«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«АУЫЛҒА ЕҢ КЕРЕГІ – ЖОЛ МЕНЕН СУ»

– Қайрат Сәкенұлы, әңгі­мемізді өзіңіз басқарып отырған «Ауыл» партиясының өңірдегі ты­ныс-тіршілігінен бастасақ.

– «Ауыл» партиясының об­лыстық филиалында штаттағы төрт қызметкер өңірдегі жұмыс­тарды үйлестіріп отыр. Жыл са­йын әзірленетін «Жол картасы» бағдарламасы аясында жоспар­ларымыз жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Жалпы атқарылған жұмыстар оң нәтижесін беруде.

Өткенге көз жүгіртсек, 2024 жылы өңірде табиғи апат орын алып, ел басына күн туған сәтте партия белсенділік танытты. Зардап шеккен жерлестерімізге 100 тоннаға жуық гуманитарлық көмек көрсетіліп, еріктілеріміз күні-түні аянбай еңбек етті.

Сондай-ақ 33 жылдан кейін жастардың студенттік құрылыс жасақтары қайта жанданып, «Бірлік» шағынауданының құ­рылысына атсалысты. 80 адам­нан құралған отряд баспанасыз қалған отбасыларға арналған 700-ге жуық үйдің 250-інің құ­рылысына айтарлықтай үлес қосты. 2025 жылы бұл бастама өз жалғасын тауып, жасақ мүше­лері нәтижелі жұмыс атқарды. Бұдан өзге де өткізілген іс-шара­лар жұртшылық тарапынан оң бағасын алды.

Қаз шаруашылығын дамыту бағытында да бірқатар маңызды жұмыстар жүзеге асырылды. «Ауыл» партиясының 25 жыл­дық мерейтойына орай «Auyl Fest. Қаз шаруашылығы» атты халықаралық этнофестиваль ұйымдастырылды. Аталған іс- шараға еліміздің түкпір-түкпірі­нен, сондай-ақ Ресей мен Ма­жарстаннан келген құс шаруа­шылығының білікті мамандары қатысты.

Ауылдың жойылып бара жатқаны жасырын емес. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында біз «Қаз хабы» жо­басын іске қостық. Игі бастама аясында ауыл тұрғындары айы­на 500 мың теңгеге дейін, тіпті 1 миллион теңгеге дейін табыс таба бастады. Ауылда жұмыссыз отырған азаматтар қаз өсіріп, кәсіппен айналысқысы келсе, «Ауыл аманаты» жобасы арқылы жеңілдетілген пайызбен несие алып, нәпақасын таба алады.

Жалпы ауыл тұрғындарының қалаға көшіп кетпеуі үшін бар­лық жағдайды жасауға күш са­лып жатырмыз. «Auyl Fest. Қаз шаруашылығы» фестивалін биыл да өткізуді жоспарлап отырмыз.

– Бір жылдары «AMANAT» партиясының өңірлік бөлімшесін басқардыңыз. Қазір «Ауыл» пар­тиясындасыз. Партия ауысты­руыңыздың себебі неде?

– Бұл жерде мәселе партия ауыстыруда емес. Мен ұзақ жыл­дар бойы ауылдық жерлерде қызмет атқардым. Ауданда жұ­мыс істей жүріп, ауыл тұрғында­рының тұрмыс-тіршілігін, елді мекендерден халықтың жаппай көшіп жатқанын көзбен көрдім. Осы тұрғыда «Ауыл» партиясы­ның ауылды сақтап қалуға ба­ғытталған нақты жобаларымен танысып, қолдан келгенше сол істің ортасында болғаным жөн деп санадым.

Әрине, «AMANAT» партия­сының да атқарып жатқан жұ­мыстары аз емес, ел дамуына қосып жатқан үлесі зор. Алайда ауыл менің жаныма жақын. Сондықтан осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп жатқан партия­мен бірге ауылдарды сақтап қа­лудың жолдарын іздегім келеді.

Жалпы алғанда, қай партия болмасын өз миссиясына сай жұмыстар атқарып келеді. Сон­дықтан партияларды бір-бірімен салыстырудың қажеті жоқ деп ойлаймын.

– Қызылжар, Ақжар, Мағжан Жұмабаев, Уәлиханов ауданда­рында әкім болдыңыз. Басшылық еткен кезеңдеріңізде қандай жұ­мыстарды атқардым деп мақта­нышпен айта аласыз?

– Қай ауданға барсам да, ең алдымен, жергілікті тұрғындар­дың әлеуметтік ахуалын, инфрақұрылымын және қолданыс­тағы нысандардың жағдайын зерделеймін. Халықтың нақты сұранысын анықтап, сараптама жасағаннан кейін ғана мәсе­ленің түйінін шешуге күш сала­мын.

Ақжар ауданына барғанда ең әуелі 1960 жылдары салынған, әбден тозығы жеткен аурухана ғимараты көзге түсті. Осыған байланысты жаңа аурухана салу мәселесін көтердім. Нәтижесін­де үш қабатты заманауи медици­налық мекеме салынып, бүгінде ел игілігіне қызмет етіп отыр. Сонымен қатар балабақша ғима­раты қайта қалпына келтіріліп, тұрғындарға пайдалануға берілді. Талшық ауылы халқының өтініші бойынша ауызсу мәсе­лесі де толық шешімін тапты.

Уәлиханов ауданына таға­йындалғанда мұндағы жағдай шынымен де жаныма батты. Игіліктердің басым бөлігі қалаға жақын аудандарға тиесілі бо­лып, шалғай елді мекендердің назардан тыс қалып жатқаны жасырын емес. Мұнда да ауруха­на ғимаратының ескіргенін көріп, жаңасын салу мәселесін көтердім. Қазіргі таңда құрылы­сы аяқталуға жақын, биыл 250 орындық аурухана пайдалануға беріледі.

Сонымен қатар Кішкенекөл ауылында бірде-бір көше ас­фальтталмаған еді. Көшелердің 70-80 пайызына асфальт төселді. Мектептер күрделі жөндеуден өтті. Аудан орталығында бала­лардың шомылатын арнайы орны болмағандықтан, бассейн салу бастамасын көтердім. Алға­шында мұндай нысан бірде-бір ауданда жоқ деп күмәнмен қара­ғандар болды. Дегенмен жоба­сын әзірледік. Кейін Мемлекет басшысының әр елді мекенде спорт кешені болуы тиіс деген тапсырмасынан кейін бұл баста­маның өздігінен жүзеге асып кеткеніне өзім де таңғалдым. Аталған спорт кешені де биыл ел игілігіне берілмек.

Қызылжар ауданы облыс ор­талығының іргесінде орналас­қандықтан, халықтың ментали­теті өзгеше. Кәсіпкерлердің ба­сым бөлігі – қаржылық мүмкіндігі бар жандар. Бескөл ауы­лы тұрғындарының көпшілігі қалада жұмыс істейді. Ақжар және Уәлиханов аудандарымен салыстырғанда жағдайлары жақсы. Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, түрлі үйірмелерге қатысуына мүмкіндік бар.

Ал шалғай аудандар үшін ауызсу мен жол мәселесінің шешілуі – үлкен қуаныш. Керегі – жол мен су. Қалғанын халық өзі-ақ еңсере алады.

Мағжан Жұмабаев ауданын­да да бірқатар жұмыстар атқа­рылды. Бұл өңірдің тұрғындары еңбекқор, өз-өзін қамтамасыз ете алатындай әлеуетке ие.

– Қазіргі таңда әкімдер сай­лауы өткізіліп жүр. Бұл саяси науқан ел өмірінде қандай рөл ат­қарады?

– Әкімдерді сайлау – дұрыс қадам деп ойлаймын. Алайда ауылдық округ пен аудан әкім­дерін сайлау үшін өткізілетін саяси науқандарға қыруар қар­жы жұмсалатынын да ескеруіміз керек.

Менің жеке пікірім, бұрын­ғыдай облыс әкімі ұсынған кан­дидатураны мәслихат арқылы бекіту жүйесі тиімдірек. Халық қалаулылары шешім қабылдаса, артық шығын да болмайды. Кей жағдайда тікелей тағайындалған әкімнің жауапкершілігі жоғары болып, нақты нәтижеге бағыт­талған жұмыстарды атқара ала­тынын да көріп жүрміз.

– Конституциялық реформа туралы пікіріңізді айта кетсеңіз.

– Құрылтай мен Халық ке­ңесінің жұмысы мазмұндық тұр­ғыдан бір-бірін толықтырып отырады. Осы арқылы «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын нақты іске асыруға мүмкіндік туады.

Құрылтай мен Халық кеңесі­не қатысты нормаларды заң жүзінде бекіту және екі органға да заң шығару бастамасы құқы­ғын беру – уақыт талабынан туындаған, жан-жақты саралан­ған шешім. Бұл құрылымдар шын мәнінде халық пен мемле­кет арасындағы байланысты кү­шейтеді деп сенемін.

– Экономиканы дамытатын негізгі бағыттардың бірі – туризм. Солтүстікте көрікті жерлер көп болғанымен, заманауи демалыс орындары жоқтың қасы. Ақ қа­йыңдар өлкесінің шұрайлы таби­ғатын толық пайдалана алмай отырғанымыз бізге сын емес пе?

– Көлі мен орманы мол, та­биғаты ерекше өңірде тұрып, де­малыс орындарының аздығы – расымен де сын. Әр ауданның өзіндік ерекшелігі, тарихи әрі табиғи әлеуеті бар. Мәселен, Уә­лиханов ауданында ашылған Қызылоба қорымының өзі-ақ ел тарихын тереңірек танытуға мүмкіндік берер еді.

Айыртау ауданындағы Сы­рымбет, Ботай, Имантау, Шал­қар секілді орындар, сондай-ақ Аққайың ауданы мен Соколовка маңайындағы табиғи аймақтар – туризмді дамытуға таптырмас нысандар. Егер тарихи-мәдени мұрамызды тиімді пайдалана білсек, ішкі туризмді де, сырттан келетін туристерді де тартуға то­лық мүмкіндік бар. Өйткені сая­хатшылардың басым бөлігі, ең алдымен, тарихи орындарға қы­зығушылық танытады.

– Қазір кез келген мерекеде марапат үлестіріліп жатады. Ала­тындардың көбі басшылар. Қара­пайым жұмысшы мамандар тасада қалып жатқан жоқ па?

– Марапаттың құны ешқа­шан жоғалмайды. Басшы бол­сын, қатардағы қызметкер бол­сын – әр азамат қолынан кел­генше елдің дамуына үлес қосып жүр. Мұндағы мәселе марапат­таудағы әділдікте. Кімге, қандай еңбегі үшін берілетіні қоғамдық кеңестерде, мәслихаттарда ашық талқылануы тиіс.

«Ауыл» партиясының төра­ғасынан әр елді мекендегі сауыншыны, жылқышыны, малшыны, яғни нағыз еңбек адамдарын марапаттау жөнінде нақты тапсырма алдық. Партия­ның 25 жылдық мерейтойында төсбелгімен марапатталған сәтте көз жасына ерік берген еңбек адамдары да болды. Жуырда партия төрағасы бір ауылға ба­рып, фельдшерлік-акушерлік пунктте жарты ғасырдан астам уақыт қызмет еткен, бірақ ешқа­шан марапат алмаған азамат ту­ралы естіп, Денсаулық сақтау министрлігіне хабарлап, арнайы төсбелгі табыстауға ықпал етті. Еңбек адамы үшін бұл – төгілген тердің, адал қызметтің бағала­нуы. Еңбегі еленген қарапайым жандар бұл қуанышын ауылдас­тарымен бөлісіп, үлкен мереке ретінде қабылдайды.

– Ашық әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp