Шайбалы хоккейден «Pro Hokei Ligasy» ел біріншілігінің кезекті сындарында жергілікті «Qulager» командасы өз алаңында елордалық «Almaty»-ны қабылдады.
Петропавл қаласында өткен кездесудің алғашқы ойынында айдын иелері сапынан Филипп Святына есеп ашты. Жеңіске үміттендірген әріптесінің жетістігін біраздан соң Евгений Попитич қайталап, қарсылас қақпасына кезекті шайбаны тоғытты. 36-минутта алматылық хоккейшілер есеп айырмасын қысқартқанымен, жерлесіміз Максим Первухиннің дәл соққысы ойын тағдырын шешті. Есеп – 3:1.
Келесі күнгі қарымта ойын да жерлестеріміз үшін сәтті өтті. Ойын бастала сала Илья Ахметов есеп ашса, біраздан кейін оған алматылықтар жауап қатты. Бұдан соң Владимир Репиннің голы қарсыластардың екпінін басса, Станислав Логинов ойынның 3:1 есебімен аяқталуына барын салды. Осылайша, екі ойында да жеңіске жеткен жерлестеріміз турнир кестесінде бесінші орынға көтерілді.
18-19 қараша күндері жерлестеріміз елордалық «Nomad» командасымен тартысқа түседі.