«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕЛБІРЕСІН КӨК БАЙРАҚ

Жоғары нәтижелерімен жанкүйерлерін қуантып жүрген жерлесіміз Ербол Хамитов Италияда өтетін Паралимпиада ойындарының ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын ұстап шығады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көк байрақты салтанатты түрде табыс етті. Бұл – спортшының халықаралық аренадағы жетістіктеріне берілген жоғары баға әрі үлкен сенімнің белгісі.

Ербол Хамитов қазіргі таңда Польшадағы әлем кубогы ке­зеңінде де ел намысын абырой­мен қорғап жатқанын айта кет­кен жөн. Ол парабиатлоннан 12,5 шақырымдық жеке жарыста мәреге үшінші болып келіп, қола медальді қанжығасына байлады. «Бүгін 12,5 шақырымдық жеке жарыста үшінші орын алдым. Екінші атыс шебінде бір ғана қа­телік жібердім, сол үшін бір ми­нут айып уақыты қосылды. Жарысқа кеше ғана ұшып келдім, ұшақтан кейін жүгіру оңай емес екен. Соған қарамастан үшінші орынды иеленуге мүмкіндік туды», – деп жазды Ербол Хами­тов әлеуметтік желідегі парақша­сында.

Жерлесіміз бұған дейін Гер­манияда өткен әлем кубогы ке­зеңінде де сәтті өнер көрсеткен болатын. Атап айтқанда, пара­биатлоннан 7,5 шақырымдық жарыста қола жүлде жеңіп алса, 0,9 шақырымдық спринтте күміс медальға қол жеткізген.

Ербол Хамитовтың халықа­ралық жарыстардағы көрсеткіш­тері мен Паралимпиадада Қа­зақстанның көк туын ұстап шы­ғуы – өңір спорты үшін үлкен абырой. Оның жеңістері – жас спортшыларға үлгі.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp