Beeline колл-орталығының операторлары енді Қазақстанның кез-келген өңірінен жұмыс істей алады. Осылайша компания тұрғындарға жаңа жұмыс орындарын ұсынуда. Бұл тәжірибе төтенше жағдай кезеңінде ғана емес, алдағы уақытта да қолданылмақ. Колл-орталығы үшін ғимарат жалдау ақысын үнемдеу есебінен қызметкерлер штатын біршама кеңейту жоспарланып отыр. Ал қоңырау шалған клиенттер үшін жауап күту уақыты қысқарып, туындаған сұрақтар жедел шешілмек.
«Бұл жұмысты біз санаулы күнде атқардық. Операторлардың басым бөлігі үйден жұмыс істейді. Бірінші кезекте біз клиенттерге сапалы қызмет көрсетуді және қызметкерлеріміздің денсаулығын қорғауды мақсат тұттық. Бұл кеңселерді ұнатпайтын және қашықтан жұмыс істегенді жақсы көретін жастар үшін жұмысқа орналасудың тамаша мүмкіндігі», – деді Beeline Қазақстанның сату және клиенттік сервис жөніндегі коммерциялық директоры Рауан Қабдрахимов.
Beeline колл-орталығы операторларды жұмысқа қабылдауды жалғастыруда. Компания қызметкерлерді оқытып, барлық қажет жабдықпен қамтамасыз етеді. Қандай бос жұмыс орны барын компанияның ресми сайтындағы «Мансап» бөлімінен көруге болады.
Әр оператор өз ауысымында үнемі байланыста болып, тарифтер бойынша кеңес береді, қызметтерді қосуға көмектеседі және басқа да сұрақтарға жауап береді.