«Ашықтық. Айқындылық. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл». Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыс бойынша департаменті, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, прокуратура және полиция департаменті өкілдері жиналған «дөңгелек үстел» басындағы жиында талқыланған тақырып осы болды.
Бүгінгі таңда солтүстікқазақстандық полицейлер 32 үкіметтік емес ұйымның өкілдерімен өзара бірлесіп әрекет етуде. Полицейлердің жұмысын цифрландыру да сыбайлас жемқорлықты жоюға септігін тигізеді. Бұған қоса бейнежетондар арқылы патрульдік полицияны қашықтықтан бақылауды енгізу жоспарланып отыр. Бүгінгі күні өңірдегі патрульдік полицияның барлық экипажы бейнетіркегіштермен жабдықталған. Сондай-ақ, жұмыс барысында планшеттер тиімді қолданылып, оның көмегімен электронды хаттамалар толтырылып жүр.
«Басты басымдылығымыз – тұрғындармен диалог және адамдардың өтініштеріне жедел ден қою. ІІМ тапсырмасы бойынша әлеуметтік желілердегі ашылған парақшалар біздің ашықтығымыздың бір көрінісі», – деді полиция полковнигі Нұрлан Құрманов. Бұдан былай қарай “Facebook” әлеуметтік желісінде облыстық полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаевқа, оның орынбасары полиция полковнигі Қапез Дәулетбаевқа, өзіндік қауіпсіздік басқармасы бастығы полиция полковнигі Нұрлан Құрмановқа жүгінуге мүмкіндік бар.
Облыстық полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасында 61-26-89 “сенім телефоны” жұмыс істейді. Оған полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері туралы хабарлауға болады. Сонымен қатар, осындай мәселелермен ҚР ІІМ 1402 бірыңғай сенім телефонына да хабарласуға болады.