КЕЗЕКТІ ЖЕҢІС
Аса ауыр салмақта жұдырықтасатын қазақстандық кәсіпқой боксшы Иван Дычко шаршы алаңдағы кезекті жеңісіне қол жеткізді.
Ол АҚШ-тың Флорида штатындағы “Hard Rock” аренасында америкалық былғары қолғап шебері Рэй Остинмен (29-9, 18 КО) кездесті. Рэй Остин – украиналық боксшы Владимир Кличконың бұрынғы қарсыласы. 2007 жылы ол ауыр салмақтағы “IBF” және “IBO” чемпиондық белбеулері үшін Кличкомен жұдырықтасып, екінші раундта жеңіліс тапқан еді.
Бокс кешінде Иван Дычко қарсыласын соққының астына алған. Осылайша, алты раундқа жоспарланған жекпе-жек Остиннің бас тартуынан кейін үшінші раундта аяқталды. Бұл – Дычконың кәсіпқой шаршы алаңдағы сегіз жекпе-жектегі сегізінші жеңісі. Барлығын да мерзімінен бұрын аяқтаған.
Осы жеңістен кейін қазақстандық кәсіпқой боксшы өз дивизионында 16 сатыға жоғарылады.
ЭЛИЗАБЕТ — ҮЗДІК ОНДЫҚТА
Элизабет Тұрсынбаева әлем мәнерлеп сырғанаушыларының үздік ондығына кірді.
Халықаралық конькишілер одағы (ISU) 2018/2019 маусымынан кейін мәнерлеп сырғанаушылардың жаңартылған рейтингін жариялады. Элизабет Тұрсынбаева – алтыншы орында. Ол екі маусым қорытындысы бойынша 3108 ұпай жинаған. Ал жекелеген маусымда Элизабет төртінші орынға тұрақтады.
Ұпай есептеу барысында Олимпиада ойындары мен өткен маусымдағы әлем чемпионаттарының, сондай-ақ, Гран-при кезеңдері мен өзге де халықаралық жарыстардың үздік нәтижелері санаққа алынды.