«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ÁZIL ÁLEMI

ЖАПОНИЯНЫҢ ЖЕЛПУІШІ

Халқымыздың сыршыл ақы­ны Тұманбай Молдағалиевтың бірде Жапония еліне жолы түсіпті. Сол сапарынан Тұмекең әйеліне сыйлыққа әсем безендірілген, әлеміштеп боялған желпуіш ала келеді.

– Тұмаш, Жапониядан әкел­ген әлгі желпуішіңді сындырып алдым, – дейді бірде әйелі.

– Сынып қалғаны қалай? – дейді Тұмекең таңданып.
– Білмеймін… Әйтеуір сын­ды да қалды.
– Жапондар сынатын дүние жасамаушы еді ғой. Сен онымен қате желпіген шығарсың?
– Қате емес, кәдімгідей былай желпідім, – деп әйелі алақанымен желпіп көрсетеді.
Сонда Тұмекең мырс етіп:
– Жапонияның желпуішімен олай желпімейді. Желпуішті ұстап тұрып, басты шайқайды, – деген екен.


“Профессордың баласы емеспін ғой”

Профессор Ахмет Жұбанов пианинода бір шығарманы ойнап отырса қызы Ғазиза:
– Осы бір тұстағы нотаны ылғи қате аласыз, – депті. Сонда Ахаң пианино ойнауды тоқтатып, қызына бұрылып:
– Қызым-ау, мен сен сияқты профессордың баласы емеспін ғой! – деген екен.


Академиктің жауабы

Академик Ахмет Жұбанов ке­зекті бір кітабының қолжазбасын “Жазушы” баспасына тапсырады. Арада біраз күн өткенде автор баспаға келіп, кітабының редакторынан:
– Қарағым, қолжазбамды оқыдың ба? – деп сұрайды. Сонда аңқау редактор:
– Япырмай, Ақа, өте сауатты екенсіз, үтір-нүктесіне дейін өз орнында! – депті. Ақаң бұл сөзге болмашы ғана жымиып:
– Қайдан білейін, қарағым, осы жұрт мені академик деп жүр ғой, – деген екен.

Оралхан ДӘУІТ.
 

Өтірік өрге баспайды

“Soltústik Qazaqstan” газетінің редакциясында әр жылдары Нұр­­лан деген аттас жігіттер қызмет істеді. Бірі – Әлібаев, екіншісі – Қасымов. Бірде жұмысқа себепсіз келмей қойған Нұрлан Әлібаевтың тәртібі алқа отырысында талқыланатын болды. Отырыс басталар шақ жақындағанда жанын қоярға жер таппай әрі-бері жүрген әріптесіміз:
– Осындайда соғыс та басталып кетпейді екен, – деп бәрімізді күлдірген еді.
Ал екінші Нұрланның қылығы тіпті қызық. Ол бірде ауыл жақтан келген достарымен демалуды ұйғарады. Үйінде әке-шешесі, зайыбы, қызы бар. Жол жүретінін оларға айтайын десе үйіндегілер жібермеуі мүмкін. Неде болса, бір амалын ойластырады. Сөйтіп, хат жазып, редакцияның жүргізушісінен беріп жібереді. Хатында: “Мені Вьетнамға соғысқа жіберіп жатыр. Әскери комиссариат бізді жолға алып шықты, бағытымыз Смирново кенті, сол жерден пойызға отырғызбақ” – деп жазады.Үйіндегілер бұған не сенерін, не сенбесін білмей, аң-таң болады. Бұл, шынында да, Америка мен Вьетнам арасында соғыс жүріп жатқан кез болатын.
Нұрланның әкесі күнде Қызылжардағы мешітке түскі намазға келетін. Бір күні келініне:
– Келін, шырағым, мен бүгін көшеде редакцияның жігіттерін көрдім. Соғысқа жастарды ал­май, жасы үлкен Нұрланды неге жіберді екен, соны біліп келші, – дейді.
Сөйтіп, зайыбы Кәмиза Нұрланның қулығын әшкере қылды.


Амандық ЖАНТЕМІРОВ.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp