«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

JÚREKTEN SHYQQAN JYLY SÓZ

ЫНТЫМАҚТЫ ЕЛДІҢ ЫРЫСЫ МОЛ

Көпұлтты Қазақстан мемлекетіндегі түркітілдес ағайындарымыздың әрқайсысы Наурыз мейрамын өз салт-дәстүрлеріне сүйене отырып қарсы алады.

Бұл мерекенің біздің халқы­мыз үшін орны ерекше. Наурыз – жыл басы. Сондықтан ең әуелі дастарқанның мол болуына ба­са назар аударамыз. Ал ол дас­тарқанымыздың сәнін келтіре­тін негізгі тағам – “ашура” деп ата­лады. Бұл тойымды, тәтті әрі пайдалы асты басқа күндері де әзірлейміз, дегенмен Наурыз мейрамы қарсаңында оны қыз-келіншектер ерекше дәмді қы­лып жасауға тырысады. Жал­пы біз бұл мерекеге дайындық­ты бір апта бұрын бастаймыз. Яғ­ни, көктемнің алғашқы күнде­рін­де үйді тазартып, мүмкінді­гінше жаңа жиһаздар алып, бар­лығын жаңартуға тырысамыз. Сондай-ақ, салт-дәстүрге сай бұл күні біз от жағып, оның үсті­нен жеті рет секіруіміз керек. Не­гі­зінде аталған рәсім жыл өткен сайын ұмытыла бастауда. Де­ген­мен, көпшілік бұл дәстүр адамға же­тістік әкеледі деп сенеді. Осы­лай 22 наурызды той-думанмен берекелі дастар­қан басында өткізгеннен кейін, 23-і күні таза киім­дерімізді киіп, мәң­гілік са­парға аттанған туыс­та­рымыз бен жақындарымыз­дың басына барып, Құран ба­ғыштаймыз.

Бір шаңырақтың астында та­тулық пен бірлікте өмір сүріп жатқан барша қазақстандықтар мен өзге этнос өкілдерін жыл басы – Наурыз мейрамымен құт­тық­таймын! Жаңарту мен жа­сам­паздықтың бастауы, ырыс пен ынтымақтың арқауы болған әз-Наурыз қажырлы еңбек­те­ріңізге толағай табыстар әкел­сін!


Диляра ХАСАНОВА,
“Түрік мәдениеті” қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары.

ТІРШІЛІК ЖАҢАРАТЫН КҮН

Ақтың молаятын, нұрдың молығатын, тіршіліктің жаңара­тын, өмірдің жаңғыратын, пейілдің түзелетін, көңілдің кеңи­тін кезеңі – Наурыз мейрамы қазақ халқы үшін де басты мере­келердің бірі екенін жақсы білеміз. Өкінішке қарай, елдегі тө­тенше жағдайға байланысты биыл бұл күнді жылдағыдай әр ұжымда, білім ордаларында, әр аулада тойлауға мүмкіндік жоқ. Дегенмен, адамдар бұл күнді елеусіз қалдырмай, отбасымен ұлттық тағамдар дайындап, мол дастарқан жайып, қарсы алуы тиіс деп ойлаймын.
Әзірбайжандар – өзінің ұлттық салт-дәстүріне жоғары құрметпен қарап, оларды атаусыз қалдыр­майтын халықтың бірі. Наурыз ме­рекесі бізде “Новруз-байрам” деп аталады.
Шаңырағының астына отызға жуық этномәдени бірлестікті топ­тас­тырып отырған облыстық ас­самблея да бұл мейрамды атап өту­ге айрықша мән береді.
Ұлы күннің Әзірбайжанда қа­лай тойланатынына да тоқталып өтсем деймін. Наурыз мерекесіне дайындық ерте басталады. Үй ау­лалары тазаланып, ағаш отырғы­зы­ла­ды, жаңа киім тігіледі, жұмырт­қалар боялады, тәтті-дәмділер мен ұлттық тағамдар дайын­да­лады. Әрбір шаңырақ өз дас­тар­қанына бидай тұқымынан өсі­ріл­ген жасыл өскіндер қояды. Бас­қа да көптеген халықтар­дағы се­кілді, Әзірбайжанда Нау­рыз от­ба­сылық мейрам болып есепте­ле­ді. Жаңа жыл молшылық әкелсін де­ген ниетпен үстелге көп­теген әр­түр­лі тағамдар қойыла­ды. Мей­рам үш күн тойланады жә­не көп­шіліктің серуенімен аяқта­ла­ды. Адамдар ұлттық киімдерді киіп, халық әндері мен билерін орын­дайды, спорт түрлері бойын­ша жарыстар өткізіледі.


Чингиз КУРБАНОВ,
Әзірбайжан қоғамдық мәдени бірлестігінің төрағасы.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp