Кәсіпкерлікке қадам жасап, өз ісін дөңгелеткісі келгендерге бизнесті жүргізу жолдары мен ережелері, оған мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау туралы толық ақпарат алатын орталықтар жұмыс істейді. Солардың бірі екінші дейгейдегі банктерден несие алудың жолдарын бүгешігесіне дейін түсіндіретін “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ-ның Call-орталығы болып табылады. Оған Қазақстанның барлық қалалары мен аудандарының тұрғындары “1408” нөмірі бойынша телефон соғып, тегін ақпарат ала алады.
Естеріңізге сала кетсек, биылғы жылдың 17 сәуірінде “Бәйтерек” ұлттық басқарушы холдингі” АҚ және оның еншілес ұйымы – “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ шағын және орта бизнес субъектілерін қаржыландыру үшін 100 млрд. теңгені орналастыру туралы екінші деңгейдегі банктермен несие келісіміне қол қойған болатын. Құжатқа сәйкес аталған қаржыны екінші деңгейдегі банктер өңдеуші өнеркәсіп жобаларын іске асыратын шағын және орта бизнес кәсіпкерлеріне алты ай ішінде беруге тиіс. Ұлттық қордан бөлінген қаржы 13 коммерциялық банктерге орналастырылып, 50 млрд. теңге шағын және орта бизнестің жаңа жобаларына (оның ішінде 25 млрд. теңге азық-түлік өндірісі – тамақ өнеркәсібі жобаларын қолдауға), ал қалған 50 млрд. теңге жұмыс істеп тұрған қарыз алушыларды қайта қаржыландыруға бағытталып отыр.
Осы қаржыны игеру барысында Call-орталықтың операторлары несиенің құжатталуы және қарыз алушыға қойылатын талаптар, банктер туралы, жобаларға сараптама жасау шаралары жөнінде кеңейтілген ақпарат береді. Егер несие берушілер тарапынан жемқорлықтың белгілері көрініс тапқан жағдайды немесе қаржы беру үдерісі себепсіз тежеліп, кәсіпкер әуреге түссе, ол жедел түрде Call-орталығына немесе “Бәйтерек” ұлттық басқарушы холдингі” АҚ-ға хабарласып, мәселенің басын ашып алуына болады.
Гүлмира ЗЕЙНУЛЛИНА,
“Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ өңірлік филиалының менеджері.