«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

BÚGİN AITAR SÓZ

ТҰЗАҚҚА ТҮСІРУ

Газетті оқитын да, оқымайтын да адамды бірден-ақ аңғару қиын емес. Бұған көп күш жұмсаудың қажеті шамалы. 

Оқитын адам бір мақала жөнін­де ой бөлісуге дайын тұрады. Ал, керісінше, газет бетіне көз салмай­тын пенде, сұрай қалсаң, құнданып: “Байқамай қалып едім”, “Көзі­ме түспепті”, – деп жалтара бастайды.

Осы жақында қартаң, бірақ әлі де кәрі­лікке әл бергісі келмей сы­лаңдап, үсті-басын бәкезелеп жүретін бір ақсақалмен “Soltústik Qazaqstan”-ға жазылу жайында тіл­десіп қал­дым. Әдейі, тамырын басып көрейінші деген ниетпен ойдан шығарылған бірнеше тақы­рып­тағы мақалаларды айта бастап едім, ол: “Байқамай қалыппын. Кітапханадан сұрасты­райын”, – деп құтылмақ болды.
– Бәленшеке, анабір мақалада газет жаз­дырмайтын, оқымайтын бірнеше ақсақалдарды тізіп шығыпты. Ішінде сіздің де аты-жөніңіз бар екен. Сіз газетті “Алдырамын”, “Оқимын” деп едіңіз ғой, – дедім әдейі.
– Жазған кім екен?
– Ермек Асылбеков қой баяғы (ондай тілші жоқ. Ойдан шығара сал­­ғанмын – З.Ә.). Білмеуші ме едіңіз?
Фамилиясы таныс сияқты… Бі­летін сияқ­тымын, – деп күмілжи берді. – Ол өзі көптен істейді ғой! … ол ұзай берді. Бұрынғы “Әсемсіп, сәнсіп” (Абайдан – З.Ә.) жүретін, жалған күлетін күйі жоқ, әдемі қалпынан жаңылған сияқты.
Ойымнан данышпан Тоқсан бидің:
“Озар елдің адамы,
Отызында “Баспын!” дер,
Тозар елдің адамы
Тоқсанында “Жаспын!” дер”, – деген на­қылы кетпей қойды. Үл­кенсіп, үлгі көрсеткенсіп жүретін ақсақал тұзаққа түсіп қалғанын со­ңынан сезді.

 

ҰЙҒЫРЛАРДАН ҮЛГІ АЛСАҚ ЕТТІ!

Бүгіннен аттай қырық бес жыл бұ­рын – Ғылым академиясының Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институтында қызмет істей­тін кезім. Бірқатар ұйғыр азамат­тары­мен таныс болдым. Ең елеу­лісі – тіл маманы, академик Мұрат Хамраев. Өзгелері – әдебиет пен өнерге қатысы жоқ инженер-тех­ник қызметкерлер. 

Солардың бірі – институттың жы­лыту жү­йесіне жауапты Сұлтан (тегі есімде қалмапты – З.Ә.) есімді жігіт ағасы. Бірде үйіне дәмге шақырды. Бейжай отырған қалпы, үстел үстінде жатқан “Коммунизм туғи” (“Коммунизм туы”) газетіне көзім түсті. Сол күнгі нөмірі. Бірақ сол күнгі жеті-сегіз газет жатыр.

– Сен таңғалма! Біз газетті от­басының әр адамына жаздырып аламыз. Өйтпесек газет жабы­лып қалады, – деді Сұлтан аға.

Енді бірде институттың сурет-дыбыс жазу зертханасында қызмет істейтін Тұрған және Уахаб атты жігіттердің үйлерінен дәм таттым. Мұнда да сол көрініс.

Келесі жолы ұйғыр әдебиетінің классигі Зия Сәмәдидің (1914-2000) 60 жасқа толуына арналған салтанатта Алматы облысы Ұй­ғыр ауданының орталығы Мұңжада болғанымда қызметтес Тұрған: “Мұнда әр шаңырақ ұлт­тық газетімізді жан басына жаздырып ала­ды!” – деді жанарынан жалын атып.

Үлгі алатын, қуанышты жағдай! Осыны ағам Сафуан Шәймерде­новке айтқанымда:

– Бұл ұйғыр деген – аса ұйым­шыл ұлт. Бірі­нің сөзіне екіншісі құлақ асады. Ал біздің қазақ жазу­шыларының ішінде өзгені қойып, өзіміздің “Қазақ әдебиетіне” жазылмайтындар бар ғой. Жыл сайын газетке жаздырушыларды шырылдатып жүргені… Шіркін, ұйғырлардан үлгі алсақ етті!

“Soltústik Qazaqstan”-ды жан ба­сы түгіл, әрбір қазақ отбасы жаздырып алса, “Тәубе!” дер едік…

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

ақын, Қазақстан Жазушылар

одағының мүшесі.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp