Құрметті солтүстікқазақстандықтар!
Қымбатты ардагерлер мен әскери қызметкерлер!
Барлықтарыңызды Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!
Жеңіс күні – ТМД елдері ғана емес, бүкіл әлем халқы үшін маңызды, жан тебірентер ардақты мерекелердің бірі. Бұл – қан майданда қаза тапқандарды құрметпен еске алатын күн. Бұрынғы КСРО елдері үшін Ұлы Жеңіс фашизмді жеңген түрлі ұлт өкілдерінің бірлігі мен отансүйгіштігінің символына айналды.
Соғысқа аттанған 1 миллион 200 мың қазақстандықтың жартысы майдан даласында қаза тапты. Соғыс жылдары 500 отандасымыз Кеңес Одағының Батыры атанды, 100-ден астамы “Даңқ” орденінің толық иегері болды. Олардың ішінде Кеңес Одағының Батыры атанған 55 және “Даңқ” орденінің толық иегері болған 11 солтүстікқазақстандық бар.
Соғыстың алғашқы күндерінен-ақ біздің жерлестеріміз әскер қатарына қосылды. Атақты 314-ші атқыштар дивизиясы, негізінен, петропавлдықтар мен біздің аудандар тұрғындарынан құралған еді.
Ұлы Отан соғысындағы ірі шайқастардың бәріне дерлік солтүстікқазақстандықтар қатысып, әскердің барлық түрлерінде, партизан жасақтарында да соғысты.
Соғыстың алғашқы жылдарында Петропавлға жиырма зауыт пен фабрика және басқа да кәсіпорындар көшірілді. Соғыс кезінде қалада төрт әскери госпиталь жұмыс істеді, онда дәрігерлер мен медбикелер жараланғандар мен науқастарды емдеп, қайтадан сапқа тұрғызды.
Ұлы Отан соғысы жауынгерлерінің, тыл еңбеккерлерінің ерліктері болашақ ұрпақ үшін Отанға деген шексіз құрмет пен сүйіспеншіліктің сарқылмас көзі болып қала береді.
Жеңіс мерекесі қарсаңында біз Отан қорғаушылар күнін атап өтеміз. Осының өзі майдангерлер мен қазіргі Отан қорғаушылар арасындағы даңқты дәстүрлердің сабақтастығын көрсетеді.
Қазіргідей күрделі эпидемиологиялық жағдайда біздің әскер коронавирус пандемиясымен күрестің алдыңғы шебінен табылды.
Ел Президенті – Жоғарғы Бас Қолбасшының тапсырмасы бойынша армия карантиндік іс-шараларға тартылды.
Әскери қызметкерлер Ұлттық ұлан және полиция бөлімшелерімен бірлесіп, қоғамдық тәртіпті патрульдеуге, карантиндік аймақтардың блокбекеттеріне, ауруды жұқтыру қаупі бар аумақтар мен нысандарды санитарлық өңдеуге қатысуда, ардагерлер мен мұқтаж отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетуде.
Мен барлық әскери қызметкерлерге антына адалдығы, Отанға қалтқысыз қызмет еткендігі үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Отанымыздың игілігі жолындағы еңбектеріңізге табыс, бейбітшілік пен амандық тілеймін!
Құрметті жерлестер! Біздің өміріміздегі ең құнды нәрсе – бейбітшілік пен ынтымақтастық, тыныштық пен тұрақтылық.
Бейбіт және бақытты өмір сыйлаған аталарымыз бен әкелеріміздің, әжелеріміз бен аналарымыздың мәңгілік ерлігінің алдында бас иеміз.
Қымбатты ардагерлерімізге ұзақ өмір, мықты денсаулық, рух сергектігін тілеймін!
Ұлы Жеңіс – біздің мәңгілік жадымызда!
Құмар АҚСАҚАЛОВ,
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.