«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ÁZİL ÁLEMİ

 Құрдастар қалжыңы

Ұлы Отан соғысына бір ауыл­дан екі құрдас бір күнде аттанады. Аттары да ұқсас, біреуі Оспан бол­са, екіншісі Қоспан екен. Жар­ты жыл өткен соң Қоспан бір аяғынан айырылып елге оралады. Екі жыл­дан кейін Оспан бір көзден жара­ланып, мүгедек болып қайтады. Қандай жағдай болса да құрдас­тар­дың әзілі қалған ба, баяғы әдеттеріне басыпты. Құшақтасып көріскеннен кейін балдағына сүйе­ніп тұрған Қоспан: “Әй, соншама көзің шыққанша соғысатын не әкең­нің құны бар еді!” – депті. Та­ғы да жай тұрмай: “Тірі қалғаныңа шүкір, құрдас, бір басқа бір көз же­теді ғой”, – деп жұбатқан көрінеді.

“Немісті көрдім”

Көрші ауылда Ұлы Отан соғы­сына қатысып, аман-есен орал­ған, тіпті жараланбаған, кеудесіне екі медаль таққан Қали деген қарт өмір сүрді. Қалидың бар жұмысы солдаттардың киімдерін жуатын әйелдерге атпен су тасып, қазан­дыққа от жағу болыпты. Қан май­дан­ның ортасында болмағанын бі­ле­тін құрдастары: “Қали, сен қан­ша немістің көзін жойдың?” – деп сұрайтын көрінеді. Бертін келе құр­дастары Қалидың немереле­ріне: “Барып аталарыңнаң сұраңдар, өзі тірі неміс көрді ме екен”, – дейді екен қалжыңдап. Алғашқыда не­ме­релеріне жауап қатпай жүрген Қали бір күні шыдай алмай: “Неге немісті көрмейін, анау ұста Гер­ман­ды, першіл Карлды, диірменші Оттоны күнде көріп жүрмін ғой”, – деп соғыс кезінде Волга бойынан жер аударылған ауылдағы неміс­терді атай беріпті.

Әй, қазағым-ай!

2000-шы жылы Есіл ауданының орталығы – Явленка ауылында қазақ орта мектебі ашылды. Ма­ңай­дағы шағын ауылдарда мек­тептер жабылып, тұрғындары жаппай аудан орталығына қоныс ау­дарған кез болатын. Сол жылы Өз­бекстаннан да 20-дан астам отба­сы көшіп келген еді. Аудандық бі­лім бөлімінің басшысы ұжымда­ғы қызметкерлерге мектепке бара­тын балалардың тізімін жасауды жүк­тепті. Индира деген келіншек­ке ұзын бір көшені аралап шығу тапсырылады. Шілде айы болса керек, Индира әр үйдің есігін қа­ғып, шаршап, қара терге түседі. Кө­шенің орта тұсында бір үлкен үй­дің алдындағы теректің көлеңке­сінде әңгіме-дүкен құрып отырған екі қарияны көреді. Сәлемдесіп, ша­руасын айтады. Сонда бір қа­рия тұрып: “Менің мектепке бара­тын үш немерем бар, фамилия­лары Шауыпкелов, аттарын, туған күндерін дәл айта алмаймын”, – депті. Ал екінші қария: “Менің екі немерем де оқушы, фамилияла­ры Алыпқашев”, – деп жымиыпты. 

Қариялар қылжақтап отырған шығар деп ойлаған Индира: “Туһ, апайлар, мен ерігіп жүрген жоқ­пын, құжаттарын көрсетіңіздер”, – деп реніш білдіреді. Бір қызығы туу туралы куәлікте фамилияла­ры шын солай екен. Бұған та­ңырқаған Индира қариялардан ке­шірім сұрапты.
 

Ысқақ АРҚАЕВ.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp