«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Derekter men dáıekter

Еліміздің алғашқы Конституциясы 1926 жылы 18 ақпанда КСРО құрылғаннан кейін 1925 жылғы РСФСР Конституциясы ескеріле отырып, ҚазАКСР Орталық Атқару Комитетінің қаулысымен түпкілікті редакцияда қабылданды. Өйткені, бұл кезде Қазақстан РСФСР-дың бір бөлігі болатын. Бұл негізгі заң басқару нысанын, мемлекеттік құрылысты, саяси режімді, мемлекеттік билік органдарының құрылымын, атқарушы-өкім беруші органдарын бекітті. Сайлау құқығының, бюджеттік құқықтың негізгі бастаулары айқындалды. Осы басты заңға сәйкес Қазақстан РСФСР құрамындағы толық құқықты республика болып танылды.

* * *

1937 жылдың 26 наурызында Кеңестердің Бүкілқазақстандық Төтенше Х съезінде қабылданған Қазақ КСР Конституциясы 11 бөлім мен 125 баптан тұрды. Онда “КСРО Конституциясының 14-бабынан тыс Қазақ КСР өзінің егемендік құқықтарын толық сақтай отырып, мемлекеттік билікті өздігінен жүзеге асырады” делінген. Құжатта экономикалық, саяси қорғаныс салалары бойынша өзара ықпалдастықты іске асыру мақсатында басқа да тең құқылы республикалармен еркін түрде одақтасу құқығын иеленді. Сот ісі қазақ тілінде, ал басқа ұлт өкілдері шоғырланған аудандарда олардың ана тілдерінде жүргізілуі тиіс болды.

* * *

1978 жылы 20 сәуірде ІХ шақырылған республика Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс VІІ сессиясында қабылданған Қазақ КСР Конституциясы кіріспеден, 10 бөлімнен, 19 тараудан және 173- баптан құралды. Конституцияға сәйкес бүкіл өкімет билігі жұмысшы, шаруа және еңбек интеллигенциясы таптарына жататын халықтың қолында болды. Жұртшылық есінде “кемелденген социалистік қоғамның конституциясы” ретінде қалды.

* * *

Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Ата Заңы 1993 жылы 28 қаңтарда ХІІ шақырылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің ІХ сессиясында қабылданып, оның негізіне парламенттік республика моделі алынды. Конституция Қазақстан мемлекеттік егемендік алған сәттен бергі құқықтық нормаларды қамтыды (халықтық егемендік, мемлекет тәуелсіздігі, билікті бөлісу принципі, қазақ тілін мемлекеттік тіл, Президентті мемлекет басшысы деп тану және т.б.).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp