
Соңғы жылдары Қызылжар өңірінде экономиканы дамытып, оның экспорттық әлеуетін көтеру мақсатында түрлі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда өңір өндірісінің тынысын ашатын 150-ден астам тың бастама қолға алынды. Отандық және шетелдік инвесторлардың құйған жеке қаржысы есебінен 42 жоба сәтті жүзеге асырылуда. Өңіріміздегі қасиетті қарашаңырақ, алғашқы саны шыққанына биыл бір ғасыр толған “Soltústik Qazaqstan” газеті “Tyń jobalar – óńirdiń jańa tynysy” атты жаңа айдар ашып, үздік инвестициялық жобалар туралы мақалалар жариялап тұрмақ. Алғашқы мақаламыз ауыл шаруашылығы техникаларын шығаруда әлемде озық саналатын немістің “Claas” компаниясының облыс орталығында салынып жатқан зауыты туралы.
2021 жылы Петропавл қаласында комбайндар, тракторлар және егін себу кешендері шығарыла бастайды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әлемдегі ауыл шаруашылығы техникасын шығарушылардың бірі – немістің “Claas” компаниясымен зауыт ашу туралы меморандумға қол қойды. Бұл жоба – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға сапары барысында қол жеткізілген келіссөздердің нәтижесі.
Бүгінгі таңда “John Deere”, “Pottinger”, “Lovol”, “Buhler”, “Ростсельмаш”, “Петербург трактор зауыты”, “МТЗ”, “Гомсельмаш” және тағы басқа бергісі ТМД, арғысы әлемге әйгілі ауыл шаруашылығы техникаларын өндірушілер Қазақстанға өз өнімдерін сатумен айналысады. Дегенмен, олардың бағасы тасымалдау құны мен түрлі салықтарды қосқанда шарықтап кетеді. Ортада алыпсатарлар да пайда көргісі келетіні тағы бар. Мұны шаруашылықтардың бәрінің бірдей қалтасы көтермейді. Сондықтан жерді емген диқандар арасында бағасы арзан, өнімділігі жоғары техника іздеушілер көп. Қаражаты аздар кеңестік заманнан қалған тозығы жеткен техниканы қысы-жазы жөндеп пайдалануға мәжбүр. Сондықтан отандық нарыққа кіргелі отырған германиялық компания фермерлердің қажеттіліктерін жауып қана қоймай, бірге ел бойынша импортты алмастыру көрсеткішін жақсарта түседі деген үміт басым.
“Claas” – ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын әлемге танымал компания. 1913 жылы негізі қаланған. Еуропа мен Азия елдерінде, АҚШ-та 14 зауыты бар. Барлығы 11 мыңнан астам адам жұмыс істейтін зауыттың өндіріс орындарында комбайндардың, тракторлардың және егіс кешендерінің түр-түрі шығарылады. Германиялық компанияның техникалары шетелде, негізінен, “LEXION Caterpillar” маркасымен танымал. Еуропалық ауыл шаруашылығы техникасының ең ірі өндірушісі 2005 жылы Ресейдің Краснодар қаласында зауыт ашқан болатын. Жылына 1 мың техника шығарарлық қуаттылығы бар кәсіпорын “Mega-350/360/370”, “Tucano” комбайндарын, “Atles 946 RZ”, “Xerion 3300 Trac” және “Axion” тракторларын құрастыруда.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Садықовтың айтуынша, отандық нарыққа кіргелі отырған зауыт “Xerion” маркалы трактор, “Horsh” егін себу кешендерін және “Tucano” маркалы комбайн шығаруды жоспарлауда.
– Облыс әкімдігі 2018 жылдан бері шетелдік инвестормен Қызылжар өңірінде зауыт ашу бойынша келіссөздер жүргізді. Жуырда қос тарап келісімге келіп, екіжақты меморандумға қол қойылды. Бұл – біздің өңір үшін үлкен жаңалық әрі маңызды оқиға. Петропавлда немістің сапалы комбайндары, тракторлары және егіс кешендері құрастырылатын болады. Келісімшарт бойынша инвестор өз мойнына қаржы құю және техника құрастыру міндетін алады, ал мемлекет отандық агробизнес өкілдеріне сатып алатын техника құнының 25 пайызын субсидиялайды. Облыс экономикасына салынған инвестицияның көлемі, шамамен, 3 млрд. теңгені құрайды. Шетелдік кәсіпорын іске қосылғаннан кейін отандық нарықта бағасы қолжетімді техниканың саны артады деп күтілуде, – дейді Нұржан Шнарұлы.
Әйгілі неміс компаниясының Қазақстан нарығына кіруі солтүстікқазақстандық диқандар үшін таптырмас мүмкіндік екені сөзсіз. Себебі, еңбек өнімділігін арттыру үшін астыңдағы техникаң да соған сай болуы қажет. Өкінішке қарай, бұл елімізде әлі күнге түйіні толық шешілмеген мәселелердің біріне айналып отыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының айтуынша, өңірде егіс алқаптарының көлемі жыл сайын артып келеді. Дегенмен, тракторлардың – 84, ал комбайндардың 68 пайызының тозығы жеткен. Яғни, шаруашылықтар ескі техникамен жұмыс істеуге мәжбүр. Олар көктемгі егіс және күзгі орақ науқаны кезінде жиі сынып, жұмысты тежейді, екінші жағынан, жанар-жағармай шығыны да көп. Он-жиырма жылдан артық қолданыста болған техника уақытында ауыстырылмаса, маңдай термен өсірілген астықты уақытында жинай алмай, қар астында қалуы ғажап емес. Мамандардың есептеуінше, жаңа техника шығынды орташа есеппен 20 пайызға азайтады екен.
Заманауи өндіріс орны соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан “Береке” шағынауданындағы халыққа қызмет көрсету орталығының жанында бой көтереді. Барлық цехтар 7 мың шаршы метр аумақта орналасады, зауыттың жалпы аумағы 7,3 гектарды құрайды. Жобаны “Claas” компаниясының Қазақстандағы ресми өкілі “СТ-Агро” ЖШС-і жүзеге асыруда. Қазіргі уақытта аталмыш компания бос тұрған нысандарды жөндеп, қайта құру жұмыстарын жүргізуде. Бірнеше айдан бері болашақ зауыттың аумағы қоршалып, мамандар арнайы техниканың көмегімен көп жылдан бері бос тұрып, тозығы жеткен нысандардың бетон тіректерін ауыстыру жұмыстарын жүргізуде. Бұдан бөлек, кәсіпорынның аумағын абаттандыру да қолға алынған.
Зауытты 2021 жылы ашу жоспарланып отыр. Алғашында 50 адам еңбекпен қамтылмақ, ал кәсіпорын толық қуатына көшкен кезде қосымша жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Келісім бойынша компания жобаны кезең-кезеңмен жүзеге асырады. Бірінші кезеңде “Tucano” комбайнын құрастыру жолға қойылмақ. Жобалық қуаттылыққа жеткен кезде кәсіпорын жылына 300 ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын болады. Алдағы уақытта зауытты тіркеу, нысандар мен цехтарды ретке келтіру, жаңа жабдықтар орнату, материалдық-техникалық базаны нығайту, электр желісін өткізу секілді ұйымдастыру жұмыстары атқарылады. Содан кейін инвестор техникалық қызметкерлерді даярлау мәселесіне көңіл бөлмек.
Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, соңғы бес жылда жергілікті шаруашылықтар 6 мыңнан астам техника сатып алыпты. Ал жыл басынан бері облыстың машина-трактор паркі 9,4 млрд. теңгенің 578 техникасымен толықтырылды. Дегенмен, жыл сайын бар техниканың тек үш пайызға ғана жаңаратынын ескеретін болсақ, бұл көлге тамған тамшыдай ғана екені сөзсіз. Атақты неміс компаниясы диқандар сұранысының бір бөлігін өтеп, облыстағы машина-трактор паркін жаңарту бойынша жағдайды жақсарта түседі деп үміттенеміз. Бұған дейін салтанатты түрде тұсауы кесіліп, соңы сұйылып кеткен, тіпті, кейбірі жабылып тынған өндіріс орындарының жолын қайталамаса болғаны.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
СУРЕТТЕРДЕ: “Claas” зауытының макеті; “Петропавлспецкоммунстрой” ЖШС-нің жұмысшылары құрылыс барысында.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.
Еркебұлан МӘМБЕТОВ,
“Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігінің бас директоры:
– “Claas” – әлемге танымал компаниялардың бірі. Олардың сапалы техникасын білмейтін шаруашылық жоқ шығар. Концерннің ел нарығына кіруі көп нәрсені аңғартады. Олар Қазақстанның, оның ішінде Қызылжар өңірінің үлкен әлеуетін көріп отыр. Сондықтан ұзақмерзімді, табысты және өзара тиімді келісім жасалды. Шетелдік инвестордың ауыл шаруашылығы техникаларын шығару бойынша жобасы мен үшін жағымды жаңалық болды.
Жергілікті диқандар биыл 2,8 млн. гектарға – дәнді дақыл, 955,4 мың гектарға майлы дақыл септі. Соның бәрін ысырапсыз жинап алу үшін тозығы жеткен техниканы уақытында жаңартып отыру маңызды. Қысы-жазы бір тоқтамай мінілетіндіктен темір де тозады. Сондықтан машина-трактор паркін жаңа техникамен толықтырып отыруды ұмыт қалдыруға болмайды. Күзде мол астық жинауды алдыңа мақсат қойсаң, техникаңды жаңарту керексің. Бұл – бүгінгі күннің талабы. Біздің серіктестіктегі тракторлар мен комбайндардың барлығы су жаңа деп айта алмаймын. Басқа шаруашылықтарда да жағдай мәз емес. Неміс концерні шығаратын техниканың бағасы нарықтағыға қарағанда қолжетімді болатын болса, сатып алуға әзірміз.
Ірі жоба толығымен жүзеге асырылып, алдағы уақытта солтүстікқазақстандық агроқұрылымдардың жаңа техникаға деген сұранысын қамтамасыз етсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Жомарт ОМАРОВ,
“Шағала-Агро” ЖШС-нің бас директоры:
– Өңірде тың жобалардың жүзеге асырылып жатқаны қуантады. Бұл индустриялық әлеуетіміздің артқанын аңғартады. Әлемдегі ауыл шаруашылығы техникасын шығарушы озық компаниялардың бірі – “Class”-пен келісімшарт жасалып, біздің облыста зауыт салынып жатқаны айтулы жетістік. Ырыздық-несібесін Жер-анадан тауып, ала жаздай танап басында жүретін диқандар үшін бұл – жақсы жаңалық. Жалпы, әрбір серіктестік осындай техникалармен жұмыс істеуі керек. Шағын шаруашылықтардың шетелден жаңа комбайндар сатып алуға қауқары жетпейді. Отандық нарыққа кіргелі тұрған “Class” компаниясының ауыл шаруашылығы техникалары біздің өңірде құрастырылып қана қоймай, оны сатып алушыларға демеуқаржы берілетіні – жергілікті кәсіпкерлер үшін үлкен қолдау.
Біздің өңірде 4,5 миллион гектар жер бар. Бұл – үлкен алқап. Оны өңдейтін ауыл шаруашылығы техникалары өзіміздің өңірде шығарылуы керек. Екіншіден, жаңа жұмыс орындары ашылып, облыстың бюджетіне қомақты қаржы құйылады. Жалпы, біздің облыста ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамуда. Ел егемендік алған алғашқы жылдармен салыстырғанда қазір жағдай түзелді. Жыл сайын субсидия алып, мал басын көбейтудеміз. Шаруашылықтардың өркен жаюына жан-жақты қолдау көрсетіп жатқан мемлекетке алғысымыз шексіз. Дегенмен, Үкіметке қол жайып, қарап отыру да дұрыс емес. Әр кәсіпкер Отанымыздың дамуына үлес қосса, еліміздің әлеуеті де жақсара түсері анық.
Алтынбек САПАРОВ,
“Ноғайбай” ЖШС-нің бас директоры:
– Ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын немістің “Claas” компаниясының өнімдерін әлем бойынша пайдаланатындар өте көп. Облыс басшылығының 2018 жылдан бері осы шетелдік компаниямен Қызылжар өңірінде зауыт ашу бойынша келіссөздер жүргізгенін жақсы білеміз. Бүгіндері Петропавлда салынып жатқан зауыт – сол екі жылда атқарылған жұмыстардың нәтижесі. Енді келесі жылдан бастап өңірімізде комбайндар, тракторлар және егін себу кешендері құрастырыла бастайды. Инвестициялық жобаның сәтті жүзеге асуына шетелдік әріптестеріміздің тартылғанына қуаныштымын. Өз басым бұған дейін ғасырдан астам тарихы бар германиялық компанияның 7 комбайнын сатып алған болатынмын. Олар жұмыс барысында өз тиімділігін көрсетті. Сенімді көмекшімізге айналды десем, артық айтқандық емес.
Жерді оңтайлы пайдаланып, несібеге кенелу үшін техниканы жаңарту ләзім. Өкінішке қарай, бүгіндері диқандардың көбі тозығы жеткен техниканы пайдалануға мәжбүр. Облыс орталығында салынып жатқан зауыттан шығатын техникалар бұл олқылықтың орнын толтыратындығына сенімдімін. Өйткені, бағасы арзан, өнімділігі жоғары комбайндар мен тракторларды іздеп, шекара асудың қажеттілігі болмайды. Сондықтан отандық нарыққа кіргелі отырған германиялық компания диқандарға елеулі көмек көрсетеді деп үміттенемін.