ТҰЗАҚҚА ТҮСІРУ
Газетті оқитын да, оқымайтын да адамды бірден-ақ аңғару қиын емес. Бұған көп күш жұмсаудың қажеті шамалы.
Оқитын адам бір мақала жөнінде ой бөлісуге дайын тұрады. Ал, керісінше, газет бетіне көз салмайтын пенде, сұрай қалсаң, құнданып: “Байқамай қалып едім”, “Көзіме түспепті”, – деп жалтара бастайды.
Осы жақында қартаң, бірақ әлі де кәрілікке әл бергісі келмей сылаңдап, үсті-басын бәкезелеп жүретін бір ақсақалмен “Soltústik Qazaqstan”-ға жазылу жайында тілдесіп қалдым. Әдейі, тамырын басып көрейінші деген ниетпен ойдан шығарылған бірнеше тақырыптағы мақалаларды айта бастап едім, ол: “Байқамай қалыппын. Кітапханадан сұрастырайын”, – деп құтылмақ болды.
– Бәленшеке, анабір мақалада газет жаздырмайтын, оқымайтын бірнеше ақсақалдарды тізіп шығыпты. Ішінде сіздің де аты-жөніңіз бар екен. Сіз газетті “Алдырамын”, “Оқимын” деп едіңіз ғой, – дедім әдейі.
– Жазған кім екен?
– Ермек Асылбеков қой баяғы (ондай тілші жоқ. Ойдан шығара салғанмын – З.Ә.). Білмеуші ме едіңіз?
Фамилиясы таныс сияқты… Білетін сияқтымын, – деп күмілжи берді. – Ол өзі көптен істейді ғой! … ол ұзай берді. Бұрынғы “Әсемсіп, сәнсіп” (Абайдан – З.Ә.) жүретін, жалған күлетін күйі жоқ, әдемі қалпынан жаңылған сияқты.
Ойымнан данышпан Тоқсан бидің:
“Озар елдің адамы,
Отызында “Баспын!” дер,
Тозар елдің адамы
Тоқсанында “Жаспын!” дер”, – деген нақылы кетпей қойды. Үлкенсіп, үлгі көрсеткенсіп жүретін ақсақал тұзаққа түсіп қалғанын соңынан сезді.
ҰЙҒЫРЛАРДАН ҮЛГІ АЛСАҚ ЕТТІ!
Бүгіннен аттай қырық бес жыл бұрын – Ғылым академиясының Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қызмет істейтін кезім. Бірқатар ұйғыр азаматтарымен таныс болдым. Ең елеулісі – тіл маманы, академик Мұрат Хамраев. Өзгелері – әдебиет пен өнерге қатысы жоқ инженер-техник қызметкерлер.
Солардың бірі – институттың жылыту жүйесіне жауапты Сұлтан (тегі есімде қалмапты – З.Ә.) есімді жігіт ағасы. Бірде үйіне дәмге шақырды. Бейжай отырған қалпы, үстел үстінде жатқан “Коммунизм туғи” (“Коммунизм туы”) газетіне көзім түсті. Сол күнгі нөмірі. Бірақ сол күнгі жеті-сегіз газет жатыр.
– Сен таңғалма! Біз газетті отбасының әр адамына жаздырып аламыз. Өйтпесек газет жабылып қалады, – деді Сұлтан аға.
Енді бірде институттың сурет-дыбыс жазу зертханасында қызмет істейтін Тұрған және Уахаб атты жігіттердің үйлерінен дәм таттым. Мұнда да сол көрініс.
Келесі жолы ұйғыр әдебиетінің классигі Зия Сәмәдидің (1914-2000) 60 жасқа толуына арналған салтанатта Алматы облысы Ұйғыр ауданының орталығы Мұңжада болғанымда қызметтес Тұрған: “Мұнда әр шаңырақ ұлттық газетімізді жан басына жаздырып алады!” – деді жанарынан жалын атып.
Үлгі алатын, қуанышты жағдай! Осыны ағам Сафуан Шәймерденовке айтқанымда:
– Бұл ұйғыр деген – аса ұйымшыл ұлт. Бірінің сөзіне екіншісі құлақ асады. Ал біздің қазақ жазушыларының ішінде өзгені қойып, өзіміздің “Қазақ әдебиетіне” жазылмайтындар бар ғой. Жыл сайын газетке жаздырушыларды шырылдатып жүргені… Шіркін, ұйғырлардан үлгі алсақ етті!
“Soltústik Qazaqstan”-ды жан басы түгіл, әрбір қазақ отбасы жаздырып алса, “Тәубе!” дер едік…
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
ақын, Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі.