Қызылжар өңірінен мәдениет пен өнердің дамуына еселі еңбегімен үлес қосқан тұғырлы тұлғалар аз шықпаған. Солардың бірегейі – көзі тірі болғанда ақпан айының 5-ші жұлдызында 76 жасқа толатын белгілі өнер қайраткері, қадірлі ағамыз Қуандық Қасымов. Қуандық аға екеуіміз – Жамбыл ауданындағы Баян ауылының тумасымыз, бір мектепте оқыдық, кейін өнер жолында да қатар жүрдік.
Қуандық Ишанғалиұлы бар ғұмырын өнерге арнаған адам еді. Бала күнінен сахнаға жақын болып өсті. Ол өнерді ұлықтаудан, оған қызмет етуден бір сәт жалыққан емес.
Қуандықтың өнер жолын таңдауының өзіндік себептері бар деп ойлаймын. Ең алдымен, оған туған жері мен өскен ортасы ықпал етті. Жамбыл ауданындағы Баян ауылы – ертеден өнер ордасы атанған мекен. Осы өңірден Нияз сері, Сегіз сері сияқты әйгілі өнер иелері шыққан. Ел ішінде Сегіз серінің әндерін, күйлерін орындап жүрген талай адам болды. Қуандықтың әкесі де өнерге жақын, керемет домбырашы, әнші болған кісі еді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, Қуандықтың басқа саланы емес, өнер жолын таңдауы – заңдылық.
Баян орта мектебінде оқып жүргенде Қуандықты ұстаздар мен оқушылардың барлығы «әнші бала» деп атайтын. Ол «Құралай» әнін орындағанда бәріміз ерекше сүйіспеншілікпен тыңдайтынбыз. Мектепті бітірген соң Қуандық Алматы қаласындағы Күләш Байсейітова атындағы музыка училищесінің дирижер-хоровик мамандығына оқуға түсті. Ол кезде бұл оқу орнының атағы дүркіреп тұрған шақ. Білім ошағында қатарының алды атанып, түрлі ән байқауларына қатысып, жүлделі орындарды еншілеп жүрді.
Жазғы демалыс кезінде ауданда өткен конкурсқа біздің ауылдан 70 адамнан құралған хор қатысты. Сол хорды ұйымдастыруда Қуандықтың еңбегі орасан зор болды. Ол кезде мен 9-сыныпта оқитынмын, өзім де хордың құрамында болдым. Біз төрт дауыста ән айтып, жүлделі бірінші орынға ие болдық.
Қуандық Ишанғалиұлы еңбек жолын Сергеевка (Шал ақын ауданы) қаласындағы музыка мектебінде бастады. Кейін аудандық Мәдениет үйіне жетекшілік етті. Аудандағы өнерпаз қазақ жастарының басын бір арнаға тоғыстырып, ақын, марқұм Мүтәллап Қанғожин ағамыз ұйымдастырған алғашқы облыстық байқауға қатыстырды. Аудан жастары бірінші орын алды, ал Қуандықтың өзі дәстүрлі ән жанры бойынша бас жүлдені иеленді. Кейін өнерлі жастармен бірге «Ақбидай» ансамблін құрды. Бұл ансамбльдің атағы республикаға кеңінен жайылды. Алматыда, кейін Ресейдің Пермь облысында 90-ға жуық концерт қойды.
Қуандық Ишанғалиұлы өңірде ақындар айтысын қайта жандандыруға белсене атсалысқан жан. 1980-1986 жылдар аралығында Көкшетау, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстары ақындарының қатысуымен аймақтық деңгейде айтыс ұйымдастырды. Ал 1989 жылы Ресейдің Халық әртісі Геннадий Заволокинді арнайы шақырып, алғаш рет «Ойна, гармонь, күмбірле, домбыра» атты облыстық фестиваль мен түрлі ұлт өкілдерінің ойын-сауық мерекесін өткізді. Бұл шаралар халықтар арасындағы достық пен мәдени байланыстардың нығаюына елеулі үлес қосты.
Кейін Қуандық Қасымов бұрынғы Соколов, Қызылжар аудандарындағы мәдениет бөлімін басқарды. Одан соң Петропавл қаласындағы филармонияның тізгінін ұстады. Жалақы жылдап төленбейтін қысылтаяң шақта өзге өңірлерден келген 10 актерге қамқорлық көрсетіп, пәтер алып беруі оның нағыз қайраткер екенін аңғартады.
Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының тізгінін сегіз жыл бойы қолында нық ұстаған кезеңде Қуандық Ишанғалиұлы өзін шын мәніндегі қазақ өнерінің жанашыры, адал басшы ретінде таныта білді. Ол театрдың шығармашылық бағыт-бағдарын айқындап қана қоймай, актерлік құрамның кәсіби өсуіне, сахналық мәдениеттің қалыптасуына ерекше мән берді. Соның нәтижесінде Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі алпысқа жуық театр ұжымы Қуандық ағаның еңбегін жоғары бағалап, оның өнеріне құрметпен қарады, таланты мен ұйымдастырушылық қабілетіне тәнті болды.
Қуандық Ишанғалиұлы көзі тірісінде ұлттық өнерге деген шексіз сүйіспеншілігін нақты істерімен дәлелдей білді. Ол Көкшетау, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан өңірлері ақындары арасындағы шығармашылық байланысты нығайтуға септесті. Осы бастамалары арқылы қазақтың көне де қастерлі айтыс өнерінің қайта жанданып, кеңінен насихатталуына өлшеусіз үлес қосты. Оның ел руханиятына сіңірген еңбегі мен өнер жолындағы ізденістері халық жадында мәңгі сақталары сөзсіз.
Ардақты тұлғалардың, әсіресе өнер иелерінің шынайы биігі мен дара болмысы көбіне көзі тірісінде замандастары тарапынан толық бағалана бермейді. Әдетте ондай бағаны өмірден өткен соң ғана беріп жатамыз. Ал Қуандық Ишанғалиұлы тірісінде-ақ өнер шыңына көтеріліп, өңірімізге ғана емес, күллі республикаға кеңінен танылды. Ол өз саласының нағыз майталманы, ісіне берік, жауапкершілігі жоғары, адамгершілік болмысы биік жан болатын.
Жангелді ТӘЖИН,
Петропавл қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.