақтап, өсіп-өркендеген, абырой-беделі жоғары әрі қуатты мемлекет құ­руды басты міндетіміз деп са­науымыз қажет. Осы мақсатқа стратегиялық тұрғыдан қарап, парасатты, дана халық екенімізді көрсетуіміз керек.

Бұрын да айтқанмын, қазір де атап өткім келеді: біз «тарихи жарақат алған» ұлт психология­сынан біржола арылуымыз ке­рек. Басқа түскен қайғы-қасі­реттің бәрін өзге халықтардан көру, ұлтымыздың маңдайына жазылған ащы тағдыр туралы бітпейтін пікірталастар жүргізу – кешегі күнмен өмір сүру деген сөз. Бүкіл әлем өзгеріп жатыр, бізге де өзгеретін уақыт келді», – дей келе Қасым-Жомарт Тоқаев отандастарымызды уақыт көші­нен қалмай, тек алға қарай жүру­ге, өткенге байланбай, болашақ­қа ұмтылуға шақырды.

Әлем барлық салада ауқымды өзгерістерге ұшырап жатыр. Сая­сат пен экономикадан бастап, климат, технология саласына дейінгі барлық бағыттар динами­калық дамуда. Мемлекет басшы­сы мұндай жағдайда батыл әрі тосын инновациялық шешім қа­былдап, еш нәрседен қорық­пауымыз керек екенін ескертті.

«Мен Үкімет мүшелеріне «Егер әлдекімнен немесе әлдене­ден қорықсаңыздар, маған қыз­меттік хат жазыңыздар. Егер сіз­дер қабылдаған шешімнің, иә болмаса ұсыныстың пайдасы бо­латынын байқасам, оң резолю­ция қоямын. Бүкіл жауап­кершілікті өзіме аламын» деп ес­керттім. Осы үндеуді, ең алды­мен, мемлекеттік қызметшілерге, кәсіпкерлер мен ғалымдарға қа­рата айтып отырмын. Үлкен әрі түбегейлі өзгерістер уақыты келе жатыр, тіпті, басталып кетті деуге болады. Еліміз жаңа тарихи әлем­нен лайықты орнын иеленуі қа­жет», – деді Президент.

Келешегімізді айқындайтын шешуші жыл

Биыл Қазақстанның келе­шегіне тікелей ықпал ететін аса маңызды жыл. Мұны Қасым-Жо­март Тоқаев жақында «Turkistan» газетіне берген сұхбатында атап өтті. Еліміз ауқымды саяси жаң­ғырудың жаңа кезеңіне қадам басқалы тұр. Алдағы парла­менттік реформа осы өзгеріс­тердің өзегі болатыны анық.

«Жолдауымда бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтергенімді білесіздер. Бұл аса маңызды мәселе қоғамда кеңінен талқыланды. Мен былтыр 8 қа­занда Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобын құру ту­ралы өкімге қол қойдым. Оның құрамына белгілі заңгерлер, са­рапшылар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді. Елдік іске бейжай қарамай­тын басқа да азаматтарымыздың бұл талқылауға қатысуы өте ма­ңызды. Сондықтан «e-Otinish» платформасы мен «еGov» порта­лында «Парламенттік реформа» деген арнайы бөлім ашылды. Азаматтарымыз осы мәселеге қа­тысты өздерінің ой-пікірін білдіріп, ұсыныстарын жолдады. Жұмыс тобы келіп түскен ұсы­ныстарды жинақтап, зерделеп, парламенттік реформаны барлық жағынан қарастырды, өте маңыз­ды жұмыс атқарды. Бұл бағытта­ғы шаруаның бәрін өзім тікелей бақылауда ұстадым. Былтыр қа­зан айының ортасында Жұмыс тобының алғашқы отырысын өткіздім. Желтоқсанның 2-сі және 29-ы күндері тағы екі жиын болды. Жаңа жылдан бері Жұмыс тобының мүшелері 3 рет бас қос­ты. Соңғы отырыс күні кеше ғана Құрылтай қарсаңында өтті.

Бір сөзбен, конституциялық реформа туралы қызу талқылау­лар жарты жылға жуық уақыт бойы жүріп жатыр. Бір палаталы Парламентке көшу туралы баста­маны халық қолдап отыр десек, ешқандай қате болмас. Қо­ғамдық пікірді білу үшін тұрақты түрде жүргізілген сауалнамалар және жұмыс тобының қортын­дысы да осы пайымға келіп тоғы­сады. Депутаттар мен партия фракцияларының жетекшілері жақында аймақтарды аралап, сайлаушылармен кездесіп қайт­ты. Олар халықтың осы бастама­дан хабардар екенін және рефор­маны қолдап отырғанын айтуда. Бұл жерде қандай да бір пікір қайшылығы жоқ», – деді Мемле­кет басшысы.

Оның айтуынша, жалпы ба­ғыт-бағдарымыз – айқын. Әрі алдағы өзгерістерге қатысты ор­тақ мәміле бар. Еске салсақ, осы­ған дейін жұмыс тобы барлығын жан-жақты сараптай отырып, нақты пайымдары мен ұсыныс­тарын ортаға салған еді. Негізгі пікірталас «Жаңа Парламент қандай болады, неше депутаттан тұрады? Құрылымы қандай бола­ды және қалай жұмыс істейді?» деген сауалдар жөнінде өрбіді. Президент бұл мәселені терең зерделеп, жан-жақты сараптап, мұқият өлшеп, байыппен түпкілікті шешім қабылдауға тиіс аса маңызды, тіпті шешуші мәсе­ле деп бағалады. Сондай-ақ Жұ­мыс тобында талқыланған негізгі ұсыныстарды таныстырды. Ең алдымен, болашақ Парламенттің атауына қатысты пікірін білдірді.

«Құрылтай деген атауды беру керек деп сенемін. Құрылтайдың тарихи аясы да, мағынасы да хал­қымызға түсінікті, жақын. Құ­рылтай отырыстарын жаңғырту бастамасын мен өзім 2022 жылы көтердім. Бұл баяндаманың ба­сында Құрылтай жұмысының тиімділігі мен пайдасына ден қойдым. Жалпы еліміздің саяси жүйесінде Құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік институт­тың символы ретінде сақтап қа­луымыз керек деп ойлаймын.

Ал депутаттар санына келсек, бұл мәселе де қызу пікірталас ту­ғызды. Ең көп пікір қайшылығы осы мәселеге қатысты болды. Бірінші тарап еліміздегі халық санына қарай пропорционалды уәкілдік идеясын ұсынды. Екінші тарап депутат санын 500-ге дейін арттыру қажет деді. Біздің негізгі мақсатымыз – шын мәнінде тиімді әрі кәсіби Парла­мент құру. Жаңа заң шығарушы орган елдегі ауқымды өзгерістер­ге заңнамалық тұрғыда барынша қолдау көрсетуге тиіс. Әлемдегі озық тәжірибелерге қарасақ, бұл үшін депутат санын көбейтудің еш қажеті жоқ. Сондықтан мәсе­ле – санда емес, сапада! Ең бас­тысы, Парламентте нағыз отан­шыл азаматтар – білікті маман­дар отыруға тиіс!

Жұмыс тобы азаматтардың ұсыныстарын мұқият зерделеп, қызу талқылады. Ақыр соңында Парламенттің мандат саны 145 болуы керек деген байламға келді. Жаңа Парламентте Төрағаның үш орынбасары болуы мүмкін. Ал комитет саны 8-ден аспауы ке­рек», – деп Қасым-Жомарт То­қаев көптің көкейінде жүрген сауалға нақты жауап берді.

Одан кейін Мемлекет басшы­сы ұсыныстардың тағы бір бөлігі­не тоқталды. Яғни Парламенттің негізгі мемлекеттік органдардың құрамын жасақтау ісіндегі құзы­реті туралы. Қазіргі Конститу­цияға сәйкес, Конституциялық соттың, Жоғары аудиторлық па­латаның және Орталық сайлау комиссиясының құрамын жасақ­тау құзыреті Мәжіліс, Сенат және Президент арасында теңдей бөлінген. Жұмыс тобында осы маңызды мемлекеттік құрылым­дардың барлық мүшесі Парла­менттің келісімімен ғана таға­йындалуы қажет деген ұсыныс айтылған. Бұған қоса, Прези­денттің ұсынысы бойынша Жо­ғарғы соттың барлық судьяларын сайлау құзыретін жоғары өкілді орган депутаттарына беру қарас­тырылған. Негізінен бұл – билік тармақтары арасындағы теже­мелік тепе-теңдік жүйесін нығай­ту және ұлттық парламента­ризмді дамыту жолындағы ма­ңызды қадам.

Ал ұсыныстардың үшінші бөлігі жаңа Парламентті жасақ­тау тәртібі туралы болған. Прези­денттің сөзінше, депутаттар енді пропорционалды жүйе қағида­тымен сайланады. Мұндай тәсіл саяси партиялардың институ­ционалдық рөлін күшейтеді. Сондай-ақ олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін артты­рады.

«Кейбір партиялар Парла­ментпен қатар барлық деңгейдегі мәслихаттарды пропорционалды жүйемен жасақтауды ұсынғанын білемін. Бірақ аймақтарда мажо­ритарлық жүйені сақтап қалу ке­рек деп ойлаймын. Еліміздің өңірлерінде жергілікті азаматтар­дың дауыстары, пікірлері жақсы естілуі қажет. Бұл – мен үшін ай­қын ұстаным.

Талқылау кезінде маған Пар­ламенттегі Президент квотасын қалдыру керек деген ұсыныс ай­тылды. Бірақ мен жаңа Парла­мент ешкімнің қамқорлығына, қадағалауына мұқтаж емес екені­не сенімдімін. Депутаттардың ішінде арнайы тағайындалған «таңдаулы тұлғалар» болмауы ке­рек. Олар бәріне бірдей, ортақ тәртіппен сайлануға тиіс. Соған сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясының арнайы квотасы да алынып тасталады. Осы ұстаным­мен жастарға, әйелдер мен ерек­ше қажеттілігі бар азаматтарға ар­налған квотаны қоса алып тастау­ды ұсынғандар болды. Бірақ бұл мүлде басқа мәселе. Бұл квота – әлеуметтік әділдік қағидатының айқын көрінісі, сондай-ақ еліміз­дегі барлық қоғамдық-саяси өкіл­дерді ескеретін маңызды талап. Сол себепті осы квоталарды өз­геріссіз сақтап қалуды ұсына­мын», – деді Мемлекет басшысы.

Бұған қоса, Жұмыс тобында партиялардың Парламентке өту межесін қазіргі бес пайыздан жеті пайызға қайтару қажет деген пікір айтылған. Бұл ереже кезін­де Ұлттық қоғамдық сенім ке­ңесінің бастамасымен қабылдан­ған болатын. Бес жыл бұрын енгізілген осындай өзгерістер сайлау заңнамасын жақсартуға едәуір септігін тигізді. Қасым- Жомарт Тоқаев межені төменде­ту арқылы Парламенттегі ірі сая­си күштердің үстемдігін азайтып, партиялар арасындағы бәсекені күшейту көзделгенін айтты. Есесіне, бүгінде осы норма тиімділігін көрсетіп, ел тарихын­да алғаш рет Мәжіліске алты партия өтті. Сондықтан Прези­дент бес пайыздық межені қал­дыруды қолдады.

Ұсыныстардың төртінші бөлігі заң шығарушы органның жұмыс тәртібі мен рәсімдеріне қатысты. Осыған сәйкес жаңа Парламентте депутаттарды бес жылға сайлау көзделеді. Оның үстіне заң қабылдаудың үш ке­зеңнен тұратын процедурасы ұсынылады.

«Депутаттар бірінші кезеңде заң жобасын жалпы мақұлдайды. Одан кейін өзгерістерді мақұл­дайды, соңында заңды қабыл­дайды. Осылайша біз Парламент қызметін түбегейлі қайта құру арқылы осыған дейін жүзеге асы­рылған саяси реформаларды одан әрі жалғастырамыз. Мемле­кеттің институционалдық тұғы­рын нығайтып, «Күшті Прези­дент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына сәйкес орнықты саяси жүйе қа­лыптастырамыз. Басты мақсаты­мыз да – осы. Билік институттарының жаңа құрылымы баршаға бірдей мүмкіндік беретін әділетті қоғам құрудың мызғымас негізі болмақ.

Түптеп келгенде, біз бір қо­ғам болып қолға алған Парла­менттік реформа еліміздің әлеуетін арттыратын болады. Сонымен қатар әлеуметтік-эко­номикалық өзгерістердің қарқы­нын күшейтіп, сапасын жақсарта түседі. Мен Мемлекет басшысы ретінде бұған кәміл сенемін», – деді Президент.

Қазақстанның Халық кеңесі құрылады

Реформалар – қоғамның қа­жеттілігі мен мемлекеттің даму жоспарына сәйкес үздіксіз жал­ғаса беретін үдеріс. Мұны Мем­лекет басшысы бұған дейін де бірнеше рет атап өткен еді. Қа­сым-Жомарт Тоқаев өзгеріс жа­сау мәселесі әбден пісіп-жетіл­генін Жұмыс тобы аясында өт­кен талқылаулардың қорытын­дысынан анық байқауға болаты­нын айтты.

«Біз заңгерлер мен сарапшы­лардан, қоғам белсенділерінен парламенттік реформаға қатыс­ты бес жүзден астам ұсыныс ал­дық. Еліміздің жалпы конститу­циялық құрылымына қатысты ұсыныстар саны бұдан үш еседей көп болды. Оның ішінде Жұмыс тобының құзыретіне кірмесе де, нақты негіздемесі бар, мұқият қарастыруды қажет ететін мәсе­лелер де болды. Мысалы, қо­ғамды өңірлер мен этномәдени бірлестіктер өкілдерінің мемле­кеттік билік жүйесінде болуына қатысты жайттар алаңдатады. Бұл жайында бүгін депутат По­номарев баяндады. Мұның елеусіз қалдыруға болмайтын, маңызды мәселе екені сөзсіз. Сондықтан оған мемлекет мүд­десін ескере отырып, зор жауап­кершілікпен қарау қажет. Жос­парланған өзгерістің бәрі үй­лесімді болып, бірін-бірі толық­тырып отыруы керек, ешқашан өзара қайшылыққа әкеп соқтыр­мауға тиіс.

Қазақстандағы бірлік пен келісімнің бірегей үлгісі консти­туциялық қағидаттарға негіздел­ген. Елімізде билік пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың қалыптасқан дәстүрі бар. Менің мызғымас ұстанымым – осы құндылықтарды сақтап қана қоймай, нығайта түсу қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Президент сөз арасында ре­формалардың жаңа кезеңінде қо­ғам дамуының барлық мәселесі­не қатысты тұрақты жалпыұлт­тық диалог жүргізу үшін ауқымды платформа немесе биік мінбер қажет екеніне баса назар аудар­ды. Оның пайымынша, халқы­мыздың ынтымақ-бірлігін ны­ғайтуға ықпал ететін негізгі қо­ғамдық-саяси бірлестіктер мен құрылымдар осы платформаға келіп тоғысуға тиіс. Осы орайда ол Қазақстанның Халық кеңесін құруды ұсынды.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың тарихи мән-маңызы зор әрі ай­рықша жауапты миссиялары табысты аяқталды деп санауға бола­ды. Енді жаңа институт ретінде Қазақстанның Халық кеңесін құ­руды ұсынамын. Ассамблея мен Ұлттық құрылтайдың қазақ мем­лекеттілігін және Қазақстан Рес­публикасының Тәуелсіздігін дә­йекті түрде нығайту сияқты мін­деттерін осы жаңа органға жүктей отырып, стратегиялық сабақтас­тықты сақтап қалу өте маңызды деп санаймын. Сонымен бірге Ха­лық Кеңесі басқа елдердегі кон­сультативті құрылымдардың оң тәжірибелерін ескере отырып құ­рылатын жаңа мемлекеттік орган болмақ. Оның құрамына барлық этностың, түрлі санаттағы азамат­тардың және аймақтардың өкіл­дері кіреді.

Қазақстанның Халық кеңесі мемлекетіміздің жоғары кон­сультативтік органы мәртебесіне ие болады. Кеңесті 126 адамнан жасақтап, оған этномәдени орта­лықтардың 42 өкілін, ірі қо­ғамдық бірлестіктердің 42 өкілін және мәслихаттар мен аймақтар­дағы қоғамдық кеңестердің 42 өкілін қосу ұсынылды. Халық кеңесінің барлық мүшесін Пре­зидент тағайындайды. Ал төраға­сын оның мүшелері сайлайды. Кеңес төрағасының қоғамдық негізде жұмыс істеп, ротация ар­қылы тағайындалатын екі орын­басары, сондай-ақ хатшылық меңгерушісі болады», – деді Қа­сым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Халық Кеңесіне заң шығаруға бастама­шылық ету құқығы берілу қажет екенін жеткізді. Әрі жылына кемінде бір рет шақырылатын сессия Халық кеңесінің жоғары органы рөлін атқаратынын айтты. Ал Қазақстан халқы Ассамблея­сының этносаралық және кон­фессияаралық келісім мәселе­леріне қатысты негізгі қызметі кеңеске беріледі. Ішкі саясатты жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу жаңа органның негізгі міндетінің бірі болады. Президент бұл мекеме мемлекеттік идеоло­гияға қатысты мәселелерді, сон­дай-ақ Конституцияның және еліміздегі өзге де аса маңызды құ­жаттардың ережелеріне тоқталып, насихаттау жұмысымен айналы­сатынын ашып түсіндірді. Сон­дай-ақ Әлемдік және дәстүрлі дін­дер көшбасшыларының съезін, мемлекеттік маңызы бар басқа да гуманитарлық форумдарды өткізу де кеңестің құзыретіне кіретінін, Халық кеңесінің мәртебесі мен оны құру тәртібі Конституция­ның арнайы бөлімімен және конституциялық заңмен ретте­летінін тілге тиек етті.

Ата заңға өзгерістер енгізіледі

Сонымен қатар Қасым-Жо­март Тоқаев Ата заңның мәтініне қатысты кәсіби заңгерлер пікір білдіргенін, олар Конституция­мыздың кейбір тұстарын нақты­лай түсу қажеттігіне назар аудар­ғанын айтты. Мемлекет басшысы сайлау мәселесіне қатысты ма­ңызды ұсынысты ортаға салды.

«Қазіргі Ата заңға сәйкес Президент өз міндетін атқара ал­майтындай оқыс жағдай туындаса, оның өкілеттігі қалған мерзім­ге Сенат төрағасына беріледі. Сенат төрағасының мемлекетті басқаруға мүмкіндігі болмаса, Президент өкілеттігі белгіленген тәртіпке сәйкес тиісті лауазым иелеріне өтеді. Бұл ретте, мәсе­ленің бәрі «қалған мерзімге» де­ген сөзге келіп тіреледі, осы мә­селені ерекше атап өткен жөн. Басқаша айтсақ, «қалған мерзім» 6 айға да, 6 жылға да созылуы мүмкін. Сондықтан Мемлекет басшысы мерзімінен бұрын қыз­меттен кетсе, екі айдың ішінде кезектен тыс Президент сайлауы өтеді деген норма негізгі заңда нақты белгіленуі қажет. Бұл қа­дам халықаралық озық тәжірибе­ге сай келеді.

Еліміздің кез келген басшы­сы билікке сайлау арқылы, яғни заңды түрде келуі керек. Бұл – мен үшін мызғымас ұстаным. Осы норма кейінгі мемлекет бас­шылары үшін де еш өзгермейтін қағида болуға тиіс!» – дей келе Президент Конституциямыздың мәтінінде жекелеген қателер бары анықталғанын, осы олқы­лықты Конституциялық рефор­ма аясында түзетуіміз керек екенін жеткізді.

Бұл жұмысқа заңгерлермен қатар, білікті тіл мамандары ша­қырылады. Мемлекет басшысы атап өткен тағы бір маңызды мә­селе – Ата заңның Преамбула­сын ұлттық құндылықтарымыз­ды айшықтап, қанша заман өтсе де, өзекті болып қала беретіндей етіп қайта жазу. Онда қазақ жеріндегі өркениет пен мемле­кеттіліктің тарихы терең екені нақты көрініс табуға тиіс. Осы­лайша Қазақстанның Ұлы дала­дағы ұлы мемлекеттердің мұра­гері екенін паш етуіміз керек.

«Бұдан бөлек, Конституция­мызға «Біз бәріміз Әділетті Қа­зақстанды ең жоғары мақсат ретінде көздейміз және оған же­теміз» деген қағидатты енгізуіміз керек. Негізгі заңға, соның ішін­де, Преамбуланың жаңа мәтініне құқықтық мемлекет құруға, сон­дай-ақ табиғатты аялауға және қоршаған ортаны қорғауға қа­тысты қағидаттарды енгізу керек деп санаймын. Мемлекет құры­лысына қатысты осы қағидаттың бәрі – ешқашан ескірмейтін, әр­дайым өзекті болып қала беретін және қайта қарауға жатпайтын мызғымас қағидаттар. Біз Ата заңда еліміздің зайырлы мемле­кет екенін әйгілейтін нормалар­ды сақтап, күшейте түсуіміз қа­жет. Конституциямыз заман та­лабына сай болуы керек.

ХХІ ғасырда цифрландыру үдерісі өте жылдам жүріп жатыр, тұрақты және аса қарқынды си­патқа ие болды. Жоғары техно­логия адамның күнделікті өмірі­не, құқықтары мен бостандықта­рына тікелей әсерін тигізе баста­ды. Болашақта бұл үрдіс үздіксіз жалғаса беретіні анық. Сондық­тан еліміздегі цифрландыру үдерісінің институционалдық- құқықтық негізі Ата заңда мін­детті түрде аталып өтуі қажет. Конституцияда азаматтардың дербес цифрлық деректері заң­мен қорғалатыны нақты айтылуы керек деп санаймын.

Мен әзірге келіп түскен ұсы­ныстардың негізгі тұстарына тоқ­талып өттім. Осылайша консти­туциялық реформаның жалпы сұлбасы шығып келеді. Жарты жыл бойы өткізілген пікірталас­тар мен талқылаулар кезінде ал­дағы реформаға қатысты басты ұстанымдар айқындалды. Бұл ұс­танымдар бір-бірімен өзара ты­ғыз байланысты. Тиісті байланыс арналары арқылы халықтан келіп түскен идеялар мұқият саралан­ды. Ойға қонымды бастамалар барынша ескерілді. Халықтың қолдауына ие болса, Қазақстан­ның мемлекеттік құрылысының жаңа кезеңі басталады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Вице-президент лауазымы туралы

Президент Құрылтай мүше­лерінің еліміздегі ауқымды ре­формаларды жүзеге асыруға бел­сене атсалысып жүргенін атап өтіп, олар өзгерістердің логика­сын жақсы түсінетінін айтты. Сондай-ақ ол саяси жаңғырудың басты мақсаты – Қазақстанның әлеуетін арттыру және мемле­кеттілігіміздің қазіргі заманғы сын-қатерлерге дайындығын кү­шейту екенін еске салды.

«Мемлекеттік институттар­дың түпкі мәнін өзгерту және олардың өзара байланысын жақ­сарту маңызды. 2022 жылғы конс­титуциялық реформалардың нә­тижесінде біз саяси жүйені тең­герімді етуге және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға арналған шаралар қабылдадық. Заң үстемдігін нығайтып, құқық­тық мәдениетті орнықтыру үшін Конституциялық сот құрылды. Жаңа Әкімшілік рәсімдік-про­цестік кодекс қабылданған соң сот үкімдері азаматтар мен кәсіп­керлердің пайдасына көбірек шешіле бастады. Олардың өз заң­ды мүдделерін табысты қорғауы­на жол ашылды. Кассациялық соттардың құрылуы және Адам құқығы жөніндегі уәкілдің конс­титуциялық мәртебеге ие болуы азаматтардың құқықтарын қорғау жүйесін нығайту жолындағы ма­ңызды қадам болды.

Біз сайлау жүйесін және өкілді органдарды жасақтау тәртібін жетілдірдік, олардың саяси ықпалы мен құзыреттері едәуір күшейтілді. Жаңа сайлау моделі Парламентке және мәсли­хаттарға түрлі идеологиялық көз­қарастағы адамдарға және саяси партиялар өкілдеріне жол ашып берді. Ауыл әкімдерін сайлау жү­йесі енгізілгеннен кейін атқару­шы билік тармағы жаппай жа­ңарды. Мемлекет басшысының туыстарына басқару жүйесіндегі жоғары әрі негізгі лауазымдарды иеленуге тыйым салынуы аса ма­ңызды конституциялық жаңалық болды. Осылайша жан-жақты өз­герістер сот, заң шығару, атқару сияқты билік тармақтарының бәрін қамтыды. Бұл өзгерістер орталық деңгейде де, өңірлік деңгейде де болды. Бұдан бөлек, жоғарғы билік деңгейінде, яғни Президенттік институтта да елеулі өзгерістер жасалды», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев жүзе­ге асырылған және жоспарланып отырған өзгерістер асығыс қа­былданған немесе белгілі бір жағ­дайға байланысты туындаған шешімдер емес екенін баса айт­ты. Оның сөзінше, бұл реформа­лар мемлекет мүддесі мен халық игілігі тұрғысынан мұқият ойлас­тырылған. Сондықтан бастама­лардың барлығы елді жан-жақты жаңғыртудың ұзақ мерзімге ар­налған біртұтас стратегиясына тоғысып отыр. Оң әрі тұрақты нәтижеге жету үшін эволюция­лық жолмен жүру, кезең-кезеңі­мен әрекет жасау, сондай-ақ қо­ғамды жаңа саяси және экономи­калық ахуалға бейімдеу қажет.

«Әр нәрсенің өз уақыты бар» деп халқымыз бекер айтпаған. Ұлттық құрылтайдың қорытын­ды отырысында да осындай сәт туып тұр деп санаймын. Сол се­бепті жаңадан маңызды ұсыныс айтқым келеді. Мен ұсынатын жаңашылдықты біз бірнеше жыл бойы мұқият қалыптастырып келе жатқан саяси құрылымның үйлесімді түйіні деуге болады. Әңгіме Қазақстан Республика­сының Вице-президенті инсти­тутын құру, тиісінше оны Конс­титуцияда бекіту туралы болып отыр. Вице-президентті Мемле­кет басшысы Парламент депутат­тарының көпшілігінің келісімін ала отырып тағайындайды. Оның құзырет аясын Мемлекет басшы­сы өзі белгілейді.

Вице-президент Президенттің тапсырмасы бойынша:

– Халықаралық форумдарда және шет мемлекеттер делега­цияларымен өткізілетін келіс­сөздерде Қазақстан Республика­сының атынан өкілдік етеді;

– Парламентте Президенттің атынан өкілдік етеді;

– Еліміздің және шетелдердің қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымда­рымен қарым-қатынас орнатады;

– Президенттің басқа да тап­сырмаларын орындайды.

Вице-президенттің қызметтік міндеттеріне қатысты осы негізгі ережелерді де Конститу­ция мәтінінде көрсеткен жөн бо­лар еді.

Қазіргі Парламенттің қыз­метін қамтамасыз етіп отырған аппараттық құрылымның бір бөлігі және Мемлекеттік кеңесші лауазымы қысқартылады. Пре­зидент Әкімшілігінің міндеттері мен құрылымы іс жүзіндегі қа­жеттілікке сәйкес реформалана­ды. Вице-президент лауазымы бірқатар мемлекетте бар. Біздің жағдайымызда бұл лауазымды енгізу мемлекетті басқару үдерісін тұрақтандырады. Сон­дай-ақ билік иерархиясын бір­жола айқындап береді. Осы конституциялық жаңашылдық Президент билігі институтының өзі әлсірейді дегенді білдір­мейтінін атап өткім келеді. Керісінше, Президент лауазымы мемлекеттік жүйедегі басты лауазым болып қала береді. Қа­зақстанның Президенттік республика ретінде табысты дами беретініне сенімдімін. Өзінің тиімділігін көрсеткен осы саяси жүйеден бас тартуға болмайды. Халықаралық тәжірибе дәл осы таңдаудың дұрыс екенін айқын көрсетіп отыр. Мен ұсынған мемлекеттік билік реформалары, атап айтқанда, бір палаталы Пар­ламент – Құрылтайға көшу, Ха­лық Кеңесін құру, Вице-прези­дент лауазымын енгізу еліміздің дамуына зор серпін береді, оның әлеуетін арттыра түседі деп се­немін», – деді Президент.

Негізі 2022 жылғы жүйелі өз­герістермен қатар алып қараған­да, алдымызда тұрған реформа­ларды жүзеге асыру – 1995 жылы осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын бекітілген үлгіден мүлде жаңа конституциялық үлгіге көшу деген сөз. Осы бастамалар жалпыхалықтық референдумда азаматтарымыз тарапынан қол­дау тапқан жағдайда Қазақстан­ның мемлекеттілігі, еліміздің саяси жүйесі түбегейлі жаңғы­рып, еліміз жаңа тұрақтылық деңгейіне көтерілмек. Мемлекет басшысы осылайша, бір ел, бір халық болып, қазіргі алмағайып заманның сын-қатерлеріне төтеп береміз, оларды еңсереміз дейді.

Жалпы бастапқыда парла­менттік реформа аясында Ата заңның 40-қа жуық бабын өзгер­ту жоспарланған. Алайда жұмыс барысында түзетулер саны әлде­қайда көп екені белгілі болған. Еске салсақ, 2022 жылғы рефор­мада Ата заңның 33 бабы жаңар­ды. Президент ендігі өзгеріс одан да ауқымды деп отыр.

«Біз, шын мәнінде, жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар қадам жасағалы тұрмыз. Сондықтан мен Конституция­лық комиссия құру туралы шешім қабылдадым. Арнайы Жарлыққа ертең қол қоямын. Комиссия құрамына 100-ден ас­там азамат кіреді. Оның ішінде Ұлттық құрылтай мүшелері, белгілі заңгерлер, ақпарат құрал­дары басшылары, аймақтық мәс­лихат төрағалары мен қоғамдық кеңес өкілдері және басқа да білікті мамандар болады. Бұл жұ­мысқа Конституциялық соттың төрағасы жетекшілік етеді. Ко­миссия барлық ұсынысты сарап­тап, қорытып, нақты өзгеріс­тердің жобасын әзірлейді. Содан соң жалпыхалықтық референдум өтетін уақытты белгілейміз», – деді Президент.

Негізінен осы уақытқа дейін әлемдегі ахуал тым шиеленісіп тұрғанына қарамастан елімізде күрделі әрі түбегейлі өзгерістер жүзеге асырылды. 2022 жылғы конституциялық реформа, одан кейін Атом электр стансасын са­луға қатысты референдум кезінде халықтың басым көпшілігі Пре­зидентті қолдады. Осы орайда Мемлекет басшысы дүйім жұртқа өз ризашылығын білдірді.

«Мен әрбір шешімді елге қа­жеттігі тұрғысынан мұқият сара­лай отырып қабылдаймын. Аза­маттардың әл-ауқатын жақсарту­ға бағытталған нақты жұмыспен айналысу мен үшін бәрінен ма­ңызды. Халықтың қамы, ұлттың, мемлекеттің мүддесі – мен үшін баға жетпес құндылық. Алдағы уақытта да елімізді дамытып, Тәуелсіздігімізді нығайта түсу жолында бар күш-жігерімді са­лып, еңбек ете беремін. Осы орайда, стратегиялық бағдарым­ды үнемі қолдап келе жатқан бар­ша халыққа және осы залда отыр­ған еліміздің лайықты азаматта­рына шын жүректен ризашылы­ғымды білдіремін және зор алғы­сымды айтамын.

Ұлттық құрылтай ел тари­хында қалады. Біз аз ғана уақыт ішінде ауқымды жұмыс атқар­дық. Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанның іргесін бірге қаладық. Сіздер еліміздің саяси-экономикалық, әлеу­меттік және рухани болмысын өзгерту жолында зор еңбек еттіңіздер. Мемлекеттігімізді нығайтуға елеулі үлес қостыңыз­дар. Алдағы уақытта да біз бірге ел игілігіне қызмет ете береміз деп сенемін. Бізді әлі де көп жұ­мыс күтіп тұр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сөзін қорытынды­лай келе, ұлт болашағын айқын­дайтын ең маңызды шаруалар енді басталғанын мәлімдеді.

«Қиындықтан жалтарып не­месе табысқа тоқмейілсіп отыру­ға қақымыз жоқ, уақытымыз да жоқ. Бірлігімізді бекемдеп, білек сыбанып, іске кірісуіміз керек. Келесі Парламентіміз халқы­мыздың ұлттық санасында өзіндік орны бар ұғым, атына заты сай Құрылтай сөзімен атал­са, мұны жақсы ырымға балауға болады деп сенемін», – деді Мемлекет басшысы.

Марапат – еңбектің бағасы

Жиын соңында Ұлттық құ­рылтайдың қызметіне белсене атсалысып, реформалардың та­бысты жүзеге асырылуына елеулі үлес қосқан бір топ азаматты мемлекеттік наградамен мара­паттау туралы шешім қабылдап, тиісті Жарлыққа қол қойғанын айтты.

Атап айтқанда, елдің әлеу­меттік-экономикалық және қо­ғамдық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін I дәрежелі «Барыс» орденімен қызылордалық еңбек ардагері Самұрат Имандосов, «Ақ жол» Қазақстан демократия­лық партиясы» ҚБ төрағасы Азат Перуашев; II дәрежелі «Барыс» орденімен «Қазақстан заңгерлер одағы» РҚБ төрағасы Серік Ақылбай, «Қолданбалы эконо­миканы зерттеу орталығы» ЖШС ғылыми жетекшісі Жақ­сыбек Құлекеев, Мәжіліс депута­ты Дәулет Тұрлыханов; III дәре­желі «Барыс» орденімен «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпора­циясы» АҚ басқарма төрағасы­ның орынбасары Серік Бектұр­ғанов, жазушы Сәуле Досжан, Мәжіліс депутаттары Еділ Жаң­быршин мен Нұртай Сабилья­нов, адвокат Айман Омарова, Атырау облысы қоғамдық ке­ңесінің мүшесі Максим Ізбасов наградталды.

Ал қызылордалық еңбек ар­дагері Сәби Аңсат, Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов, адвокат Айдын Бикебаев, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» ҚБ прези­денті Рауан Кенжеханұлы, еңбек ардагері Айтбай Көшербаев, Қы­зылорда қалалық мәслихатының депутаты Ибадулла Құттықо­жаев, Мәжіліс депутаттары Сер­гей Пономарёв пен Ерлан Сайы­ров, актер Азамат Сатыбалды, «Media Holding «Atameken Business» ЖШС бас директоры Қанат Сахариянов, «Тандем» те­лерадиокомпаниясы» ЖШС бас директоры Тәттігүл Талаева, Қы­зылорда облыстық мәслихаты­ның төрағасы Мұрат Тілеуімбе­тов, «А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты» РМК ди­ректоры Анар Фазылжан «Пара­сат» орденімен марапатталды.

«Ел бірлігі» ордені Мәжіліс депутаты Наталья Дементьеваға берілсе, «Құрмет» орденін кеу­десіне таққандар қатарында «Экономикалық саясат институ­ты» мекемесінің президенті Қа­йырбек Арыстанбеков, «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар пар­тиясы» ҚБ төрағасы Азаматхан Әміртаев, «Green Tal» әлеуметтік шеберханасының басшысы Эмин Әскеров, «Amanat» партиясы Қы­зылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай, Маң­ғыстау облысы қоғамдық ке­ңесінің мүшесі Раббим Борашов, «Қосымша білім беру оқу-әдісте­мелік орталығы» КММ директо­ры Қайрат Жәлімбетов, Қараған­ды облыстық мәслихатының де­путаты Ләззат Қожахметова, «Қытай зерттеушілері қауымдас­тығы» ҚҚ төрағасы Қазыбек Майгелдинов, жазушы Серік Са­рыбай, Павлодар облысы қо­ғамдық кеңесінің мүшесі Серік Сәдуақасов, кәсіпкер Сырымбек Тау, білім мәселелері жөніндегі сарапшы Қайсар Тұрсынқожаев, Мәжіліс депутаты Никита Шата­лов бар.

Сонымен қатар журналист Нұрбек Матжани мен «Хабар» телеарнасының редакторы, жүргізушісі Мейірбек Сұлтанхан «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Ассамблея жастары» РҚБ Қы­зылорда облыстық филиалының төрағасы Елена Пак «Шапағат» медалімен марапатталса, қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы мен саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедовке «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құр­метті атағы берілді.

Айта кетейік, Ұлттық құрыл­тайдың V отырысында, сондай-ақ Мәжіліс депутаты Нұртай Са­бильянов, саясаттанушы Марат Шибұтов, «Әділ сөз» сөз бостан­дығын қорғау халықаралық қо­рының президенті Қарлығаш Жаманқұлова, Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстанда­ғы орыс, славян және казак ұйымдары қауымдастығының төрағасы Сергей Пономарев, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің басқар­ма төрағасы – ректоры Лаура Қа­рабасова да сөз сөйлеп, келелі ойларын ортаға салды.

(«Egemen Qazaqstan»,

20 қаңтар 2026 жыл).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp