«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

JYR-SHASHÝ

Өзіңді мақтан етем мен

Бір ғасыр бұрын қадамын нықтап бастаған,
“Бостандық туы” серпілтіп көпті тастаған.
Алыптар салып кеткен бұл соны сүрлеуде,
Құрыштай болып шынықты небір жас қалам.

Мағжандай ақын негізін мықтап қалаған,
Смағұл, Сәбит өшпейді бүгін санадан.
Жақан мен Ғалым газеттің кіріп отымен,
Төрінде жырдың тұлпардай болып жараған.

Сафуан газет шашбауын биік көтерген,
Ақын да шықты қазақы сөзден от өрген.
Имене кіріп, қаламдас тапқан кезімнен,
Ардақты ұжым, өзіңді мақтан етем мен.

Жүзжылдық тарих – білгенге заңғар даналық,
Қарайды бізге жолдарын берген сан алып.
Кедейдің сөзін сөйлеген сонау кейіппен,
Бір ғасыр бойы жарқылдап жатыр жаңалық…

Нұрсайын ШӘРІП, ардагер журналист.

Көз көрген қаламдастар

Керегі жоқ даңғара, дабыраның,
Өткеніңнің маған да бәрі мәлім?!
Қалам тартып газетте бірге жүрген,
Әріптестің барлығын сағынамын.

Өтті өмірден бірі ерте, бірі кейін,
Маған олар әлі де тірідейін…
Арамызда көзі жоқ қаламдасқа,
Тағзым етіп, тағы бір иілейін.

Қанша қымбат болса да арыстарым,
Қозғамай-ақ тым әрі алыстарын.
Жыр жазуға тұрарлық жүрегімнен,
Көз көргенді құрметтер бар ұстаным.

Қандай еді ер Мәлік – Майдан ағам,
Қайда дауыл іздейтін, қайда боран?
Сын сағатта кететін отқа түсіп,
Жеке бастың қамын еш ойламаған.

Ағып тұрған қос тілге сұңғыла еді,
Қара сөздің шебері, жыр жүрегі.
Тірі болса, шіркін-ау, ортамыздан,
Шығар ма еді жарқ етіп, кім біледі?!

Айтуға бәрі жеңіл жүз жылдасын,
Тарихын бірақ бұрын бұздырмасын.
Жақсы қолда ұстады деп білеміз,
Уәп пен Бақыт ағалар тізгін басын.
Ортамыздан тапқамыз жалынды ерді,
Майдангерлер біздерге тәлім берді.
Рашид пен Мұқаметқали білген емес,
Беті қайтып, кейінге шегінгенді.

Дүйсенбі қиыстырса сөз өрнекті,
Қылыштай көруші едік және Ермекті.
Сабыр ағам жүрсе ылғи сабырланып,
Сәркен сері болды ғой өнерге епті.

Арамызда думанды құрған базар,
Мереке мен Қайырбек, Құрман да бар.
Өз ісінің шебері Әмір қандай,
Жүйрік еді-ау Қошқарбай  жырдан жазар…
Қайта шолып кешегі сөз орманын,
Жадымдағы көп жайды назарладым.
Кешіріңдер, көз көрген қаламдастар,
Түгел түстеп бәріңді жаза алмадым!

Тоқтар ЗІКІРИН, ақын, Қазақстан Жазушылар  одағының мүшесі.

Жүзе бер ақпараттың айдынында

Осы кезден тура бір ғасыр бұрын,
Торлаған бұлт артынан ашылды күн.
Бұл газет содан бері қалың елдің,
Арқалап келе жатыр асыл жүгін.
Смағұл, Мағжандарды ел біледі,
Аңсағаны Алаштың теңдігі еді.
Халқымның санасына сəуле құйып,
“Бостандық туы” болып желбіреді.

Жиып бар жаңалықты алыс қырдан,
Жар салып күллі өңірге көп іс қылған.
Бір ғана баспасөздің парағында,
Қаншама тағдырларды тоғыстырған.

Сəбит пен Сафуаннан мұра болдың,
Шабысын берсін саған Құлагердің.
Келеді заманымның жаршысы боп,
Киелі шаңырағы мынау елдің.

Жая бер кең далаға өркеніңді,
Өзіңсіз көре алмаймын ертеңімді.
Бірге жасау керексің халықпенен,
Себебі жолыңда көп тер төгілді.

Сан саладан сыр шертер бір данасы,
Қадіріңді біле ме қыр баласы?
Жүзе бер ақпараттың айдынында,
Жүзжылдық тарихымның жылнамасы!

Диас АЯҒАН,
Ерік Асқаров атындағы ақындар орталығының шәкірті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp