Петропавл қаласындағы “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешенінде Жамбыл ауданының тарихи-өлкетану музейінің “Alyp tulǵalar” атты жылжымалы көрмесі ұйымдастырылды. Сөз зергерлері Ғабит Мүсіреповтің, Сәбит Мұқанов пен Иван Шуховтың өмірі мен шығармашылығына арналған шараның ашылу салтанатына зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен жастар қатысты.
Ұлы дала мәнениетін ғасырлар бойы сақтап, халық даналығының “бесігі” бола білген өңіріміз – ақын-жазушыларға бай өлке. Шара барысында алып тұлғаларымыз Ғабит Мүсірепов пен Сәбит Мұқанов жайында көп мағлұматтар беріліп, туындыларына қысқаша шолу жасалды. Ардагер журналист Амандық Жантеміров қос қаламгердің өмірде қандай адам болғанын әңгімеледі. Ғабит Мүсірепов атындағы №43 орта мектептің оқушылары Егор Ивченко мен Александр Серядцкий жазушылар атындағы музейлердің бүгінгі тыныс-тіршілігі, олардың мұрасын насихаттау мақсатында атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады.
Көрме сөрелеріне танымал тұлғаларымыздың киген киімдері мен пайдаланған заттары және кітаптары қойылған. Мысалы, осы күнге дейін жеткен Сәбит Мұқановтың қолжазбалары мен хаттары сонау 60-шы жылдары жазылған екен. Көрермендер назарына жергілікті суретші Анатолий Бургаевтың “Ғабит пен Сәбит Иван Шуховтың үйінде” атты картинасы ұсынылды. Көрмеде алып тұлғалардың балалық шағында пайдаланған заттары да көрініс тапқан.