Бұрнағы күні облыс әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов “AsiaCredit Bank” акционерлік қоғамы филиалының ашылу салтанатына қатысып, оның өңіріміздегі банк секторының дамуына өз үлесін қосатындығына зор сенімін білдірді. Бүгінгі таңда облыста екінші деңгейлі банктердің 17 филиалы мен 76 құрылымдық бөлімшелері бар. Олардың көмегі арқасында өткен жылы облыс экономикасында өсім байқалған.
Ал негізі 1992 жылы қаланған “AsiaCredit Bank” АҚ 2009 жылға дейін қаржылық қызмет көрсету нарығында “Лариба Банк” Бірлескен Банк” АҚ ретінде танымал болған. 2009 жылы банк ребрендинг жүргізіп, өзінің атауын “AsiaCredit Bank” АҚ-ға ауыстырған. Жаңа атау, тың серпінмен жұмыс істеп жатқан банк біздің өңірде оныншы филиалын ашып отыр.
– Банк үшін Солтүстік Қазақстан облысының стратегиялық маңызы бар. Біз филиалымызды ашқанға дейін де бұл жерде жұмыс істедік. Несиелендіру қызметі бойынша 9 жобаны қаржыландырдық. “Даму” қоры жүзеге асырып жатқан бағдарламалар аясында бір жарым миллиард теңгенің 4 жобасын мақұлдадық, – деді “AsiaCredit Bank” АҚ-ның атқарушы директоры Санат Әбенов.
Өздерін ипотекалық кредиттеу мен лизингтік қаржыландырудың ұланы санайтын банк ірі және орта бизнеске, сондай-ақ, жеке кәсіпкерлер мен тұлғаларға қызмет көрсетуге әзір.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.