«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҒАШЫҚТЫҚ ҒАЛАМАТЫ

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында қазақ даласындағы ең мұңды да мәңгілік махаббат хи­каяларының бірі – Естай мен Қорлан тағдырына арналған «Махаббат әні» пластикалық спектаклінің премьерасы өтті. Қос ға­шықтың қосыла алмаған жүрек сырын сахна тілімен жеткізген шығармашылық ұжым көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Спектакльде сөзден гөрі қимыл, пластика, би мен му­зыкаға басымдық берілген. «Шабыт» би ансамблі мен жас әртістердің сахнадағы әрбір қозғалысы махаббат, арман, өкініш пен тағдыр қақтығысын көркем бейне­леді. Жарық, дыбыс, сахна­ның қойылым мағынасына сай көркем безендірілуі жо­ғары деңгейде ұйымдастыры­лып, көрерменді бір сәтке өткен ғасырдағы қазақ ауылы­ның тыныс-тіршілігіне жете­леп әкетті.

Қойылым желісі бойын­ша Ертіс өңіріндегі Ақкөл ауылынан елу шақырым жер­де Сүлеймен атты бай өмір сүреді. Оның ұлы Шошан­ның қалыңдығы – Маралды деп аталатын ауылдың қызы. Сүйіктісін көруге аттанған Шошан өзімен бірге досы әрі ел арасында құрметті әнші атанған Естайды ертіп апара­ды. Торқалы той-думан кезінде Естай сұлу Қорлан­мен танысып, екеуінің ара­сында сезім оты тұтанады. Алайда Қорлан атастырыл­ған қыз еді. Соған қарамастан қос жүрек бірін-бірі сүйетінін мойындайды. Екі жастың жү­регі бір болса да тағдырдың жазғаны басқа болып шықты. Қыздың әкесі салт-дәстүрді алға тартып, Қорланды атастырылған жігітке ұзатады. Театр актерлері Қорланның басына ақ орамал салынған сәттегі көз жасы мен Естай­дың ішкі күйзелісін ерекше әсерлі жеткізді. Залдың әр тұ­сынан көз жасына ерік берген көрерменді көрдік. Ақыры екі жас амалсыздан екі жаққа кетеді. Ал Естай өмір бойы Қорланды ұмыта алмай, өзінің мәңгілік сағынышын «Қорлан» әні арқылы халқы­на аманат етеді.

«Қойылымда актерлердің дауыс тембрі, эмоция, сахна­лық мәдениеті жоғары дең­гейде көрінді. Олардың ұлт­тық нақыштағы киімдері өте сәнді тігілген. Қыздардың оюлы көйлектері, қос бұрым етіп өрілген шаштарына қа­рап құдды бір өткен ғасыр­ларда жүргендей әсерге бө­лендім. Мұның бәрі – сахна­ның эстетикалық бейнесін толықтырған элементтер. Спектакль сонысымен де құнды», – дейді көрермен­дердің бірі Аружан Еркімбай.

«Махаббат әні» пластика­лық спектаклінің режиссер-хореографы – Нұрай Мұха­меджан. Ал Қорлан рөлін актриса Жұлдыз Тынысбек сомдады. Оның сахнадағы нәзік те мұңлы бейнесі кө­рерменнің жүрегіне жол тап­ты. Жұлдыз театрда екі жыл­дан бері еңбек етіп келеді және бұған дейін де бірқатар қойылымдарда басты рөл­дерді ойнаған. «Сыған сере­надасындағы» Сағыныштың бейнесі – актрисаның ең сүйікті образдарының бірі.

Бұл спектакль – тек ма­хаббат туралы қойылым ғана емес, қазақтың салт-дәстүрі, тағдырға илану, қоғамдағы күрес жайлы терең ой сала­тын көркем дүние. Естай мен Қорланның сағынышқа толы хикаясы сахнада жаңаша үн қатып, көрерменді бейжай қалдырмады.

Данагүл ҮРТЕМІШ,

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.

Суретті түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp