КҮМІСПЕН КҮПТЕЛДІ
Қазақстандық танымал мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева Қытайда өткен “Shanghai Trophy” турнирін күміс медальмен қорытындылады.
Ол қысқа бағдарламада – 69,24, еркін бағдарламада 116,65, жинады. Нәтижесінде Элизабет екінші орынды иеленді.
Биыл әлем чемпионаты, дүниежүзілік универсиада және “Төрт құрлық біріншілігінде” күміс медаль еншілеген Элизабет Тұрсынбаеваның Шанхайдағы көрсеткіші жанкүйерлердің көңіліне ерекше қуаныш ұялатқаны сөзсіз. Себебі, ол жарақатына байланысты алты айға жуық мұз айдынына шыққан жоқ. Міне, ұзаққа созылған үзілістен соң отандасымыз дүбірлі додада тағы да үздіктер қатарынан көріне білді.
Теннисшілер тартысы
Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева Қытайдың Тяньцзин қаласында өтіп жатқан “WTA” турнирінің 1/16 финалында өнер көрсетті.
Алғашқы айналымда отандасымыз 24 жастағы австралиялық Астра Шармамен кездесті. Тартысты өткен матч 1 сағат 59 минутқа созылып, 2:1 (6:1, 1:6, 7:5) есебімен қазақстандық спортшының пайдасына шешілді. Осылайша, қазақстандық теннисші жарыстың 1/8 финалына шықты.
Тағы бір отандасымыз Александр Бублик Шанхайдағы “АТР” іріктеу турнирінің финалына жолдама алды. Александр жартылай финалда жапониялық Есихито Нисиокиды жеңген болатын. Бұл кездесу бір сағатқа созылды. Есеп – 2:0 (6:3, 6:2).
ҚАРСЫЛАСЫ ОН ЖАС ҮЛКЕН
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Садриддин Ахмедов (9-0,8 КО) биылғы 25 қазан күні Мексика боксшысы Джонни Наварретемен жұдырықтасады.
Өзінен он жас үлкен былғары қолғап шеберімен кездесетін Садриддин Ахмедов – жеңілістің ащы дәмін татып көрмеген боксшылардың бірі. Ал мексикалық болса, бірнеше кездесуінде ұтылған және жекпе-жектерінің көбін өз елінде өткізген.
Садриддин Ахмедов соңғы жекпе-жегінде мексикалық боксшы Даниэль Вега Котамен қолғап түйістіріп, нокаутпен жеңген болатын.