«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«АСЫЛ МҰРА» – ҚАЗЫНАЛЫ ШЕЖІРЕ

1 ақпанда 25 жылдық мерейлі белеске көтерілгелі отырған «Асыл мұра» орталығы туралы сөз еткенде оның іргетасын қалап, қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан Ғалым Қадыралин, Қайролла Мұқанов пен Социал Жұмабаевтың еселі еңбектері ойға оралады. Кейін оқу-ағарту саласы ардагерлерінің қатарына жергілікті өлкетанушы-журналист Таңат Сүгірбаев қосылып, өндірте жұмыс істеді.

Зерттеу орталығы Қызыл­жар топырағынан түлеп ұшқан Кәкімбек Салықов, Ғазез Тәше­нов, Аманжол Қошанов, Ораз­гелді Баймұратов сынды есім­дері республикаға танымал ел ағаларының қолдауымен сол кездегі облыстық тарихи-өлке­тану мұражайы жанынан ғылы­ми-зерттеу бірлестігі ретінде құрылып, алғашқы жетекшісі болып Ғалым Қадыралыұлы­ның тағайындалғанын жұртшы­лық жақсы біледі. Ағамыз сұх­баттарының бірінде: «Орталық­ты құрудағы негізгі мақсат – түрлі себептермен осы күнге дейін есімдері белгісіз болмаса кеңінен танылмай келген жергілікті от ауызды, орақ тілді ше­шендер мен билерді, шыбын жанын шүберекке түйіп, бір сү­йем жер үшін арыстанша алыс­қан, жолбарысша жұлқысқан батырларды, басқа да тұлғалар­ды, ақтаңдақ тарихымыздың беттерін көпшілікке кеңінен та­ныстыру», – деген еді.

Көз майларын тауысып, өңір тарихын індете зерттеудің арқасында алғашқы жылы 6 кітап жарық көрді. Ал 15 жыл­дың ішінде 69 кітаптың тұ­сауының кесілуі ауыз толтырып айтарлық табыс екені талассыз. Олардың бірқатары Сәбит Мұ­қанов атындағы облыстық ғы­лыми-әмбебап кітапхананың электронды жүйесіне орналас­тырылды. Бұдан бөлек, мерзімді баспасөз беттерінді 200-ден ас­там танымдық мақала жария­ланды. Облыстық музейдің негізгі қорына құнды құжаттар мен фотосуреттер тапсырылды. Қожаберген жырау, Тоқсан би, Ер Есеней, Батыр Баян, Жылғара Байтоқин, Шал ақын, Үкілі Ыбырай, Мағжан Жұмабаев, Абылай Рамазанов, Жұмағали Тілеулин, Баймағанбет Ізтөлин және тағы басқалар жайлы ең­бектердің шоқтығы биік. Ал «Память» қоғамдық қорымен бірлесіп, саяси қуғын-сүргін құрбандары жайлы шығарған «Есімдері мәңгілік есте» ес­теліктер жинақтары – өз алдына бір төбе.

Бұдан бөлек, Ынтымақ, Баян, Ысқақ Ыбыраев, Ақтас ауылдарының, Жамбыл ауданы­ның тарихы, Уақ Шоға, Нұра­лы, Атығай, Атығай-Қарауыл, Таз Керей шежірелері сұраныс­қа ие болды. «Қызылжар өңірінің зиялы қауымы» серия­сы ерекше жоба ретінде таныл­ды. Жұртшылыққа ұсынылған зерттеулердің басым бөлігі өш­кен тарихымызды түгендеп, ұлттық мәдениетіміз бен төл әдебиетімізді қайта жаңғырту секілді сүбелі тақырыптарға ар­налды. Атан түйе тарта алмас бейнет пен жауапкершілік жүгін арқалап, кәсіби адалдық пен сауаттылық танытқан өлкетану­шылар тыңнан түрен салды. Тәуелсіздігімізге дейін солақай саясат салдарынан есімдері та­нылмай келген біртуар жерлес­теріміздің беймәлім қырларын зерттеп, зерделеуде атқарған еңбектері орасан. Олай дейтініміз, республикалық, облыс­тық және шетел архивтерінде тың қолжазбалармен таныса, мұрағат материалдарын жинас­тыра отырып, нақты деректерге негіздеп жазуға ұмтылды. Ор­талыққа Таңат Сүгірбаев бас­шылық еткен жылдары да осындай игілікті істер өз жалғасын тапты.

2021 жылы «Асыл мұра» ор­талығының 20 жылдығы қарса­ңында оның негізін қалаушы­лардың құрметіне мемориал­дық тақтаның орнатылуын жұртшылық қуана қолдады. Ес­керкіштің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде сол кездегі об­лыстық ішкі саясат басқарма­сының басшысы Кемел Оспа­нов: «Қожаберген жырау, Сегіз сері, Тоқсан би бабаларымыз­дың өмірбаяны мен шығарма­шылығы туралы алғаш рет «Асыл мұра» қайраткерлерінің ізденуінің арқасында естідік. Баспасөздерде Қожаберген жы­рау мен Сегіз серіге байланыс­ты айтыла бастаған жаңсақ пікірлерге де бірінші болып тоқтау салған осы «Асыл мұра» қызметкерлері болатын», – десе, жиынға арнайы келген Қазақстан Жоғарғы мектебі ғы­лым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы Өмірзақ Озғанбай: «Ұрпақ са­насын жаңғыртуға алтын уа­қыттарын аямаған бұл кісі­лердің өздері халық ардақтай­тын тұлғаларға айналды», – деп ағынан жарылды.

«Асыл мұра» орталығы әлі де тарихқа, мәдениетке және сөз өнеріне қызыққан қауымға мол ақпарат беретін шаңырақ саналады. Оның қызметкерлері Ахметжан Қуантаев (жетекші), Сағындық Салмұрзин, Дәстен Баймұқанов аға буын салып кеткен жолды жемісті жалғас­тырып келеді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp