Қымбатты жерлестер!
Сіздерді ең жарқын мерекелердің бірі – Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын! Бұл күн бізге, бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан жүзі басқа болса да жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір сан алуан ұлт өкілдеріне, еңселі еліміздің әр азаматына ерекше қымбат. Қазақстандықтардың достығын, ынтымақ-бірлігін “алтын қазына” деп бағалаған Тұңғыш Президент – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев оны көздің қарашығындай сақтау қажеттігін атап көрсеткен болатын.
Әлем халықтарының біздің еліміздегі бейбітшілік пен келісімді, мәдениеттер мен діндердің диалогын эталон ретінде қабылдап отырғаны қуанарлық жай.
Үстіміздегі жылғы 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі коронавирус пандемиясына орай карантиндік іс-шараларды өткізуге байланысты төтенше жағдай кезінде аталып өтіледі.
Осындай күрделі кезеңде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халық пен экономиканың барлық секторларын жан-жақты қолдауға бағытталған бұрын-соңды болмаған ауқымды әлеуметтік-экономикалық шаралар қабылдады.
Мереке күндері блок-бекеттердегі әскери қызметшілерге, дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне, шекарашыларға, полицияға, еріктілерге ерекше алғысымды білдіремін.
Нақ осы дағдарыс жағдайында Қазақстанның “Әр алуандықтағы бірлік” моделі туындаған қиындықтарды табысты және тиімді еңсеруге, үдемелі дамуды қамтамасыз етуге мүмкіндік бере отырып, өзінің бәсекелестік артықшылығын айқын және шынайы дәлелдеп берді.
Оған “Nur Otan” партиясының “Biz birgemiz!” атты бірыңғай республикалық акциясы дәлел бола алады. Акция барысында аз қамтылған көпбалалы отбасылар, ерекше қажеттіліктері бар тұлғалар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен жалғызілікті қарт адамдар түрлі көмекпен, соның ішінде азық-түлік жиынтығымен, медициналық препараттармен, қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілді. Өңірдің 11000 тұрғынына көмек көрсетілді.
Қымбатты достар! Алдағы мереке күндері сіздерге жаңа тың күш, нық сенім сыйласын!
Сіздерге, туыстарыңызға және жақындарыңызға бейбітшілік пен жақсылық, денсаулық пен амандық тілеймін!
Құмар АҚСАКАЛОВ,
Солтүстік Қазақстан
облысының әкімі.